Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Республикалық “Егемен Қазақстан” газетінің Қызылжар өңіріндегі таралымы жыл өткен сайын көбейіп келе жатыр. 2003 жылғы таралымы 2 мың данадан сәл асса, 2009 жылы 5 мыңды құраған. Биыл 7 мыңнан асып жығылған. Олай болатын жөні бар. Еліміз Тәуелсіздік алғалы ана тілімізге деген құлшыныс оянып, ұлттық балабақшалар мен мектептер көптеп ашыла бастады. Ана тілінің болашағына алаңдаған зиялы қауымның ұсыныстары мен талаптары билік орындары тарапынан қолдау тапты. Осындай ірі шаралардың басықасында “Қазақ тілі” қоғамы мен ұлт жанашырлары да жүрді. Бүгінде Петропавл қаласында 6 қазақ мектебі болса, солардың 5-еуі егемендіктен кейін бой көтерді. Рухани саладағы қажеттіліктер осылайша өз жөнімен біртіндеп өтеліп, қазақтың қазақтығының басты белгісі ретінде қазақша сөйлеу дәстүрі қанат жайып, қазақ тілі ғажап тіл екенін жан дүниесімен ұғынушылар басқа ұлт өкілдері арасынан да табылып жатты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тіл саясатындағы салиқалы саясаты ордалы қиындықтарды еңсеріп, қазақ тілі үш тұғырдың ішіндегі бастысына айналғанына көз жеткізу қиын емес.
Қызылжар өңіріне ат басын бұрған “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов пен облыс әкімі Серік Біләловтің өзара кездесуіндегі әңгіме әлем картасынан ойып тұрып орын алған Қазақстанның экономикасы, ішкі саяси жағдайы, ұлт пен ұлыстар арасындағы достық, қоғамдағы түсіністік ахуалы, Мағжан еліндегі оң өзгерістер мен алдағы міндеттер жайын қамтып, рухани байлығымыз бен құндылықтарымызды қадірлеу мәселелері де шет қалмады. Ел газеті – “Егемен Қазақстанның” жетекшісі ел өңірлерін аралау барысында Мемлекет басшысы тапсырмаларын орындауда көп істер тындырылғанын, бұл орайда Отанымыздың бас газеті үлкен міндеттер атқарып отырғанын, соңғы жылдары қазағы аз теріскей өлкеде басылымға деген қызығушылықтың өсе түскенін, оқырмандар қатарының жеті мыңнан асуы өте жақсы көрсеткіш екенін жеткізді. “Осымен 11-ші облысқа ат басын тіреп отырмын. Сіздердің де ұлттық баспасөзге жазылу секілді маңызды науқаннан шет қалмайтындарыңызға сенемін”, – деді Сауытбек Абдрахманұлы.
Өңір басшысы өз кезегінде облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайын әңгімелеп берді. Облыстың аграрлық секторы қарқынды дамып келеді. Жаздың құрғақшылығына қарамастан, гектар түсімділігі 12,9 центнерден айналып, 4,9 миллион тоннадан астам астық жиналды. Алыс-жақын шетелдерге 2 миллион тонна сапалы бидай жөнелтілді. Көктемгі-күзгі дала жұмыстарының 80 пайыздайы жоғары өнімді техникалармен атқарылады. “Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту” бағдарламасы қолға алынғалы 30 мыңға жуық ірі қара сатып алынды. Индустрияландыру картасына 42 миллиард теңгенің 30 жобасы енгізіліп, 24-і пайдалануға берілді. “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы шеңберінде ауқымды жұмыстар өз жалғасын тауып келеді. Төрт бағыт бойынша 3 миллиард теңгедей қаржы бөлінді. 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылып, жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде 9 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Облыс әкімі сөзінің соңында солтүстікқазақстандықтар келесі жылы “Егемен Қазақстанды” кемінде 8 мың дана жаздырып алатынына сендірді.
Әкімдіктегі келелі сұхбаттан соң Сауытбек Абдрахманов еліміздегі еңселі жоғары оқу ордасы саналатын М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне келіп, әсерлі кездесу өткізді. Басқосуды университет ректоры, академик Оңдасын Әшімов ашып, Елбасы мен Үкіметтің саясатын жан-жақты насихаттап, жұртшылыққа ұғынықты тілмен жеткізіп жүрген беделді басылым туралы жылы лебізін білдіріп, профессор-оқытушылар мен студенттер де осы пікірде екенін, бүгінгі жүздесу үлкен ой салатынын атап өтті.
Сауытбек Абдрахманов өз сөзін “Егеменді” әр жылдары қазақтың ұлы перзенттері басқарғанын, олардың ішінде Қызылжар өңірінің тумалары Смағұл Сәдуақасов пен Ғабит Мүсіреповтің орны ерекше екенін айта келіп, жиналғандарды 93 жылдық тарихы бар газеттің қазіргі ұстанған бағыт-бағдарымен кеңінен таныстырды. Одан әрі басылым таралымы 2000 жылы 38 мың болса, бүгінгі күні 171 мыңға дейін көтеріліп, 4,5 есе өскенін, келесі жылы 200 мыңдық межеге жету көзделіп отырғанын, соған орай газеттің сапасы да, мазмұны да әлдеқайда жақсарғанын, тарихқа, мәдениетке, руханиятқа, өнерге қатысты көкейкесті мәселелер жүйелі жазылатынын, соңғы кездері жастар тақырыбы байыпты көтеріліп жүргенін, арнайы айдарлардың орныққанын еске салды. Сауытбек Абдрахманұлының Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ішкі-сыртқы әлемдегі көшелі саясаты, сындарлы саясаткер ретіндегі биік тұлғасы, жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан жөніндегі ғибратты пайымдары да өте әсерлі шықты. Әсіресе, елордада өтетін “EXPO-2017” халықаралық көрмесі жайлы талдамасы ой тереңдігімен ерекшеленіп, залдағылар ұйып тыңдады. Өзара пікір алысуға құрылған сұхбат әр алуан тақырыпта өрбіп, әсіресе, жастар жағы үлкен әсер алды. Сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар берілді.
Оңдасын Әшімов республика жұртшылығы Сауытбек Абдрахмановты қоғам қайраткері, білікті басшы, белгілі ғалым, қарымды журналист-көсемсөзші ретінде танитынын, бағалайтынын айта келіп, ғылыми кеңестің шешімімен “Университеттің Құрметті профессоры” атағын салтанатты түрде тапсырып, мантия кигізді.
Бас газет басшысы облыстық тарихи-өлкетану мұражайындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне арналған залда және университет мұражайында болып, құнды жәдігерлерді тамашалады.