«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АСТАНА РУХЫ” “Хельсинки рухына” жан бітірді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Осыдан екі жыл бұрын Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуін жасымыз, кәріміз – бәріміз мақтан тұттық. “Хельсинки рухы” деген түсініктен кейін Атлантика мен Тынық мұхиттары аралығында орналасқан 55 ел үшін “Астана рухы” деген ұғым өмірге енді. Және ол мәңгіге тарихта қалды.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Ел тұрғындарының барлығының бірдей саяси сауаты жоғары болмаса да, көзі қарақты қауым Қазақстанның әр қадамын өз деңгейінде саралай алады. 2010 жылы еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткен кезде әркім өз пікірін білдірді. Жоғарыда айтылғанындай, көпшілігі елдің беделді халықаралық ұйымға төрағалық еткендігіне қуанды. Неге дейсіз ғой? Қазақстанның халықаралық саяси аренада пікір айтып қана қоймай, өзін бітімгер рөлінде де таныта алғандығына.

“Біз ортақ мақсатымыз – қауіпсіздік, бейбітшілік пен гүлденуге қарай қарқынды қадам бастық. Біз трансұлттық қауіпқатерден сенімді қорғана отырып, болашақ ұрпаққа баға жеткізгісіз мұраны, қауіпсіз және гүлденген қоғамдастықты қалдыратынымызға сенемін. “Хельсинки рухы” жаңа тарихи жағдайда қайта жанданды”, – деді Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев саммиттің пленарлық отырысын қорытындылаған сөзінде.

Тарихи және саяси жағынан, жалпы адамзат үшін маңызды оқиға – ЕҚЫҰ саммиті кезінде бүкіл әлем Қазақстан елордасынан келген жаңалықтарға құлақ түрді. Ең жоғары деңгейдегі кездесулер кезінде Астанада тарих кітабының жаңа беті жазылды десек, қателеспейміз. ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің Мемлекет және Үкімет басшыларының диалогы оңай болған жоқ. Бірақ консенсуске қол жеткізілді. Қазақстан абыроймен үлкен сыннан өтіп, дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Қазақстан мен оның жас елордасы әлемдік қоғамдастық тарапынан жоғары бағаға ие болып, өзінің дәрежесін тағы бір рет дәлелдеді. Себебі, Астана Декларациясын қабылдауға қатысқан 56 мемлекеттің бірі қарсы шықса, құжат қабылданбайды. Десек те, ортақ келісімге қол жеткізілді. Осылай “Астана рухы” “Хельсинки рухына” жан бітірді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp