“Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады” деген нақыл сөзден халқымыздың ықылым замандардан-ақ білімнің қадірін білгендігін аңғару қиын емес. Бұл күнде осы аталы сөздің өзектілігі артпаса, кеміген жоқ. Еліміздің өркениетті алпауыт мемлекеттерден қалыспай, тең қадам басуы үшін болашақтың тұтқасын ұстар білімді ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің міндеті. Еліміз егемендігін алып, етек-жеңін жиды, оның одан әрі өркендеуі қоғамымыздың әр азаматының еңбегіне, біліміне, жауапкершілігіне байланысты. Елбасы осындай жан-жақты дамыған білімді, елжанды, еңбекқор, өзінің атқарған ісіне жауапкершілікпен қарауды азаматтық парызы санайтын ұрпақ тәрбиелеуді білім беру саласы қызметкерлеріне жүктеді. Бұл үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай да жасалуда. Облысымызда білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында атқарылып жатқан игі істер жайлы облыстық білім басқармасының бастығы Орал Қаппасовтан білген едік.
– Орал Қабиұлы, “Ел болам десең, бесігіңді түзе!” дегендей, бала тәрбиесі бесіктен басталатыны анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша қабылданған “Балапан” бағдарламасында 2020 жылға қарай балаларды мектепке дейінгі білім берумен және тәрбиемен 100 пайыз қамту көзделген. Біздің облыста бұл жағдай қалай іске асуда?
– Балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту мәселесіне қатысты облыста 2010-2014 жылдарға арналған жоспар әзірленді. “Балапан” бағдарламасы бойынша 2010-2011 жылдар аралығында 7405 бүлдіршін мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылды. Үстіміздегі жылдың басынан бері облысымызда мектепке дейінгі мекемелер ашу және кеңейту есебінен 1365 орын пайдалануға берілді, оның ішінде 657-сі “Балапан” бағдарламасы бойынша жүзеге асты. Соның ішінде Петропавл қаласында “Балапан” бағдарламасы аясында 482 орын ашылды.
2012 жылдың 1 қарашасындағы көрсеткіш бойынша мектепке дейінгі мекемелер жүйесі 577-ге жетті. Оның 71-і – балабақшалар, 2-еуі – “мектеп-балабақша” кешені және 504-і – шағын орталықтар. Бұларда 22895 бүлдіршін тәрбиеленіп жүр. Облыс бойынша 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз ету деңгейі 85,2%-ға жетті.
Балаларды мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамтамасыз ету мен дамытуға жеке кәсіпкерлер де өз үлестерін қосып келеді. Қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалансақ, 2015 жылға дейін 3-6 жас аралығындағы барлық балаларды мектепке дейінгі білім беру және тәрбиемен қамтитын боламыз.
– 12 жылдық оқыту моделіне көшуге дайындық қалай жүзеге асуда?
– Облыста 2003-2004 оқу жылынан бастап 12 жылдық білім беруге кезең-кезеңмен көшу эксперимент түрінде жүргізіліп келеді. Оған 4 ауылдық және 2 қалалық мектеп тартылды. Олар Петропавл қаласындағы әл-Фараби мектеп-лицейі мен №5 орта мектеп және Явленка №3 ОМ (Есіл ауданы), Новоишим ОМ (Ғ.Мүсірепов атындағы аудан), қазақ тірек мектеп-интернаты (Шал ақын ауданы), Бескөл №2 орта мектебі (Қызылжар ауданы) негізінде жұмыс істеп тұр. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, 12 жылдық білім беру моделін енгізу және жоғары (11-12-сынып) сынып оқушыларына бейіндік білім беруді ұйымдастыру бағытында жүйелі жұмыс атқарылу үстінде. 12 жылдық білім беру жүйелеріне енетін жалпы білім беретін мектептерді ұтымды етіп қайта құру, материалдық-техникалық базаларын нығайту және дамыту, педагог кадрларды қайта даярлау, олардың ғылыми-әдістемелік әлеуеттерін арттыру бойынша кезең-кезеңмен жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Мұғалімдер 12 жылдық білім беру бойынша қысқамерзімді курстардан өткізілуде. Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, облыста кадрлық әлеуеті мен ресурстары жеткілікті жалпы білім беретін орта мектептер, жалпы пішіндегі мектеп-интернаттар негізінде бейіндік оқытуды ұйымдастыру жоспарланып отыр.
– Елбасы білім сапасын арттыру үшін ең алдымен үш ауысыммен оқытатын мектептерді жою қажеттігін айтқан болатын. Біздің облыста бұл мәселе қалай шешілуде? Зияткерлік мектептер желісін дамыту мәселелері ше?
– Біздің өңірде Тайынша ауданының Тайынша қаласындағы және Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишим ауылындағы қазақ орта мектептеріндегі орын тапшылығына байланысты бұл елді мекендерде 2013-2014 оқу жылында мектеп ғимараттарын салу жоспарда бар.
Үстіміздегі оқу жылында Қызылжар ауданындағы Бескөл мектеп-гимназиясы мен Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-гимназиясы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін енгізу үшін базалық мектептер болып белгіленді. Бұл білім ошақтары Назарбаев Зияткерлік мектептерінің педагогтерімен тығыз байланыс орнатып, жұмыс істеуде. Олар тәжірибе алмасу бойынша өткізілетін семинарлар мен ғылыми-практикалық конференцияларға белсене қатысады. 2015 жылдан бастап осы тәжірибе элементтері білім беру саласына енгізілетін болады. Петропавл қаласында Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Назарбаев Зияткерлік мектебінің құрылысы жүріп жатыр.
– Озық технологияларды алға бастыру үшін білім беру мекемелеріне электронды оқыту (e-learning) енгізілуде. 2012 жылы еліміз бойынша 581 мектеп электронды оқытуды пайдаланбақ. Соның ішінде біздің облыс мектептері бар ма?
– Барлық жалпы білім беретін мектептер компьютерлендірілген және әрбір үшіншісі кеңжолақты ғаламтор желісіне қосылған. Білім беру мекемелерінің 60-сы үстіміздегі жылы электрондық оқытуға қосылатын болады. Ол аумақтық шектеулерден құтқарып, оқытудың алуан түрлі әдіс-тәсілдері мен жоғары сапалы білімдік материалға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Жалпы білім беретін мектептердің материалдық-техникалық базалары нығайтылуда. Олардың 36%-ы жаңа үлгідегі кабинеттермен жабдықталған, әрбір екіншісінде лингофондық-мультимедиалық кабинет пен интерактивті тақта орнатылған.
Осының барлығы Тұңғыш Президентіміз – Елбасы тапсырмасымен жүзеге асып жатқан игі шаралар. Қазақстанды әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосу міндеті тұрған шақта білім беру жүйесін жетілдірудің маңызы зор. Өйткені, біз болашақтың иелері болатын білімді ұрпақты тәрбиелеп жатырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.