«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ – АШҒАБАДТА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ашғабадта өткен ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлады akopda. kz.

Отырыста өңірдегі орнықты даму мен қауіпсіздікке байланысты мәселелер қарастырылды. ТМД елдерінің сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығына ерекше назар аударылды.

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы дамыту тақырыбы және жалпы қауіпсіздік мәселесі барған сайын өзара байланысты болып бара жатқанын атап өтті.

Мемлекет басшылары “Кеңес халқының 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңісінің 70 жылдығын мерекелеуге дайындық жасау туралы” шешім қабылдады. Отырысқа қатысушылар тірі қалған соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету қажеттігін атап өтті. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс біздің елдерімізді біріктіруші басты тарихи оқиға болып саналатыны атап өтілді.

 

Сондай-ақ отырыста “Достастықтың мәдени астаналары” мемлекетаралық бағдарламасы қабылданды. Ол тату көршілестіктің тарихы, ортақ дәстүрлері мен мәдениеттері арқылы байланыс орнатқан біздің елдеріміздің халықтарын жақындастыру үшін маңызды мәнге ие болады. Биыл Достастықтың мәдени астаналары қазақстандық Астана және түркіменстандық Мары қалалары болып белгіленді.

“Бір жыл – бір тақырып” формуласы бойынша жұмыстар аясында 2013 жылды Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында Экологиялық мәдениет және қоршаған ортаны қорғау жылы деп жариялау туралы шешім қабылданды. Отырысқа қатысушылар біздің елдерімізде тиісті іс-шараның өткізілуі осы саладағы мемлекетаралық серіктестікке серпіліс беретініне сенім білдірді.

Бұл тақырып аясында Қазақстан “Жасыл көпір” және “Жаһандық энергия-экологиялық стратегия” астаналық бастамасын әзірледі. Бұл құжаттардың ережелері “РИО+20” қорытынды құжатында көрініс тапқан. Сонымен қатар ТМД елдерінде экология туралы қамқорлық Қазақстанның EXPO-2017-дағы “Болашақтың энергиясы” тақырыбымен үндеседі.

Отырыстың қорытындысы бойынша ТМД-ға мүше мемлекеттердің біріктірілген валюталық нарығын ұйымдастыру саласындағы ынтымақтастық туралы, ТМД-ға мүше мемлекеттердің қаржылық барлау бөлімшелері жетекшілерінің Кеңесін құру туралы, ТМД-ға мүше мемлекеттердің құзырлы органдары жоғары оқу орындарында антитеррористік бөлімшелер мамандарын даярлауда ынтымақтастық туралы, терроризмге және өзге экстремистік зомбылық көрсетуге қарсы күресті жүзеге асырушы құзырлы органдарды материалдық-техникалық қамтамасыз етуде ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.

Сондай-ақ ынтымақтастықтың түрлі бағыттары бойынша 19 шешімге қол қойылды, ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының Декларациясы қабылданды.

Қазақстан Президенті саммитте қол жеткізілген уағдаластықтар мемлекетаралық серіктестіктің іргетасын нығайта түсетініне сенім білдірді.

***

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркіменстан Президенті Ғұрбанғұлы Бердімұхамедовпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында сауда-экономикалық және көлік-коммуникациялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың негізгі бағыттары талқыланды.

Сонымен қатар Мемлекет басшылары Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы келешектегі мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл мәселесін қарастырды.

***

Ашғабадта Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті.

Мемлекет басшылары сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту және дамыту мәселелерін, сондай-ақ бұдан бұрын қол жеткізілген келісімдер мен уағдаластықтарды іске асыру барысын талқылады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp