«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨРТТІҢ ӘЛЕГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жыл басынан бері өңірімізде 783 өрт оқиғасы тіркеліп, одан 487 миллион теңгенің шығыны келді. Отта 45 адам көз жұмса, оның бесеуі – бала. Ал 32 адам түрлі дене күйігін алды.

Өткен аптада 20-дан астам өрт орын алды. Адам шығынынсыз болмады. Тайынша ауданының орталығында орналасқан 4 пәтерлі тұрғын үйден өрт шығып, оның 72 жастағы тұрғынын құтқару мүмкін болмады. Оқиға орнынан оның мүрдесін өртсөндірушілер тапты.

 

Ал Есіл ауданындағы Корнеевка ауылындағы тұрғын үйлердің бірінде газ баллоны жарылды. Үйдің 62 жастағы иесі даладан 5 литрлік газ баллонын әкеліп, оны жылыту үшін пештің үстіне қойған. Жарылыс болардың алдында үй иесінің әйелі дүкенге кеткен. Отқа жылынған баллон жарылып, оның салдарынан үйдің екі қабырғасы опырылып, шатырдың жартысы құлаған. Бұдан үйдің қалған қабырғалары, терезе, едендері қисайды. Үй иесі 3-ші дәрежелі күйікпен орталық аудандық ауруханаға жеткізілді. Қазіргі таңда оның әйелі туыстарында тұрып жатыр. Себебі, жарты бөлігі құлаған өз үйлерінде тұру өте қауіпті.

Ал Қызылжар ауданының Соколовка ауылының 59 жастағы тұрғыны ауыз үйде сапасы төмен ұзартқыштың тұйықталуынан шыққан өртті өзі сөндірмек болып, қолынан 2 дәрежелі күйік алды.

Ал Петропавл қаласындағы Новая көшесіндегі 71-үйде тұратын 49 жастағы әйел өрттің шығуына өзі себепкер болды. 3 бөлмелі пәтердің иесі темекі тартпақ болып, сіріңке тұтатқанда, оттың ұшқыны синтетикалық халатына тиген. Жана бастаған халатын сөндірмек болып ваннаға жүгіргенде, от жердегі кілемдерге түскен. Одан от есіктің пластикалық қаптамасына және төбеге жапсырылған тақталарға ауысқан. 1, 2 дәрежелі күйік алған әйел ауруханаға жеткізілсе, отпен күрескен өрт сөндірушілер тұрғын үйден 18 адамды қауіпсіз жерге көшірді.

Солтүстікқазақстандықтардың үйінде орын алған өрт оқиғаларының дені пешті салуда және пайдалануда өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағандығынан орын алған. Осындай өрт оқиғалары Есіл ауданының Амангелді, Покровка, Явленка, Қызылжар ауданының Тепличное, Бугровое, Вознесенка ауылдарында болды.

Қызылжар ауданындағы Семипалатное және Бескөл ауылдарының тұрғындарының басын өздерінің салғырттығының салдарынан орын алған бір қасірет біріктіріп отыр. Олар сөнбеген шоқтары бар күлді шаруашылық құрылысының маңына төккен. Осы орайда төтенше жағдайлар қызметінің мамандары күлді арнайы орындарға төгуге және тұтанған отты сумен сөндіруге кеңес береді.

Облыс орталығындағы Матвеев көшесінде орналасқан жекеменшік үйдің қосалқы шаруашылық ғимараттары отқа оранып, толығымен күйіп кетті. Оқиға орнынан 5 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Тұрғындардан ешкім зардап шеккен жоқ.

Сондай-ақ Волочаевск көшесінде орналасқан монша, 314-атқыштар дивизиясы көшесінде “Фольксваген Пассат” автокөлігі отқа оранды.

Облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp