«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕНІҢ АРМАНЫМ – ҚАЗАҚСТАНДА ЕҢБЕК ЕТУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орай облыс мектептерінің оқушылары арасында бірнеше тақырыпта шығармалар сайысы өтті. Осы сайыста “Менің арманым – Қазақстанда еңбек ету” аталымы бойынша Айыртау ауданы №1 Саумалкөл орта мектебінің 9 “Б” сынып оқушысы Жазира Жаналина 1-орынды жеңіп алды. Назарларыңызға осы шығарманы ұсынып отырмыз:

Қасым Аманжолов ағамыз:

“Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің,

Нендей күйге жүрегімді бөледің”, деп жырлаған қазақ жері – менің де қасиетті мекенім. Ата жұрт, атамекен – мағынасы аса кең ұғым. Ол – ата-бабаларымыздан бері қарай әрқайсымыздың кіндік қанымыз тамып, өсіп-өнген жеріміз, өмірде көретін қызығымыз бен бақытымыздың тұрағы. Біздің халқымызда туған жерді қасиет тұту – қанымызға сіңген мінез, салт-сана, ежелгі дәстүр. Бұл таным жанымызға ана сүтімен тарап, ана тілімізбен дарыған.

 

Туған жеріміздегі жайнаған гүлдер, жайқалған шалғындар, жасыл желек жамылған ормандар, сылдыраған бұлақтар, керіліп жатқан кең дала, жарық ай, жарқыраған жұлдыздар, мөлдір аспан, күлімдеген күн – осының бәрі өмірімізді жан рахатына бөлейді. Осындай құдіретті жерде өмір сүріп, еңбек ету – мен үшін үлкен бақыт.

Елбасы: “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” атты бағдарламалық мақаласында еңбекке ерекше баға беріп, барша қазақстандықтарды ел игілігі жолында тер төгуге шақырды. Ол үшін елімізде жұмыс орындары құрылып, жаңа өнеркәсіп орындары салынуда. Жұмыссыз жүрген жастарға да мол мүмкіндіктер беріп отыр. Елбасы атап көрсеткендей, қанша жыл өтсе де еңбек мектебін ұмытпауымыз керек. Кәсіби еңбек жолын жұмысшыдан бастаған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаяны – қазақстандықтарға үлгі-өнеге. Елбасы еліміздің дамуында әрбір адамның өмірден өз орнын табуы, Отанына пайдалы болуы керектігін ісімен дәлелдеп берді. Қазақстанның қоржынына жеті алтын салған спортшыларымыздың еңбегі – осының айғағы.

Еңбек мектебі біздің алдыңғы буын өкілдерінде қалыптасқан. Жастық шағынан еңбекке қызу араласқан, бүгінде Социалистік Еңбек Ері атанып, жерлестерінің зор құрметіне бөленіп жүрген Тұрлыбек Әбілпейісовтің өмір жолы көпке үлгі. Ауданымызда аға жолын қуған қаншама кәсіпкерлер өз еңбегінің зейнетін көріп отыр.

Өзімнің кіндік қаным тамған, шыр етіп дүниеге келген жерім – тамылжыған табиғаты бар Айыртау өңірі. Бұл қасиетті жердің топырағында хас батырлар Қарасай мен Ағынтай, саяхатшы, этнограф, фольклоршы Шоқан Уәлиханов, ақын-сазгер Ақан сері мен Үкілі Ыбырай сияқты бабаларымыздың ізі қалған.

Мен осы бабаларымның ізін жалғастырушы, елдің ертеңімін. Ата-баба рухынан нәр алып, дәстүріме берік, халқыма адал еңбек етіп, Отанымның одан әрі өркендеп-өсуіне күш-жігерімді саламын. Тәуелсіздіктің тура жолы – білімде деген қағиданы ұстанамын. Менің бүгінгі еңбегім оқуым деп білемін. Қорыта айтқанда, менің арманым – Қазақстанда, өз елімде адал еңбек ету және елімнің белді азаматы болып, туған жерімнің кірпіші болып қалану.

Жазира ЖАНАПИНА,

№1 Саумалкөл орта мектебінің

9 “Б” сынып оқушысы.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp