«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЖАБЕРГЕН ЖЫРАУ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП өз мәртебесін көтеруге дайын ба?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда облыс орталығында көптеп-көмектеп жүріп ашылған қазақ мектептеріне бала санын толтыра алмай, қаламыздағы зиялы қауым өкілдері үй-үйді аралап, насихат жүргізіп, оқушы жинағаны есімізде. Бүгінгі күні қоғамымызда мемлекеттік тілге деген көзқарас өзгерді. Үстіміздегі оқу жылында облыстың 585 мектебі жалпы саны 73126 баланы білім нәрімен сусындатып отыр. Оның ішінде 146 таза қазақ және 133 аралас мектептердегі қазақ сыныптарында 21374 оқушы мемлекеттік тілде білім алу үстінде. Таза қазақ тілінде дәріс беретін мектептердегі оқушылар саны – 14767. Оның 344-і – өзге ұлт өкілдерінің балалары. Арада өткен 20 жылдан астам уақыт ішінде жергілікті тұрғынынан өзге ұлт өкілдері басым Петропавл қаласындағы қазақ тілінде білім беретін мектептер саны 7-ге жетіп, онда өз ана тілінде білім мен тәрбие алып жүрген бала саны 4256-ны құраған. Қаланың ортасында бастапқыда-ақ білім ордасы ретінде бой түзеген, тарихтың талай сүрлеуінен өтіп, Тәуелсіздігіміздің арқасында 1996 жылы өзінің төл міндетіне қайта кіріскен Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп те осылардың қатарында. Білім ошағының қазіргі жайын мектеп директоры Сайран Мұстафинадан білген едік.

 

– Сайран Бикенқызы, “Қайтып келген малдың қайыры бар” демекші, жалпы орта білім беретін мектеп болып қайта бой түзегендеріңізге де он алты жыл болыпты. Бұл мерзім тарих өлшемімен аз болғанымен, білім ордасы үшін қыруар уақыт болса керек. Кешегі тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған шәкірттеріңіз бүгінде ат жалын тартып мінер азаматтар атанды. Ендеше, осы аралықта білім ошағының аяғынан тік тұрып, жеткен жетістіктерімен бөліссеңіз?

– Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары, дәлірек айтсақ, 1996 жылы өзінің бұрынғы мәртебесін қайтып алып, қазақ мектебі болып қалыптасуына сол жылдары білім ошағының тізгінін қолына алып, аяғынан тік тұрып кетуіне бар күш-жігерін жұмсаған Әдия Ахметованың сіңірген еңбегі өлшеусіз. Алғашқы қалыптасу жылдарындағы кедергілерден еш қаймықпаған Әдия Ысқаққызы білім ошағын он жылдан астам уақыт басқарды. Одан кейін басшылыққа келген Майгүл Мұхамеджанова да, мен де сол кісінің алған атақ-абыройын қолдан бермеуге тырысып келеміз. Мектебіміз 350 оқушыға шақталған. Осы күні 551 бала оқып жүр. Бізге қаланың кез келген шағын ауданынан балалар қатынап оқиды. Мектебіміз жалпы білім беретін оқу ордасы болғандықтан, біз оларды сабақ үлгеріміне қарай таңдамаймыз. Сондықтан, балалардың білім сапасы да әртүрлі. Дегенмен, 2007-2008 оқу жылындағы білім сапасы, яғни тек 4 пен 5-ке оқитындар 34% болса, қазір ол көрсеткіш 46%-ға жетті. Былтырғы оқу жылында оқушыларымыз түрлі деңгейлердегі олимпиадалар мен сайыстарда 23 жүлделі орынға ие болды. Соның ішінде қазақ тілінен өткен республикалық “Жарқын болашақ” сайысында – үш, ағылшын тілінен өтетін халықаралық “Британ бульдогі” сайысынан – 9 орын, орыс тілін тереңдетіп оқыту бойынша қашықтықтан өтетін “Русский медвежонок” сайысына бірінші рет қатысып – бір, математика пәнінен бастауыш сыныптар арасында өтетін “Кенгуру” сайысынан 2 жүлделі орындарға ие болдық. Былтырғы жылы осындай сайыстардың барлығын жинақтасақ, мектеп оқушылары әртүрлі 54 сайысқа қатысып, 105 жүлделі орынға ие болған екен.

– Өнегелі ұстаздан өрелі шәкірт өрбиді. Ұстаз қаншалықты қабілетті болса, оқушы да соншалықты талапты болмақ. Демек, мектептегі оқушылардың білім сапасына қарап мұғалімдердің де біліктілігін бағалауға болатын шығар?

– Мектепте 48 мұғалім бар. Оның 15-і – жоғары, 12-сі – бірінші және 17-сі екінші санатты ұстаздар. Жоғары және бірінші санатты мұғалімдердің сапалық көрсеткіші 56 пайызды құрайды. Педагогтердің негізгі бөлігі – орта жастағы тәжірибелі мұғалімдер. Жоғары оқу орындарынан теориялық білім алып келген жас мамандарға тәжірибелі мұғалімдерден тәлімгерлер бекітіледі. Бұл тәжірибе өз жемісін беріп те жүр. Білім ошағының мәртебесі гимназия, лицейлерге қарағанда төмен болғандықтан, жалақысы да олардан төмен. Соған қарамастан, бізге келген жас мұғалімдер ұжымға бірден сіңісіп кетеді. Бізден мамандар отбасылық жағдайына немесе қызмет бабымен жоғарылағанда ғана кетеді. Мұның өзі ұжымда жайлы ахуал қалыптасқанының белгісі дер едім. Оқу жылы жаңа басталса да, айтуға тұрарлық жетістіктеріміз бар. Әйгерім Қожахметова деген мұғаліміміз республикалық “Тіл дарын – 2012” конкурсынан екінші орын алып келді. Бастауыш сыныптар оқушылары арасында өткен “Нұрлы көжек” ғылыми жобалар сайысында Алмагүл Сатыбалдинованың шәкірті Батырхан Жаров екінші орынды жеңіп алды. Информатика пәнінің мұғалімі Майра Сәрсенованың оқушылары СҚМУ-дің ақпараттық жүйелер кафедрасының күндері аясында өткізілген сайыста 1, 2, 3-орындарды еншіледі. Сонымен қатар ұжымымызда “Шапағат” медалінің иегері Қалқаман Қарабатыров, “Құрмет белгісі” орденінің иегері Райхан Сұрағанова, республикалық, халықаралық сайыстардың жүлдегері Серхан Батай, халықаралық “ЮНЕСКО” сайысының жеңімпазы Қуаныш Тілеукин сынды тәжірибелі ұстаздар еңбек етеді. Олар бүгінде өздерінің ізбасарларын тәрбиелеп жүр.

– Мектептің материалдық-техникалық жабдықталуы көңілдеріңізден шыға ма?

– Мектебімізде интерактивті тақта 7-еу. Оның екеуі физика, биология кабинеттерімен келген. Бұл тақталар орыс тілі, қазақ тілі, география, математика сияқты негізгі пәндер жүретін кабинеттерге бекітілген. Бұл технологиялардың мұғалімдердің шығармашылықпен жұмыс істеуіне, оқушылардың қабілеттерін арттыруға көмегі мол. Бастауыш сыныпта да интерактивті тақтамен жұмыс жиі жүреді. Өткен оқу жылында 3-сыныпта ана тілінен Жанат Нұғыманова, 9-сыныпта математика пәнінен Гүлнәр Шегебаева online режімінде республикалық сабақтар өткізді. Мектебіміз “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ филиалы СҚО педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтының іс-тәжірибелік орталығының тәжірибелік алаңы болып табылады. Жылына біліктіліктерін арттыруға келген ұстаздарға 5-6 семинар-сабақтар өткіземіз. Мұндай сабақтар, әсіресе, ауылдық мектептерден келген мұғалімдерге технология пәнінен жиі өткізіледі. Осындай семинарлар бастауыш сыныптарда, директорлардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына, қазақ тілі, орыс тілі, психолог, әлеуметтік педагог мұғалімдеріне де өткізіліп, олардың алғысын алдық. Демек, біздің мектебіміз қала, облыс, республика көлемінде үлгілі сабақтар көрсетуге жарайды. Оған біздің мектептің мұғалімдерінің де, оқушыларының да білімі жеткілікті және материалдық-техникалық базасы сай.

– Облыстық мәслихаттың бесінші шақырылымының VIII сессиясында депутаттар тарапынан Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің мәртебесін көтеру туралы ұсыныс білдірілген болатын. Білім ошағының басшысы ретінде осыған көзқарасыңызды білдірсеңіз…

– Мектептің мәртебесін көтеру туралы облыстық деңгейде мәселе көтеріліп жатса, біз оған, әрине, қуаныштымыз. Мектеп ашылғанына 16 жыл болды. Тәжірибеміз, білікті мұғалімдеріміз де бар. Білім сапасы, мұғалімдердің біліктілік көрсеткіштері бойынша да нәтижеміз жаман емес. Көпшіліктің пікірін білдіріп, жұртшылықтың атынан сөйлейтін халық қалаулылары тарапынан мектебіміздің мәртебесін көтеру туралы мәселе қозғалса, демек, қала тұрғындары мен ата-аналардың бізге сенім білдіргені. Бұл сенім ұжымымызға зор жауапкершілік те жүктейді. Оны ақтауға біз дайынбыз және оған білім ошағы әбден лайық дер едім.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp