«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БАРМАСАҢ, БАУЫРЫҢ ЖАТ” екендігін “Достықтың жол картасы – 2012” мега-жобасы еске салғандай

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кәрібай МҰСЫРМАН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Елбасының тапсырмасына орай үстіміздегі жылы ұйымдастырылған “Достықтың жол картасы – 2012” мега-жобасы аясында жуырда Қызылжар өңіріне Ақмола облысының делегациясы қонаққа келіп, ауылы аралас, қойы қоралас өңірдің этномәдени бірлестіктерінің өнерпаздары концерт қойып кеткен болатын. Достық эстафетасын қабыл алған солтүстікқазақстандықтар енді оны одан әрі жалғастыру мақсатымен Қостанай облысына сапар шекті.

Жолдың көктайғақтығынан баяу жүруге тура келген автобустар бізді 450 шақырымдай жердегі Қостанай қаласына он екі сағатта әрең жеткізді. Бірақ, көршілес қос облыстың қақ шекарасында әндетіп-думандатып, шашу шашып, құшақ жая қарсы алған қостанайлықтардың ыстық ықыласы көңілімізді өсіріп, шаршағанымызды ұмыттырып жіберді.

 

Қостанайдағы облыстық Достық үйі де біздегі сияқты қаланың ортасында орналасқан екен. Оны 2006 жылғы 7 қыркүйекте еліміздің Тұңғыш Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өз қолымен ашқандығын қостанайлықтар мақтаныш тұтады. Мұнда 17 этномәдени бірлестік бір шаңырақ астында қоян-қолтық жұмыс істеуде.

Бір айта кетерлігі, біздегі Достық үйін заңды тұлға етіп құру жайы ара-тұра сөз болып, көкейкесті мәселе етіп көтеріліп жүрсе, қостанайлықтар оның оңтайлы шешімін әлдеқашан тапқан сияқты. Мұндағы Достық үйі облыстық мәдениет басқармасына қарайтын жеке мекеме ретінде құрылыпты. Назар аударып, ойланарлық жайт.

Қостанайдағы этномәдени бірлестіктердің құрамына келсек, мұнда бізде жоқ грек, түркімен және Балтық жағалауы елдері халықтарының ұлттық-мәдени орталықтары да жұмыс істейді екен.

Осы Достық үйінде өткен “Тұрақтылық, бірлік, жаңару – Қазақстанның табысты дамуының негізі” тақырыбындағы “дөңгелек үстел” басындағы әңгімені Қостанай облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары Серік Бектұрғанов ашып, жүргізді. Бірден айта кетейік, бізге көрші облыс әкімінің орынбасарының облыстық ассамблея төрағасының екі орынбасарының бірі әрі негізгісі болып табылатыны қисынды сияқты болып көрінді. Мұның өзі облыстық ассамблеяның беделін арттырмаса, кемітпесі анық. Айтпақшы, Ақмола облысында да солай екен.

Қостанай облыстық ассамблеясы төрағасының екінші орынбасары – хатшылығының меңгерушісі Баһадүр Дәндібаевтың бұрын көп жыл аудан әкімі болып, саяси жұмыста ысылған, өмірлік тәжірибесі мол адам екендігі де көрініп тұрды. Бұл да көрші өңір басшылығының осынау шетін тұстары аз емес, этносаралық қатынастар саласына ерекше мән беріп отырғандығын аңғартқандай.

“Дөңгелек үстел” барысында Петропавлдағы №17 ұлттық жаңғыру мектепкешенінің директоры Гүлмира Кәрімова сөз алып, еліміздегі бірегей білім ордасы болып саналатын өз мекемесінің тәжірибесін ортаға салды. Ал Қостанайда өз ана тілін үйренгісі келетін ұлттық диаспоралар өкілдері 10 жексенбілік мектеп ұйымдастырып, олардың сабақтарын Достық үйінде өткізеді екен. Ал біздің ұлттық жаңғыру мектебі өзге этностар өкілдеріне туған тілдерін оқытумен қатар, былтырдан бері Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы облыстық филиалының өтінішіне орай Петропавл қаласындағы орыс мектептерінде орысша оқитын қазақ балаларына ана тілін, ата салт-дәстүрін үйрететін арнайы бөлім ашып, тағы бір игілікті істі қолға алғандығымен ерекшеленеді. Сондықтан да біздің аталмыш мектебіміз қостанайлықтардың да қызығушылығын туғызған тәрізді.

Қазақстан халқы Солтүстік Қазақстан облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылығының меңгерушісі Елена Мезева мен Қостанай облыстық Достық үйінің директоры Антон Труханов қолданбалы өнерді, халықтық кәсіпшілікті өркендету хақында сөз қозғады. Бұл орайда қос өңірде де сәтті қадамдар, игі ұмтылыстар бар екендігі аңғарылды.

“Дөңгелек үстел” соңында қостанайлықтар үстіміздегі жылы облыстық мәдениет басқармасының құрылтайшылығымен шығарылған, жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары енгізілген “Тобыл толқындары” әдеби альманағын бізге тарту етті. Мұндай альманах қызылжарлық қаламгерлерге де қажет-ау деп, қызыға ақтардық беттерін…

Қостанайлықтар Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрының былтыр облыстық бюджеттен бөлінген 2,5 миллиард теңгеге салынған, жаңа да аса сәулетті 230 орындық ғимаратын қала меймандарына мақтанышпен көрсетеді екен. “Бұрынғы облыс әкімі Сергей Кулагиннің кезінде Көкшетаудың қазақ театрын да қаланың орталығындағы ғимаратқа көшіріп, ұлттық өнерімізге жанашырлық танытқанын естіген едік, сол өнегесін Қостанайда да көрсетіп кеткеніне ризамыз”, – десті қостанайлық ағайындар. Мақтанса, мақтанғандай екен. (Әрине, астығына қоса, қазба байлығы мол, қазыналы Қостанай облысының бюджеті қандай нысан тұрғызуға да мүмкіндік беретіні аян. Ал біздің қала шетіндегі, әрі тарлау С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрына қала орталығынан жаңа ғимарат салу үшін республикалық қазынадан қаржы сұрамай болмайды). Сол театрға жиналған қауым алдында біздің Қызылжар өңірі туралы шағын бейнефильм көрсетіліп, облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов “Достықтың жол картасы – 2012” мега-жобасының эстафетасын қостанайлықтарға салтанатты түрде табыстады. Содан кейін облысымыздың өнер ұжымдары өздері әдейілеп дайындап әкелген концерттік бағдарламасын ұсынды.

“Бармасаң, бауырың жат” демекші, осы сапар екі өңірдің арасын тіпті жақындатып, қолда бар асылымыздың қадірін білуге, әзірге жоқ нәрсеміздің орнын толтыру жайын ойлауға, яғни тәжірибе алмасуға түрткі болғаны анық. Қостанайлықтар “Достықтың жол картасы” мега-жобасын одан әрі жалғастыру үшін келесі жылдың қаңтарында Ақтөбеге аттанбақшы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp