Батыстың жетекші БАҚ, оның ішінде The Financial Times газеті мен ВВС телеарнасы жақында Лондонның Жоғарғы соты қылмыскер Мұхтар Әбіләзовтен қазақстандық БТА Банк пайдасына 2 млрд. доллар көлемінде төлем өндіруге қаулы шығарды, деп хабарлады.
Аталған басылымда жазылғандай, Әбіләзовтің заңсыз иеленген қаржы көлемі алты миллиард долларды құрап отырған көрінеді. Ал сарапшылар пікірі бойынша, банктің бұрынғы директорлар кеңесінің жетекшісі Қазақстаннан БТА мен оффшорлар арқылы 10 миллиардқа жуық доллар шығарған.
2010 жылдың желтоқсан айында британдық апелляциялық сот лондондық Жоғарғы соттың М.Әбіләзовтің жалпы көлемі 5 млрд.-қа жуық активтеріне ішкі басқаруды енгізу қажеттілігі туралы шешімін бекітті. Өйткені, аты шулы қашқын банкир активтерді тоқтату туралы 2009 жылы берілген ордерді орындаған жоқ болатын.
2009 жылы мемлекеттің “БТА банк” АҚ капиталына енуінен кейін және ол “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қоры бақылауына өтісімен Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Әбіләзовке қатысты банктен жалған компаниялар арқылы қаржы шығарып, ірі алаяқтық жасаған деген күдік бойынша қылмыстық іс қозғаған еді. Бұдан кейін көп ұзамай банкир Қазақстаннан қашып шығып, өзіне тағылған айыпты саяси уәж деп, Ұлыбританияға барып бас сауғалады.
Осындай алаяқтық жағдайларды байланыстыра қараған Лондонның Жоғарғы соты 2012 жылдың ақпан айында БТА талап-арызы бойынша М.Әбіләзовті жалған мәлімет бергені үшін сотты құрметтемегендік деп танып, 22 айға қамауға үкім шығарды. Алайда, бұл үкім әлі күнге орындалған жоқ, өйткені бизнесменнің нақты тұрағы қайда екені белгісіз қалып тұр. Кейбір мәліметтерге қарағанда, сотталушы бұрын сот талап еткен құжаттарды кезінде жасыру арқылы кейін соны пайдаланып, құпия түрде Францияға өткен тәрізді. Бұған қоса, Лондондағы Жоғарғы сотта М.Әбіләзовтің мүддесін білдіретін Addleshaw Goddard адвокаттық кеңсесі үстіміздегі жылдың мамыр айында өздерінің клиенттерінің тұрғылықты жерін көрсетпеу құқын сұраған көрінеді.
Лондон соты БТА банктен 1 миллиард долларды ұрлауға қатысы бар және соттың қаулысын орындамағаны үшін бұрын қорғану құқығынан айрылған Сейшель және британдық Виргин аралдарында тіркелген бірқатар оффшорлық компанияларға қатысты үкімдерді күшінде қалдырды. Ал сотты құрметтемегеніне байланысты М.Әбіләзовтің апелляциялық шағымы бойынша әлі күнге ресми жариялау болмағандықтан, қазан айында қашқынның британдық заңгерлері сот тыңдауын кейінге қалдыруды сұрап, “БТА Банк М.Әбіләзовке қарсы” процесте судья Найджел Тирға қарсылық білдіріп, өтініш түсірді. Сондай-ақ, тек Қазақстанда ғана емес, М.Әбіләзовке қатысты Ресейде де тоқтам салынып, қылмыстық іс қозғалды. Сөйтіп, бизнесменге қарсы барлығы 9 талапарыз берілген.
Жалпы, бұрын Лондонның Жоғарғы соты Әбіләзов бірқатар айыптаулар бойынша сотты құрметтемегені үшін кінәлі деген шешім шығарғандығын еске түсірген жөн. Қашқын қаржы активтері мен құнды қағаздар елден шығарылған “Бубрис” компаниясының қожайыны болып табылатынын жасырған. Сол сияқты ол Лондонның Жоғарғы сотынан Англиядағы жылжымайтын мүліктің қожайыны болып табылатынын да бүгіп қалған. Осындай айыптауларға байланысты сот Әбіләзовті ұстап, 22 ай мерзімге қамауға алу жөнінде шешім шығарды.
Ал жоғарыда айтқанымыздай, Әбіләзовке қатысты қылмыстық істің 2009 жылдың басында мемлекеттің БТА банк капиталына енуінен және аталған банктің “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қорының бақылауына өтуінен кейін қозғалғанын еске түсірсек, осы қылмыстық іс қозғалған соң Әбіләзовтің елден қашып кеткені белгілі. Бұдан кейін оған қарсы Ресейде де қылмыстық іс қозғалып, сырттай қамауға алу шарасы қолданылды. Ал Қазақстан бүгінде аса үлкен көлемде алаяқтық жасады және банк қаржыларын жалған компаниялар арқылы ел аумағынан сыртқа шығарды деген айыппен БТА банктің бұрынғы басшысын экстрадициялауды талап етіп отыр. Өйткені, Әбіләзовтің БТА банктің басшысы болып тұрған кезде заңсыз жымқырған қаржысының жалпы көлемі шамамен 5 миллиард долларды құрайды деп бағалануда.
Сондай-ақ 2011 жылдың қараша-желтоқсан айларында Лондон сотында Әбіләзовті сотты құрметтемегені үшін қамауға алу жөнінде БТА банктің талап-арызы тыңдалған болатын. Онда талап-арыз беруші тарап өздерінің көзқарасын жауапкер акционерлік активтері туралы сотқа жалған айғақтар берді, жылжымайтын мүлкі жөнінде сотты шатастырарлық мәліметтер келтірді, сонымен бірге соттың тыйым салғанына қарамастан, әлі күнге дейін өз бақылауындағы активтерді басқаруды одан әрі жалғастырып келеді деген дәйектер берді.
Ал қашқын банкирдің арқасында аты дүйім елге белгілі болған БТА банк Әбіләзовтің қолына бюджеттің бірнеше миллиондарға кем болып шығуына апарып соқтырған алаяқтық пен сатқындық айлакерлік амалдармен тиген. Сол кездегі жаңадан құрылған “Астана холдингтің” жас қожайыны 1998 жылы бұрынғы “Казпромстройбанк” пен “Казвнешэкономбанктің” қосылуынан пайда болған “өнімді” сатып алу үшін мемлекеттен жүздеген миллион доллар несие алады. Бұл уақытта бұрынғы кеңестік қаржы мекемелері “Тұран банк” және “Әлем банк” деген жаңа атау алып үлгерген болатын. Сөйтіп, өзара қосылған құрылымдар “Банк Тұран Әлем” деген атау алады да, мемлекет оны тендерге шығарады. Әбіләзовтің ол уақыттарда ақшаны қолма-қол төлеуге шамасы жете қоймай, займ алуға мәжбүр болады. Түптеп келгенде, Әбіләзов 100 миллиондық осы қаржыны мемлекетке ішінара ғана қайтарған.
Демек, БТА банкке қатысты істің тек Қазақстанды ғана емес, сонымен бірге ТМД-ның өзге де бірқатар елдерін дүрліктіргені, дәлірек айтқанда, әуре-сарсаңға салғаны жұртшылыққа енді жақсы мәлім. Мәселен, Мәскеу қаласының Тверь аудандық соты қазақстандық БТА банктен ірі көлемде қаржы ұрлануына қатысы бар деген айыппен аталмыш банктің бұрынғы басқарма төрағасы Роман Солодченконы қамауға алған. Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігінің тергеу департаменті атап көрсеткендей, Солодченко “БТА банк” АҚ-ның бұрынғы төрағасы Мұхтар Әбіләзов жетекшілік жасаған ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болып табылады. Сонымен бірге ол Мәскеуде орналасқан “БТА банк” ЖШҰ-ның да төрағасы болған көрінеді.
Сонымен жоғарыда аталған ресейлік ведомствоның мәліметтеріне қарағанда, 2006-2008 жылдар ішінде “БТА банк” АҚ (Қазақстан Республикасы) пен “БТА банк” ЖШҰ-ның (Мәскеу) бұрынғы басшысы Мұхтар Әбіләзов өзіне бағынышты “Евразия” және “Евразия Логистик” ЖШҰ-лар арқылы өзге компаниялардың “БТА банк” АҚ-тан 776,4 миллионнан астам рубль, 19 миллиондай еуро және 1,4 миллиардтан астам доллар сомасында несие алған. Бүгінде шетелде жасырынып жүрген Әбіләзовтің өзіне тағылған айыптарға саяси астар беруге тырысатыны осындай қитұрқы істеріне байланысты дейміз. Ол осы тұрғыда бірнеше мәлімдемелер де жасады. Дегенмен, Британ соты қазақстандық БТА банктің оның бұрынғы басшысы Мұхтар Әбіләзовтің атына жазған талап-арызының саяси астары бар деп мойындаудан бас тартты және бұрынғы басшыға таққан кінәларының заңдылығын растады. Осындай дәлелді себептерге байланысты да Әбіләзовтің өзін жазықсыз зардап шегуші етіп көрсетуге ұмтылуы Британ сотын иландыра алмаған сыңайлы. Сондықтан да бұрынғы банкирдің мұндай сан қырлы қулығы Лондонда өткен сот процесінде әшкереленіп, аталған елдің Жоғарғы соты “БТА банк” АҚ экс-басшысы Мұхтар Әбіләзовке банкке залал келтіргені үшін одан 2 млрд. доллар өндіруге қаулы шығарды. Міне, қулықтың құйрығы бір тұтам деген осы.
(“Егемен Қазақстан”,
2012 жылғы 27 қараша).