«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАТ АҒЫМНЫҢ ЖЕТЕГІНДЕ КЕТПЕУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәрсенбі күні “Достық” үйінде “Прозрение – Көз жету” қоғамдық бірлестігі облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша “Ислам – бейбітшілік пен мейірімділік діні” тақырыбында конференция өткізді. Оған өңір мешіттерінің имамдары, қалалық мектептердің мұғалімдері мен студенттер қатысты.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Еліміздің шырқын бұзуды мақсат еткен теріс ниеттегі ағымдардың бірлік пен толеранттылықты насихаттайтын ислам дініне еш қатысы жоқтығын талқылау мақсатында өткізілген конференцияда облысымыздың теолог, тарих және философия ғылымдарының өкілдері өз ойларын ортаға салды. Арам пиғылды мақсаттарына жету үшін ислам дінін жамылған жат ағымдардың көздегендері қоғамға іріткі салу екендігін жете түсініп, одан қорғанудың амалы ретінде конференцияға қатысушылар жаппай ақпараттандыру көздерін пайдалануды ұсынды.

“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі Қасымхан Исаев “Исламның мәні бейбітшілік дінінде” тақырыбын қозғаса, аталмыш мешіттің наиб имамы Руслан Қайыргелді дәстүрлі емес, теріс ағымдардың зияны мен зардаптары туралы түсінік берді. Осындай тектес мәжілістерге жиі қатысып тұратын философия ғылымының кандидаты, ҚР ІІМ Ішкі әскері Әскери институтының қызметкері Сәуле Сүлейменова “Ислам және Қазақстандағы мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынас саласындағы заңдылық” тақырыбында ой өрбітіп, өткен жылы қабылданған “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” Заңының негізгі баптарына тоқталып кетті. Заң халықтар арасындағы ынтымақ пен татулыққа, бірлік пен бауырластықты нығайтып, діни фанатизмге, айрандай ұйып отырған елдің ойранын шығаруға, араға жік салуға жол бермейтіндігін айтты. Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкері, теолог Рустам Сәдуев те өз кезегінде ислам құқығының феномені турасында баяндама жасап, жастарға иманды, жан-жақты білімді болудың қажеттілігіне баса назар аударды. Сондай-ақ конференция барысында тақырыпқа сай бейнематериалдар көрсетіліп, студенттер тарапынан қойылған түрлі сұрақтарға жауап берілді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp