Нұрлыбек БҰРТЫБАЕВ,
кәсіпкер.
“Кәсібі бардың нәсібі бар” демекші, бүгінгі таңда елімізде әр адамның өз ісін ашуы үшін барлық жағдай жасалған. Соңғы жылдары шағын және орта бизнестің экономикадағы рөлі артып келе жатыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2011 жылы Қазақстан халқына арнаған “Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!” атты Жолдауында: 2020 жылға қарай ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайызды құрайды, деп атап көрсетілген болатын. Осы орайда шағын және орта бизнес саласында жүргендер мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды айқын сезінуде. Олай дейтінім, елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған барлық бағдарламаларда қарапайым халықтың кәсіппен айналысуына баса назар аударылған. “Сыбаға”, “Жұмыспен қамту – 2020” сынды мемлекеттік бағдарламалардың негізінде көптеген ауыл тұрғындары өзін ғана емес, өзгені де жұмыспен қамти алатын жағдайға жетті. Мысалы, мен еліміз бойынша жаппай қолға алынған “Сыбаға” бағдарламасы аясында 3 миллион 800 мың теңге несие алып, оған 28 бас жергілікті қашар және “Элита-Север” ЖШС-нен қазақтың ақбас екі бұқасын сатып алдым. Қазір 61 бас ірі қарам бар.
Мемлекеттің қолдауының арқасында мал алып, оның басын көбейтіп отырған кәсіпкерлердің барлығы “Сыбаға” бағдарламасы ауылды жерлердегі шағын шаруа қожалықтары үшін үлкен қолдау екендігін бірауыздан айтады. Суворовка ауылында 23 үй ғана қалған кезде облыс орталығына көшпекші болдық. Алайда “Сыбаға” бағдарламасы туралы естігеннен кейін қызығушылығым туып, мал өсірумен айналысқым келді. Қазір бұл шешіміме еш өкінбеймін.
Мағжан Жұмабаев ауданы.