Қайрат Лама ШАРИФ,
Қазақстан Республикасы
Дін істері жөніндегі агенттігінің төрағасы.
Қазіргі замандағы Қазақстан – тұрақты экономикалық өсімі бар, қоғамдық келісім мен орнықты саяси жағдайы қалыптасқан көпұлтты және көпконфессиялы ел.
Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясаты конфессияаралық тұрақтылық пен толеранттылықты сақтауға бағытталған. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері Қазақстанның рухани әлемінде діни жаңару үрдісі қарқынмен жүруде. Қазақстандықтар бірбеткейлік соқыр сенімге ешқашан нанбаған, басқа діни көзқарастарға толеранттылық тұрғысынан қарап келеді.
Зайырлы қоғамымыздың басты ерекшеліктерінің бірі – халықтың ұлттық және діни дәстүрлерінің жаңғыруы Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуымен тұспа-тұс келгені десек, артық емес.
Бүгінде атам заманнан келе жатқан ұлттық салт-дәстүрлерімізбен сабақтасқан діни әдет-ғұрыптарымызды бір ғасырлық үзілістен кейін қайта қалпына келтіру кезінде біз көптеген қиыншылықтарға тап болудамыз, ең бастысы – бұл халықтың діни сауаттылығының төмендігі.
Жақында өткен Құрбан айты кезінде Астанада биыл бой көтерген “Хазірет Сұлтан” мешітінде Елбасымыз: “Ислам әрдайым ізгілікке, жақсылыққа баулиды. Ол бөлінуге емес, бірігуге шақырады. Құран Кәрімде мұсылман баласы сөзімен де, ісімен де ешкімге зиянын тигізбеуі тиіс деп жазылғанын” атап өткен болатын.
Діни сауаттылық деңгейін көтеру үшін алдымен тарихымызды жақсы білу керек, қазақтың салт-дәстүрін ұстайтын, Абайдың қара сөздерін жетік білетін иісі қазақ баласы Құранды да дұрыс оқып түсінеді, әрі Алла тағаланың ақиқат жолынан да таймайды.
Қазақ даласына ислам дінінің ханафи мазхабы арқылы таралуының сыры неде? Ханафи мазхабын шариғат тұрғысынан түсіндіруді имамдардың еншісіне қалдырайық. Біз үшін ханафи мазхабы ислам құндылықтарын ұлттық салт-дәстүрлермен ұтымды ұштастыра білгені үшін аса маңызды. Қасиетті Құран Кәрімде Алла тағала адамдарды бір-бірін танып білу үшін әртүрлі қылып жаратты деген қасиетті аят бар.
Сондықтан қазіргі уақытта біз атадан балаға мирас болып келе жатқан бай рухани мұраларымызды жаңғырта отырып, осы құндылықтарымызды ой елегінен тағы бір өткізуіміз керек. Ол үшін алдымен көне тарихымызға көз жүгіртейік.
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Тарих толқынында” атты кітабында былай деп жазады: “Қазақтар үшін исламның рөлі ерекше және мұны түсіну ұлттық санамыздың маңызды мінездемесіне айналғалы тұр. Бұл, әсіресе, осынау ұлы да гуманистік діннің рөлі мен мәні ұзақ жылдар бойы бұрмаланып келгеннен кейінгі жерде өте маңызды. Біздің атабабаларымыз және туыстас түркі тілдес халықтар ешқашан діни үстемділік мінезімен ерекшеленбеген және басқа халықтардың рухани бостандығына құрметпен қараған. Бұл – тарих тағылымы”.
Ежелгі кеңбайтақ қазақ жеріне ата дініміз имам ағзам Әбу Ханифаның мазхабы арқылы таралды. Мың жыл бұрын Алла тағаланың асыл діні ата-бабамыздың рухани өміріне нұрын шаша бастады. Алтын орда дәуірінде атақты Берке хан қазақ даласының перзенті, Мысыр елін билеген мамлүктердің ұлы қолбасшысы Сұлтан аз-Захир Бейбарыстың уағыздауымен ислам дінін қабылдады. Керей мен Жәнібек хандар мұсылмандығы мен ұлттық салт-дәстүрін көзінің қарашығындай сақтайтын еркіндікте өскен қазақ руларын бір тудың астына біріктірді. Тәуке хан билік құрып тұрған кезде үш жүздің маңдай алды ойшылдары – Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би қоғамдық пікірлер қалыптастырды. “Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” сол заманда шариғат қағидаларына негізделген әйгілі “Жеті жарғы” атты заңнамалық жинақ жарыққа шықты. Ата тарихымыз Ұлы Абайдың әкесі Құнанбай қажы қасиетті Мекке шаһарында қазақ қажылары үшін алғаш рет қонақүй салып берді деп те сыр шертеді.
Сондықтан осындай дәйекті деректерге толы тарихымыздың өзі-ақ бізге ата-бабаларымыздың ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп қалдырған дәстүрлі дінімізді мықтап ұстауға күш-жігер береді және жарқын болашағымызға көзі ашық, көкірегі ояу мұсылман баласы ретінде зор үмітпен қарауға нық сенім ұялатады.
Осылайша Елбасымыз қол қойған “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” жаңа заңымыздың алғы сөзінде ата-бабаларымыз ұстанған ханафи мазхабтың тарихы рөлі тайға таңба басқандай жазылды. Бүгінгі таңда ақыл-парасаттылыққа бейімделуімен ерекшеленетін, діни сана-сезімді қоршаған ортамен үйлестіре білетін ханафи мазхабтың негіздерін түсіндіру бойынша үгіт-насихат жұмыстары еліміздің түкпір-түкпірінде тұрақты түрде жүргізілуде.
Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде дәстүрлі діннің рөлі ерекше маңызды. Туған елдің мәдениеті мен тарихын, ана тілі мен ата-баба дәстүрлерін құрметтеуге негізделген патриоттық сезімі бар жас ұрпақ елдің лайықты азаматы болуға ұмтылуы тиіс. Сонымен қатар жастарға бұл патриоттық сезімді қалыптастыруға ақсақалдар, үлкендер және аға буынды ой тоқтатқан азаматтар да атсалысуы қажет. Патриоттық сезім, патриоттық сана отбасында бесіктен басталады, балабақшада, мектепте, университетте жалғасын табады. Отанды сүю – иманнан дейді шынайы мұсылмандар.
Өкінішке қарай, соңғы кездері дінді жамылып экстремизм мен терроризмді дәріптеп, төзімсіздік идеологиясын тарату тәрізді әрекеттер байқалуда. Біз бейбіт қоғамымызда еліміздің тыныштығын бұзатын арам пиғылды радикалды бағыттағы түрлі ағымдардың жыланша арбап жүргенін аңғардық.
Экстремистік және теріс пиғылды жат идеяларды таратушылар қарапайым мұсылмандардың ой-өрісіне жұмыртқа салуда. Дін істері агенттігі дінтану сараптамасын жүргізе отырып, экстремистік бағыттағы діни әдебиеттерді, бейне-аудио және басқа да материалдары тәркілеуде, бұл жалған басылымдарда діннің терең танымдарына негізделген дәйекті, нақты дәлелдер табу мүмкін емес. Керісінше, онда эмоцияға негізделген, түрлі дереккөздерден жұлмаланған үзінділер келтіріледі. Мұндай дүмшелікке тән ортақ сипат – Құран сөздерін бұрмалау, исламның шынайы құндылықтары туралы түсініктерді алмастыру болып табылады. Біздің дана бабаларымыз исламның тазалығы қайнар бұлақ тәрізді, кір қолымен лас құмыраға таза су құйып лайлауда ақиқат діннің ешбір кінәсі жоқ деген. Аллаға шүкір, Қазақстан жеріне радикалды көзқарастарды енгізу әрекеттері көпшілік тарапынан қолдау таппады.
Қазіргі уақытта еліміздегі мұсылман үмбетін біріктіру үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты барлық 2228 мешітте ислам құндылықтарын Әбу Ханифа мазхабының негізінде уағыздауда. Бұл өткен ХХ ғасырда үзілген тарихи-рухани жолымыздың заңды жалғасы болмақ. Имам ағзам Әбу Ханифа бүгінгі күнге дейін ислам әлеміндегі ең танымал фикх ғалымы, яғни мұсылман ойшылы болып саналады.
Ислам негіздерін күнделікті тіршілікке бейімдеуде Әбу Ханифадан озған адам жоқ, өйткені ол Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз көзін көрген сахабалардан кейінгі олардың ізбасарлары, яғни табиғиндер заманында өмір сүрген. Бәлкім, “Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін” деген ұлағатты сөз осыдан қалған шығар. Имам Әбу Ханифаның ғұмырлық тәжірибесі ең алдымен мұсылман үмметінің бірігуіне қол жеткізуге бағытталған. Ол мұсылмандарды сенім мәселелерінде ортақ пікірге келуге шақырды, шариғат заңдары мен сүннет амалдарды күнделікті тіршілікте туындайтын сауалдармен ұтымды ұштастыра білді, ақылға жеңдірді.
Әбу Ханифа бүкіл рухани күш-жігерін, ақыл-парасатын мұсылмандар арасындағы ауызбіршілікке жұмсады. Бәлкім, сондықтан болар, дүниежүзіндегі әрбір төрт мұсылманның үшеуі діни мәселелерді ханафи мазхабымен шешуге дағдыланған.
Осыдан бүгінгі күнде имамдардың білімі мен сауаттылығы, діни мәселелерді терең түсіне білуі қоғам талаптарына айналуда. Кемеңгер ғұлама ойшыл Әбу Мансур әл-Матуриди дінді жеңіл түсіндіру қажеттігін айтып кеткен. Сондықтан қазіргі жастармен оларға түсінікті тілмен сөйлесу қажет, яғни діни қағидаттарды, ұғымдарды, сөз мәнінің айырмашылықтарын жеңіл тілмен жеткізген абзал.
Имам деген жоғары лауазымға ие болу, әрбір адамның қолынан келе бермейді. Адамның жан дүниесінің дәрігері болу үшін шипалы әрі дұғалы сөздің шешені, ой-өрісі кең, қоғамдағы жағымды жаңалықтарға қанық, рухани байлығы мол имам ғана зайырлы мемлекетте өмір сүріп, адал еңбек етіп жатқан қарапайым мұсылман жандарға тәлім-тәрбие беріп, жөн сілтей алады.
Бізге діни және зайырлы білімді қатар алып жүретін сауатты діни жетекшілер қажет. XXI ғасырдың имамдары діни сауаттылығымен ерекшеленетін, өмір үрдісінен қалмайтын, жасампаздыққа ұмтылатын еліміздің абыройлы, жергілікті тұрғындар арасында беделге ие, сыйлы азаматтар болуы керек.
Имамдар Қазақстан мұсылмандары арасында ислам ілімдерін ханафи мазхабы арқылы тарата отырып, дінді жамылған радикализм мен экстремизмге идеологиялық деңгейде қарсы тұра алатын жастарды отансүйгіштікке де баулу керек. Өйткені ханафизмнің маңызды ұстанымдарының бірі – әділдікті және бейбітшілік үшін зорлық-зомбылық әрекеттерден бас тартуды насихаттау болып табылады.
Баршамызға мәлім, осыдан екі апта бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Жас Отан” жастар қанатының II съезінде сөйлеген сөзінде: “Бүгінгі тәуелсіз елімізде қазақтың ішкі бірлігі сақталуға тиіс. Біз бір ұлтпыз, қанымыз бір, жанымыз бір. Еш уақытта басқа ұлттың, басқа діннің адамдарын ренжітуге болмайды. Қандай жаманшылықты өзіңе тілемейсің, басқаларға да сондай тілекші бол. Қазақстандықтардың барлығы бір-біріне тілеулес болғаны жөн”, – деп ұлағатты сөз айтты.
Осылайша, ханафи мазхабын ұстану қарапайым мұсылман баласына радикализмнен бойын аулақ ұстауға, жат идеологияға қарсы тұру иммунитетін қалыптастыруға және арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда діни сауаттылық деңгейін арттырудан басқа, өз тарихымыз бен салт-дәстүрлерімізді, соның ішінде діни әдет-ғұрыптарды жалпыға ортақ түсіндіру ауадай қажет. Сонда ғана ислам дінінің ежелден қазақ өркениетімен терең байланыста екендігін көрсете білеміз, әрі кез келген теріс пиғылдардан, адасудан жастарымызды аман сақтап қала аламыз. Сөйтіп, мұсылман үмбеті ханафи мазхабының қыр-сырын үйрене отырып, ата дініміздің даңғыл жолымен дұрыс жүре алады. Құран Кәрімнің 2-ші сүресінің 143-аятында Алла тағала осы даңғыл жолдың ортасымен жүр деп барша мұсылманға әмір берген.
Біз Әбу Ханифа мазхабының нұсқауларымен етене байланысқан ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерімізді ұстанатын ауызбіршіліктегі мұсылман үмбетіміз. Біз алауыздық пен бөлінушілікке әкеп соғатын қандай да бір іріткі салатын жат идеологияны еш уақытта қабылдамаймыз.
Біз – Елбасымыз айтқандай, тұғырын нығайтып, түтінін түзу ұшыруға барын салған, асылын ардақтай білетін, бірлігіміз жарасқан халықпыз. Халқымыздың зияткерлік, шығармашылық әлеуеті өте бай. Біздің бірлігіміз бен ынтымақтастығымызға қол сұғуға ешкімге жол бермейміз.