Шал ақын ауданының Ысқақ Ыбыраев ауылы бір кездері егіншілікпен бірге мал шаруашылығын да қатар дамытқан елді мекендердің бірі болатын. Оған Есіл өзенінің жақындығы мен көктемде тасыған су жайылатын алқасының құнарлылығы да барынша жағдай жасайтын. Бұрынғыдай табын-табын мал өрмегенімен, жайылымдық құралақан қалып жатқан жоқ. Соның бір бөлігіне “Әлбина” фермерлік шаруашылығы мал жаяды.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бұл агроқұрылым бұрынғы Ы.Ыбыраев атындағы кеңшардың мал фермасына орналасқан. Қаңырап бос қалған қоралардың екеуі қалпына келтіріліп, біреуі бәзбаяғыдай электр қуатымен сиыр сауу залына айналдырылған. Екіншісі ұсақ малдарға арналып, қайта жабдықталған.
Фермада 108 қара ала сиыр өсіріледі. Шаруашылық басшысы Ержан Қарабековтің айтуынша, олардан 57 бұзау алыныпты. Жаз бойы сауын сиырлардан күніне 1200 килодай сүт сауылған көрінеді. Қазір 800 кило шамасында. Агроқұрылымдағы сыйымдылығы 5 тонналық салқындатқыш қондырғы сүттің қалыпты жағдайда сақталуына, облыс орталығындағы “Масло-Дел” ЖШС-іне жөнелтілгенше бұзылмауына жағдай жасайды.
– Аудан орталығы Сергеевка қаласында да сүт қабылдайтын зауыт бар, алайда олар маңдай термен өндірілген өнімімізді бұлдамайды, арзанға алғылары келеді. Сондықтан “Масло-Дел” ЖШС-мен шартқа отырып, оны тасымалдауға арнайы “ГАЗель” автокөлігін бөліп отырмыз. Фермерлік шаруашылығымызда 3 малшы, 3 сауыншы, 2 құрылысшы, 6 механизатор еңбек етеді. Ауылда ай сайын жалақы беретін біздің агроқұрылым ғана. 40-45 мың теңге маңайында орташа еңбекақы табады. Ол өндірген өнімімізге байланысты, – дейді ферма меңгерушісі Ержан Қарабеков.
Шаруашылықтың 172 гектар егістік, 270 гектар шабындық жері бар. Биыл жұрт қатарлы жемазыққа арпа егіп, қуаңшылықтың өзінде 10 центнерден өнім алыпты. Мал қыстатуға 400 тонна шөп, 200 тоннадай арпа сабаны әзірленіп, пішен сарайға тасып алынған.
Агроқұрылым шағын болса да, техникаларды жаңартуға бет бұрып отыр. “МТЗ-100”, “МТЗ-80” тракторларын, “Avakra” дәрібүріккіші мен автомобиль қорабын “Қаз-Агро” арқылы лизингке алыпты. Келесі жылға 100 пайыз сүдігер жыртудың қамында жұмыс істеп жатыр.
– Елбасымыз мал шаруашылығын дамытуға баса назар аударып отыр. Соған орай Үкімет тарапынан да жәрдемқаржы беріледі. Бұл – ауылдың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген біз сияқты кәсіпкерлерге көрсетіліп отырған үлкен қолдау. Соны пайдаланып қалуымыз керек. Өзіміз мал басын көбейте түсуді мақсат етіп отырмыз. Оған қорақопсы әзірлеу бізге қиындық тудырмайды. Қажетті техникалар да құралып келеді. Басты мәселе – өзіміз қарайтын Аютас ауылдық округінде өндірісін кеңейтемін дейтіндерге қосымша егістік үшін де, жайылымдық пен шабындық үшін де басы артық жер жоқ. Ауылымызда заман ағымына орай малмен де, егіншілікпен де айналысып жатқан шағын шаруа қожалықтары бар. Жерге байланысты бәрінің өрісі тарылып отыр. Бұрынғы кеңшардың негізгі жері – ірі инвестордың қарамағында. Осы өзекті мәселе шешімін тапса, қанатты кеңге жаюға болады. Мемлекеттік қолдау барда кімнің қарап отырғысы келеді дейсіз. Елбасының “Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” бағдарламалық мақаласының алға қойып отырған басты міндеті де осы емес пе? – дейді “Әлбина” фермерлік шаруашылығының меңгерушісі Ержан Қарабеков.
СУРЕТТЕРДЕ: шаруашылық басшысы Ержан Қарабеков; бригадир-дәнекерлеуші Амангелді Шәріпов жұмыс үстінде.