Суреттегі Варвара есімді мына қыз жасының кішілігіне қарамастан, балет сахнасын бағындыруды қалайды. Ол үшін Варя қазірден өзін балеринадай ұстап, жүріс-тұрысына үлкен мән береді. №1 гимназияның 4-сыныбының оқушысы Варвара 4 жасынан “Движение” эстрадалық-хореографиялық миниатюралар ансамблінде бидің түр-түріне машықтанып жүр.
Болат Аюханов бастаған Қазақстан Республикасының мемлекеттік академиялық би театрының Қызылжарға гастрольдік сапармен келгенін естіген Варяның анасы Марина Шевченко мүмкіндікті пайдаланып, қызының бұл өнерге икемінің бар-жоғын балетмейстердің өзінен естімек болады. Ол – Болат Ғазизұлын театр дәлізінде бір емес, бірнеше сағат тапжылмастан күткендердің бірі. Қызылжарлықтарды жылы қарсы алған балетмейстер Варяны қарсы алдына тұрғызып: “Балерина болуды қалайсың ба?” деп, қыз баланың денесінің икемділігін әртүрлі жаттығулар арқылы тексере бастады. Бұл сыннан сүрінбей өткен Варяны Болат Аюханов Алматы қаласындағы балет мектебіне келесі жылы оқуға түсуге шақырды. Варяның қуанышында шек жоқ. Ол кезде сахнада келесі қойылымға дайындықтарын жүргізіп жатқан балериналардан көзін алмай, Варя: “Мама, мен де мына балериналардай сахнада өнер көрсететін боламын ба? Балетмейстердің айтқан кеңестерінің барлығын орындаймын, осы күннен емтихандарға дайындықты бастаймын”, – деп анасына ант-су ішіп, көрермен залына ойысты…
– Балет – ол жанның бейнесі. Балетті аяқ-қолды әрлі-берлі сермеген бишілердің өнері деп пайымдаған адам қателеседі. Әр өнерде жанның бір бөлшегі болуы тиіс. Егер де әртіс Толстойдың шығармашылығымен таныс болмаса, ол “Анна Каренинаны” ойнай алмайды. Мамандықты сатып алуға болмайды, оны тек бар жаныңмен сүюге болады. Мен, мәселен, ән айтуды армандаймын. Бірақ менің дауысым жоқ. Қазір ғана бір қыз баланы әкеліп көрсетіп жатыр, сөзсіз, қыздың табиғи дарыны бар. Бірақ баланың жасы келмейді. Ата-анасы қызды оқуға өткен жылы берулері тиіс еді. Енді ол қыз табиғи дарынының арқасында ғана оқуға түсіп кетуі мүмкін. Оның үстіне қыз бала балерина болуды жанымен қалайтыны көрініп-ақ тұр. Ал кей кездері денесінің икемділігі бола тұра, балетті іштей сүйіп емес, жай келе салған балалар өмір бойы қиналып өтеді. Оны кейбір ата-аналар ескермейді. Бала неше жерден дарынды болып тұрса да, іштей болашақ мамандығына деген сүйіспеншілігі болмаса, ол адам келешекте өз саласының маманы болады деп айту қиын. Әртіс жан-жақты болуы тиіс. Шекспирді, Абайды, Айтматовты, Достоевскийді танымаған өнер иесін шебер деп айта алмаймыз.
– Өміріңізді балет өнеріне арнаған, өз ісіңіздің әлем мойындаған шеберісіз. Табысыңыздың құпиясы неде?
– Мен ешқандай да табысқа жеткенім жоқ. Мен жай ғана кәсіпқоймын. Айналысатын ісіңді жаныңмен сүйіп, жалқаулықты жеңіп, талмай еңбек етіп, еңбегіңнің жемісін көрсең, міне, осы – жетістік. Мен мәселен, өз мамандығымның құрбаны емеспін. Маған мамандығым ұнайды. Ал мамандықтарын байлық үшін немесе басқадай себептермен таңдаған адамдар қаншама?! Міне, оларды мамандықтарының құрбаны деп айтуға болады. Әсіресе, өнер құрбандықты сүймейді. Өнер – қоғамды тәрбиелейтін құрал. Ол құралды тиімді пайдалану қажет. Ол үшін, алдымен, әртістерге жағдай жасау керек. Оқуды енді аяқтаған жас әртістер бар тапқан бес-он тиынын жалдамалы пәтерлеріне төлейді. Сондықтан да көптеген дарынды әртістеріміз шетелдік театрлардың труппасына орналасып, елдің мәдениетін көтерудің орнына, шетелдің мәдениетіне қызмет етеді. Мысалы, Франция елінде жас әртістерге қызмет ететін жұмыс орнының қасынан пәтер бөледі. Олар отандық әртістерін осылайша қорғайды. Әртістің жағдайы болғанда ғана, ол өнер үшін қызмет етеді.
– Әлемнің талай мемлекетінде өнер көрсеттіңіз. Қызылжарлық көрермен қауымның олардан ерекшелігі бар ма екен?
– Мен көрген әлемнің өзге қалаларына қарағанда, Петропавл өте таза, келбетті қала екен. Таза ауасы мені тәнті етті. Солтүстікқазақстандықтар – жылы жүзді, жарқын адамдар. Әртістердің өнерін бағалай алады. Бірақ барлық көрермендердің ішінде маған, әсіресе, Сарыағаштың көрермендері ұнады.
Түйін сөз: Әлем мойындаған балетмейстер Болат Аюхановтың өнеріне, дарындылығы мен еңбекқорлығына тәнті болмаған адам жоқ шығар, сірә.
Қазақстан Республикасының Халық әртісі, ҚазКСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, өнертану профессоры, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, әлемдік мәдениетке сіңірген жеке үлесі үшін Сократ сыйлығының иегері, Мемлекеттік “Алматы жас балеті” классикалық би ансамблінің негізін қалаушы Болат Аюханов жасына қарамастан, әлі де өз ісінің шебері екендігін танытты.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық би театрының 45 жылдық мерейтойына орай Атырау қаласынан басталған бұл гастрольдік сапардың үш күнінде солтүстікқазақстандықтар “Аққу көлі”, “Маргаританың түсі”, “Революция қырандары”, “Кармен”, “Анна Павлова” сынды балет өнерінің белгілі туындыларын тамашалай алды. Жаңадан қойылған “Революция қырандары” қойылымында шәкірттерімен бірге балетмейстердің өзі де өнер көрсетті. Аяғынан алған жарақатқа қарамастан, әлі де сол әсем жүріс, асқақ келбет. Өзінің саналы өмірін балет өнеріне арнаған Болат Ғазизұлының қойған қойылымдары, тәрбиелеген шәкірттері қазақ балет өнерінің негізін қалады. Оның сахнадағы өнеріне тәнті болған Варядай талай жасөспірім балетмейстердің ісін жалғастырары анық.
Сұхбаттасқан
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: Болат Аюханов пен Варвара Шевченко; қойылымнан көрініс.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.