Елімізге аты мәлім Храпунов анау-мынаудың қолы жете бермейтін жоғары лауазымды қызметтерден қағылып, отставкаға кеткен соң көңілі нілдей бұзылғаны белгілі. Оның біраз шарықтағаннан кейін құлдыраған кезі 2007 жылдың қараша айы еді. Артынша көп ұзамай, яғни 2008 жылдың сәуір айында Алматы қаласының бұрынғы экс-әкімі жиған-тергендерін таудай теңдерге буып-түйді. Дүниелері өте көп екен, жинастырып салуға да біраз уақыты кетті. Сөзімізде бір өтірік жоқ, әлгі көшке дайындалған заттардың салмағы 18 тоннаға жетті. Сонда Храпуновқа: “Оу, мұның бәрін қайда әкетесің?” – дегендерге ол миығынан күліп: “Тескен тау асырамын”, – депті.
Сол айтқаны рас екен, әлгі 18 тонна жүкті тау-тасты асып түсе алатын машинаға да, пойызға да, тіпті мұхиттарды жүзіп өтетін кемелерге де тиемей, құласаң нардан құла дегендей, ТУ-154 ұшағына сылқита салады. Сөйтіп, шетел түгіл ел ішінде ұшу көп адамның арманы болатын ұшақпен Храпунов отбасымен “арман қала Швейцария қайдасың” деп көкті тіліп тартып отырады. Онда да бір өзі бар ақшасын жеп қойған Алматы әуежайынан сән-салтанатын жарастырып аттанады.
Кейін ол өзінің сайтында жазғандай, бұл шұғыл түрде буынып-түйініп кетуін: “Мен өзімнің “екінші үйім” – Швейцарияға келдім”, – деп білдіреді. Дегенмен, мұндай қитұрқы әрекеттің артында қаншама жалғандық жатқаны қазір әбден ашылды десек артық айтқандық емес. Ол “Ұрының арты қуыс” дегендей, істеген қылмысынан өзінің жаны түршігіп, сол үшін берілетін жазадан аман қалу үшін бас сауғалап қашты. Бірақ “Ұрлық түбі – қорлық” дегендей, түбінде оның сот алдында да, ар алдында да жазаға тартылатыны сөзсіз.
Ол кезінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалысымен, білетін жандардың айтқанына қарағанда, сол күні-ақ жемқорлықтың жолдарын сыза бастапты. Мәселен, оған дейін жергілікті кәсіпкерлер жаңа жобалар үшін облыс орталығынан кедергісіз жер телімдерін алып келсе, енді бұған бірден тосқауыл қойылыпты. Сөйтіп, тез арада Храпунов маңызды орындарға өз адамдарын жайғастырған. Ал олар болса, аймақтың экономикасын емес, керісінше сыбайласқан бір топ жемқордың жемтіктерін жабыла жеуіне жол ашқан. Сөйтіп, өңірдің экономикасын, халықтың әл-ауқатын көтеру деген қағаз жүзінде қалған.
Мәселен, 2011 жылы Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасы “Шығыс Қазақстан “Жәрдем” инновациялық орталығы” ЖШС заңсыз жекешелендірілуі туралы қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы жергілікті жерде көп жазылды. Храпунов аймақта инновациялық дамуды жүргіземін деген сыңаймен өзінің ЖШС арқылы сенімді адамы – жаңа директор Қарымсақовқа сауда үйін тұрғызуды міндеттеді. Бірақ ешқандай үй де, ғимарат та салынбады, бар болғаны осыны сылтауратқан Храпуновтардың отбасы қалталарын тағы да миллиондаған теңгеге қалыңдата түсті. Әрине, бұл оның шетелге асырып үлгерген қаржысымен салыстырғанда ол үшін түк емес еді.
Сөйтіп, облыстық прокуратура мемлекет меншігін жекешелендіру барысындағы орасан заң бұзушылықты байқады. Ең әуелі әлгі Қарымсақов ұсталды. Дегенмен, ол соттың алғашқы сатысында өзінің кінәсін толықтай мойындай қоймады. Көптеген қылмысын өзінің бұрынғы басшысы – әкім Храпуновқа жапты. Кейін қалалық сот Храпуновтың жылжымайтын мүлікке қатысты барлық мәмілелерін заңсыз деп табуды ұйғарды. Өйткені, соттың шешіміне қарағанда, бар мүлік мемлекет есебінен тек жалғыз Храпуновтың ықпалымен шығарылған. Ал бұл мәміледен зардап шеккен жандардың бәрі, жоғарыда айтқанымыздай, тек бір адамнан ғана, яғни экс-әкім Храпуновтан өтемақы талап ете алатын. Алайда, бұған пысқырып қарамаған Храпунов бүгінде әлгі жұрттың есебінен ұрланған қаражаттың бәріне шетелде отбасымен ойнап, күліп, сайран салып жүр.
Храпунов төтенше жағдайлар министрі болған кезде де тап осы жолмен жүргені белгілі. Ол мұнда да мемлекеттің орасан зор байлығын өзі ғана пайдалануға әрекет етті. Соның бірі, мәселен, ол лицензияларды оңды-солды беруден де керемет қомақты пайда түсірді. Жер телімдерін сатуды да жалғастыра берді. Одан аз уақыттың ішінде 2,5 миллион доллар ақша тапты. Мұның бәрі оған аз көрінді. Өйткені, ертеңгі күні өзінің шетелге қашатынын алдын ала білді. Сол кезде оған мол қаражат болмаса, анау-мынау миллиондарға жат жерде өмір сүру қиынға соғатынын сезді. Демек, қайран Қазақ елінің қазба байлықтарын талап жеп жатқандармен бірге бұл да барынша қомағайлана асап қалуға тырысты. Несін айтасыз, содан кейін аямай-ақ жиды ғой.
Алматы әуежайының жаңа құрылысына қатысты шытырман оқиғалар әлі халық есінде. Осы ғимаратты тұрғызу арқылы Алматының сол кездегі әкімі Виктор Храпунов мемлекетке 9 миллион доллардың зиянын келтірген.
Алматылықтар осы қалада Храпуновтар отбасының 54 жер теліміне иелік еткендіктерін де біледі. Бұл жер телімдерінің көпшілігі жарнама алаңшалары ретінде пайдаланылыпты. Ол телімдерді Алматының бұрынғы әкімі жалпы пайдаланудағы жер қорынан өз туыстарының атына аударған екен. Оның үстіне бұл жер телімдерінің барлығы неғұрлым халық көбірек шоғырланатын көше жолдары мен жол қиылыстарының бойынан алынған. Олар “Вилед-Алматы” және “GeFest” атты екі жарнама компаниясына бөлініпті. Артынан белгілі болғанындай, бұл компаниялардың құрылтайшылары әкімнің зайыбы Ләйла Храпунова мен ұлы Ілияс Храпунов болып шықты. Алматылықтар қазіргі күні Храпуновтың үстінен ашылып отырған 20 қылмыстық істің саны одан да арта түсетіндігіне сенімді. Егер тергеу орындарынан түсіп жатқан мәліметтерге сүйенетін болсақ, бұл отбасының мемлекетке тигізген зияны орасан. Демек, осыған орай жаңа алаяқтық істердің пайда болуы да әбден мүмкін.
Өйткені, бұл кездері оның қолын қаққан жан болмады. “Әй” дер ажа, “қой” дер қожа” жоқтықтан мемлекеттің қаржысын халықтың қалтасынан қақты. Көп ұзамай-ақ, 2009 жылы Храпунов Швейцарияның “Билан” журналындағы ең бай деген 300 адам тізімінің қатарына ілікті. Өткен жылы бұл тізімге оның ұлы Ілияс Храпунов, қызы Эльвира Храпунова-Бельдимани және оның зайыбы Ләйла Храпунова да кірді. Храпуновтың зайыбының атына Алматы қаласынан 32 жылжымайтын мүлік тіркелген болып шықты. Олардың қатарында Луганский көшесінің бойындағы 2 пәтер мен 2 гараж, Достық көшесінің бойындағы 1 пәтер мен 1 үй, Гоголь және Панфилов көшелерінің қиылысындағы кеңселік ғимарат пен қойма орынжайлары бар.
Қазіргі күні Храпуновтың Швейцариядағы мүліктерінің арасында құны 32 млн. франк тұратын вилла, Женевадағы құны 16 млн. франк тұратын пәтер, банк орамындағы бағалы пәтерлер, “Хотел де Парк Холдинг” қонақүйі және көптеген ғажайып ғимараттарды айтуға болады. Ілияс Храпунов болса жеті компанияның қожайыны және жетекшісі. Ал Ләйла Храпунова “Тоепффер Инвестиссем” және “Хельветик Капитал” компаниясының бастығы болса, қызы Эльвира Бельдимани “Драгон Финаншл” және “Фоеникс Интернейшнл” компаниясының директорлар құрамына кіреді.
Храпуновтардың Қазақстандағы кірістері 858 млн. теңге, яғни 5,7 млн. доллар екен. Тек 2003-2009 жылдар аралығында Ләйла Храпунованың айлығы 7 млн. 95 мың теңгеге жеткен. Оның меншігінде: спорткар “БМВ850”, құны 1,5 млн. тұратын “Мерседес” көлігі, “Майбах 62” және “Мерседес С500” көліктері және болған. Бұған қоса 11 жер телімдері мен бірнеше пәтерлерін айтып жатуға қағаз беті жетпейді. Ал Храпуновтың декларация бойынша 2003-2009 жылдар аралығында айлығы 18 млн. 231 теңгені құраған.
Енді осы жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келгенде, бір жағынан Храпунов жеңіл ақша тапқысы келетін көптеген алаяқтардың орындалмас арманын жүзеге асырған секілді көрінеді. Дегенмен, бұл дұрыс адам қызығатын және үлгі алатын іс емес екені де анық. Өйткені, қашанда медальдың екінші жағы бар екенін ұмытпау керек. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір күні оған алаяқтықпен жинағанын қайтаруға, ол үшін жауап беруге тура келеді. Сол кезде бірақ, миллиондаған швейцариялық франктер оның адал есімін қайтара алмайды, керісінше ол бас бостандығын жоғалтатыны сөзсіз. Себебі, Интерпол Храпуновқа баяғыда-ақ халықаралық іздеу жариялап қойған. Енді оның тезірек ұсталуын және билік тізгінін пайдаланып жүргенде ішкен-жегенін қайта құсуын күтіп жүргендер қатары күннен-күнге молая түсуде.
(“Егемен Қазақстан”,
2012 жылғы 30 қараша).