«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІМІЗДІҢ СЕНІМІН АҚТАУ – БІЗГЕ СЕРТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Ер мерейі – ел мерейі. Басшысының мәртебесі биіктеген сайын, елдің абыройы да асқақтай береді”, деген сөздерді ата-анамнан көп естуші едім. Мен де осы сөздермен толықтай келісемін. Елбасы – саяси тұлға, ел мерейін көтеретін дара тұлға. Мұндай саясаткерлер әлемде сирек кездеседі. Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін Тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес еді. Ол ата-бабаларымыздың еліміздің бір пұшпақ жері үшін жан берісіп, жан алысқан күресінің, 1986 жылғы Желтоқсан кө­терілісінің қанымен жуылған сындарлы жол еді. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген­дік­пен дер кезінде іске асырған саясатының арқасында еліміз тығырықтан шыға білді. 1991 жылы 16 желтоқсанда қазақ елі өзінің аңсаған Тәуелсіздігін алды. Осындай жылы хабар қалың халықтың жүрегіне үміт отын жақты. Осы сәтте бейбітшілік, еркін өмірге апаратын есік ашылды. Қазақ елі қараңғылық тұманынан көз ашқандай болды.

Иә, бұл бақытты күн әр адамның көкейінде мәңгі сақталады. Қазақстан халқы қиын-қыстау кезеңде ел тізгінін Нұрсұлтан Назарбаевқа сеніп тапсырды. Президент ел сенімін ақтап, Қазақстанды биік белес­тер­ге көтерді десем, қателеспеймін. Бүгін әлемде “Қазақстан жолы” деген ұғым орнығып отыр. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды тек аймақ көлемінде емес, жаһан­дық көлемде де күшті мемлекетке айналдырды. Оның куәсі ретінде еліміздің бас қаласы – Астана қаласын айтуға әбден болады.

Жазғы демалыс кезінде ерке Есіл бойындағы елорда ғимараттарын аралағанда, кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Астанамыздың әсем ғимараттары, зәулім үйлері алыстан мен мұндалап шақырып тұрғандай. Мен өзімнің келешегімді Астана қаласымен байланыстырмақ болып отырмын. Болашағы зор жастар қаласында білім алу – мен үшін үлкен абырой. Қазақ мектеп-гимназиясын жақсы тамамдағаннан кейін, Астанадағы белді оқу орындарының біріне оқуға түсуге қазірдің өзінде дайындықты бастап та кеттім. Өйткені, Елбасы біздің болашағымыз үшін бар жағдайды жасап жатыр. Назарбаев Университетінде оқыған дәрісінде Тұңғыш Президентіміз оқимын, білім аламын, жұмыс істеймін деген жастарды қолдап, оларға зор сенім білдіретінін атап өтті. Сол сенімді ақтау – бізге серт.

Мадина НҰРҒАЗИНА,

қазақ мектеп-гимназиясының

8-сынып оқушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp