«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЧЕХОВ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫЛАРЫ қазақ тіліне жетік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгiнгі таңда аралас мектеп туралы түрлі пікір айтылуда. Сол себепті облысымыздағы бір аралас мектептің жағдайымен танысуды жөн көрдік.  

Осы оқу жылында өңірімізде 133 аралас мектеп жұмыс істеуде. Соның бірі Уәлиханов ауданының Ақбұлақ ауылында орналасқан. Аталмыш ауданға іссапарымыздың барысында Чехов орта мектебіне арнайы соқтық.

Осы оқу жылында Чехов орта мектебінде 110 бала білім алуда. Оның 81-і – қазақ сыныптарының оқушылары.

 

– Бұл мектеп 1965 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ал қазақ сыныбын 1993 жылы ашқан болатынбыз. Ол жылдары қазақ сыныбына бала жинау қиын еді. Жергілікті қазақтардың өздері балаларын бермей, бізге: “Онда шаруаларың болмасын” деген еді, – дейді мектеп директоры Тамара Вьюшкина.

Десек те, әупірімдеп ашылған қазақ сыныбына өткен 19 жылдың ішінде ата-аналар балаларын өздері әкеліп беретін болған. Бұл қоғамдық сананың өзгергендігі де. Әрі Чехов орта мектебінде қазақ тілін оқыту жақсы жолға қойылған. Сол себепті, орыс тілінде білім алатын балалар бір-бірімен қазақша еркін сөйлеседі. Оған ауылдың көшесінде жас келіншектен жөн сұрағанымызда, бізге қазақ тілінде жауап бергенінде көз жеткіздік.

– Қазақ тілінің жоғары деңгейде үйретілуіне мұғалімдердің еңбегі зор. Осы орайда қазақ тілі пәнінің мұғалімі Маржан Әбілкәрімованы атап өткім келеді. Қазіргі таңда қазақ сыныбында 10-нан астам өзге этнос өкілдерінің балалары білім алуда. Тіпті, кейбір ата-аналар мемлекеттік тілде білім алып жүрген оқушыларды көріп, кезінде өз балаларын қазақ сыныптарына бермегендеріне өкінеді. Әрине, балаларға сәл қиындау. Бірақ олардың үлгерімі жақсы. Өздері тырысып, тапсырмаларды орындап, мұғалімдерімен тығыз жұмыс істейді. Мен өз немеремді де қазақ сыныбына бердім. Ол сондай-ақ 3 жылдан бері домбыра үйірмесіне қатысып жүр, – дейді Тамара Вьюшкина.

– Немереңізді қазақ сыныбына беруіңізге не түрткі болды?

– Мен өмір бойы Қазақстанда өмір сүріп келемін. Мектепте де, екі жоғары оқу орнында оқығанымда да, бізге қазақ тілін үйреткен жоқ. Ал тоқсаныншы жылдары әр өзге этнос өкілін: “Менің Отаным қайда?” деген сауал толғандырды. Мен де осындай күйде болдым. “Менің Отанымды қалай анықтайды?” деген сауал мазамды алды. Мен Қазақстанда туып, осы жерде білім алсамдағы, мемлекеттік тілді білмеймін. Басымнан осындай жағдайды өткерген кезде алдыма алдағы уақытта немерелерім қазақ тілін білетін болады деген мақсат қойып едім. Немерем де мен сияқты Қазақстанда туды. Бірақ ол қазір қазақ тілінде білім алып жүр. Ол менің Отаным – Қазақстан деп сенімді айта алады, – дейді Тамара Вьюшкина.

30 мұғалім еңбектеніп жүрген мектеп кадрлардың қатарын өз түлектерімен толықтыратын көрінеді. Жыл сайын түлектері ҰБТ-дан жақсы ұпай жинап, еліміздің жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастырып жатқандығын мақтанышпен айтқан мектеп басшылығы қосымша білім беруге де тоқталды.

– “Абайтану”, “Мағжантану” сияқты қосымша сабақтар, драмалық, домбыра, бейнелеу өнері үйірмелері, спорттық секциялар жұмыс істейді. 2006 жылы осы мектепте жазғы спорт ойындары өткен болатын. Сол кезде біздің спорттық алаңдарымыз ретке келтірілді. Содан бері балалар толыққанды спортпен шұғылдана алады. 2005 жылы мұражай ашқан едік. Оқушылар өз еріктерімен мұражайға жәдігерлер жинауға өз үлестерін қосып келеді. Көп жылдан бері мектепте оқушылардың ғылыми қоғамы жұмыс істейді. Оқушы оқу жылының басында мұғалімімен ақылдасып, бір тақырыпты таңдап, оны жан-жақты зерттейді. Көктемде оқушылар ғылыми жұмыстарын біздің алдымызда қорғайды. 2009 жылы шағын орталық ашылды. Бүгінде мектепалды даярлықпен 25 бала қамтылған. Күні ертең шағын орталықтағы өзге этнос өкілдерінің балалары да қазақ сыныбында білім алуы әбден мүмкін. Бұған қазір ешкім таңғалмайды. Қазір жергілікті ата-аналар мемлекеттің жүргізіп отырған саясатын жақсы түсінеді. Алдағы уақытта қазақ тілінде білім алыңдар, деп ешкімді мәжбүрлеп, не болмаса кеңес бермейтін боламыз, – дейді мектеп директоры Тамара Вьюшкина.

Уақыт өткен сайын Чехов орта мектебінің жанындағы қазақ сыныбында оқушылардың қарасының көбеюі заманның талабы қандай екендігін көрсетеді. Осы жерде егер 1993 жылдары ұлттық келбетімізден айрыламыз деген үреймен Чехов орта мектебінің жанынан қазақ сыныбын ашпасақ, қаншама бала өзге тілде білім алып, қаншама этнос өкілдерінің балалары қазақ тілін білмес еді?! Ал қазір аралас мектептегі қазақ сыныбындағы бала санына қарап, алдағы уақытта оның таза мемлекеттік тілде білім беруге көшуі әбден мүмкін екендігін аңғаруға болады.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp