«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕКСЕРУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТЕКСЕРІСТЕРІ нәтижесінде 101,7 миллион теңге бюджетке қайтарылуы тиіс

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Жұма күні облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы болды. Облыс әкімі Серік Біләловтің төрағалығымен өткен отырыста бірқатар басшыларға хаттамалық тапсырмалар берді.

 

 

Облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Дулат Едіресовтің айтуынша, өткен 9 айда 83 нысанға бақылау жүргізілген. 394 бюджеттік бағдарлама тексеруге алынып, жалпы сомасы 3 миллиард 2 миллион теңгені құраған әртүрлі заң бұзушылықтар әшкереленген. Оның 101,7 миллионы бюджетке қайтарылуы тиіс болса, бүгінде облыс қазынасына 11,8 миллион теңгесі түскен көрінеді. Алайда, бұл – қайтарылуы тиіс қаржының тек 11,6 пайызы. Сондай-ақ 83 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған. Дулат Едіресов мемлекеттік бағдарламалар аясында жоспарланған шараларға қыруар қаржы бөлінсе де тиімді жүзеге асырылмауда, деді. Мысалы, өткен 2011 жылғы облыс бюджетінің қорытындысына сүйенсек, мемлекеттік бағдарламалар аясында әлеуметтік мәселелерді шешу үшін республикалық бюджеттен бөлінген екі жарым миллиард теңгенің мақсаттық трансферттері мен кредиттері игерілмеген. Сондай-ақ салық органдары өз міндеттерін тиісінше орындамай отыр, деген тексеру комиссиясының төрағасы салық төлеушілердің тиісті төлемақыны өтеуге тартылмауы фактілері кездескенін айтады. Жергілікті жерлерде мұндай 87 факті тіркеліп, осының салдарынан облыс қазынасына 1 миллион теңге қаржы құйылмаған. Дулат Едіресов бақылау жүргізілген Айыртау, Шал ақын және Тимирязев аудандарындағы жағдайларға тоқталды. Бүгінгі таңда Тимирязев ауданында 160 миллион теңгенің заң бұзушылығы тіркелген. Осы орайда облыс әкімі Серік Біләлов Шал ақын және Тимирязев аудандарында бюджеттік қаржының игерілуі бойынша сараптама жүргізуді тапсырды.

Ал облыстың құрылыс саласындағы жұмысты үйлестіру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша атқарып жатқан шаралар туралы баяндаған Игорь Киселев өзі басқарып отырған облыстық басқарма “бармақ басты, көз қыстылықтан” таза, деді. Алайда, комиссия мүшелері жергілікті жерде құрылыс бөлімдері мамандарының тұтылып жатқанын алға тарт ты. Мәселен, үстіміздегі жылы 10 лауазымды тұлға түрлі жауапкершілікке тартылса, оның бірінің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Жергілікті құрылыс бөлімдері біздің басқаруымызда емес, деген Игорь Киселевтің бұл уәжін комиссия мүшелері орынсыз деді. Осы орайда құрылыс нысандарын жобалауда нақты жоспарлау жоқтығынан сыбайлас жемқорлыққа апаратын жағдайлар орын алып отырғандығын айтқан Серік Біләлов қаржыландыру жұмысын солтүстіктің ауа райы ерекшелігін ескере отырып жоспарлау қажет, деді. Сондай-ақ аталмыш саладағы мәселелерді шешу үшін жарты жылда бір рет облыс әкімінің құрылысшылар қауымдастығымен кездесуін өткізу керек, деген өңір басшысы оған ірі құрылыс компаниялары өкілдерінің қатысуы қажет екендігін атап өтті. Облыстық құрылыс басқармасының аудандағы бөлімдермен жүйелі байланысы жоқтығы да мәселені ушықтырып отыр. Сондай-ақ құрылыс саласында қордаланған кемшіліктерге кадр мәселесі де теріс әсер етуде. Осы орайда Серік Біләлов облыстық құрылыс басқармасының бастығына өз саласында заң бұзушылықтың алдын алу үшін 2013 жылға арналған іс-шаралар жоспарын жасауды тапсырды.

Отырыс барысында аталмыш мәселе бойынша Айыртау мен Уәлиханов аудандарында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Облыс әкімі қос аудандағы бірқатар мәселелерге қатысты “Нұр Отан” ХДП аудандық филиалдарының жұмысын белсендетуді, жергілікті жерлердегі құрылыс барысын қадағалау үшін партияның бақылау бекеттерін құруды тапсырды.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp