Бүгінде сот органдарынан қашып жүрген халықаралық қылмыскер Мұхтар Әбіләзов ерте ме, кеш пе заң алдында жауап береді. Оның жасаған қылмыстары жетіпартылады. Сол үшін де ол ұзақ мерзімге сотталуы тиіс. Қазіргі кезде Әбіләзовке қарсы БТА банк салымшылары ғана емес, Ресей және басқа да елдердің алданған тұрғындары нақты талаптар қоюда. Еске сала кетейік, Әбіләзов британдық сотты сыйламағаны және өзінің миллиардтаған активтерін жасырғаны үшін ағылшын түрмесінде 22 ай отыруы қажет еді. Англияның Жоғарғы соты осындай шешімді биылғы жылдың басында шығарған болатын. Ал көпшілігімізге белгілі, жақында осы сот қылмыскер Әбіләзовтен қазақстандық БТА банктің мүддесіне 2 миллиард доллар өндіру туралы қаулы шығарды. Алаяқтан осыншама көлемдегі ақша өндіру жөніндегі қаулы БТА банктің екі азаматтық талап-арызы бойынша шығарылған. Бүгінде банк Әбіләзовтің заңсыз түрде 6 миллиард доллар сомасындағы қаржыны иемденгенін дәлелдеп отыр. Сарапшылардың пікірі бойынша, банк директорлар кеңесінің бұрынғы басшысы қылмыстық жолмен Қазақстаннан БТА банк және оффшорлар арқылы 10 миллиард долларға жуық қаржыны жылыстатқан.
2010 жылғы желтоқсанның басында Англияның апелляциялық соты Жоғарғы соттың Әбіләзовтің сыртқы басқару активтерінің жалпы көлемі 5 миллиард доллар екендігін шешім бойынша анықтады. Бірақ ол 2009 жылғы берілген активтерді тоқтату туралы ордерді орындамады. Қазақстандықтар сияқты ресейліктер де алаяқ Әбіләзовтің тұтқынға алынуын асыға күтіп отыр. Өйткені, иненің көзінен өтетін жылпос көрші елге де өз қылмыстық ізін қалдырған. Ресейлік РБК Daily газетінің мәліметінше, қылмыскер Әбіләзов Қазақстаннан ғана емес, Ресейден де аса үлкен көлемде қаржы ұрлаған. Бұл қаржылар оның БТА және АМТ банктері салымшыларының сеніп салған қаражаттары болатын.
Аталған басылым, сондай-ақ Кипрде арнайы құрылған оффшорлық компаниялар арқылы миллиардтаған долларды жылыстатқанын жазады. Аты шулы алаяқтың көптеген сыбайластары қазірдің өзінде тиісті жазаларын алып, түрмелерде жазасын өтеп жатыр. Олардың қатарына Әбіләзовтің жақын сыбайластарының бірі, жақында Чехияда ұсталған Т.Параскевич те қосылатын болады. Ал оған қазақстандық БТА банктен 5 миллиард доллар ұрлады деген күдік келтіріліп отыр.
Ресейлік құқық қорғау органдарының мәліметтеріне қарағанда және тергеу амалдарының барысы көрсеткендей, Т.Параскевич сыбайласы Әбіләзов басқарған халықаралық қылмыстық топтардың қатысушысы болып табылады. Ол қылмыстық жолмен ақша жымқырудың жолын дайындаушы рөлін атқарған. Сонымен қатар ол қаржылық құжаттармен, оның ішінде әртүрлі қағаздарды бұрмалаумен айналысқан. Бір қызығы, Ұлыбританияда сотты болған қылмыскер Әбіләзовке қарайтын ресейлік АМТ банкінде жасалған алаяқтық әрекеттер мыңдаған БТА банкі салымшыларын сан соқтырып кеткен айла-әрекеттерімен өте ұқсас келеді. Олар да классикалық қаржы пирамидасын құру арқылы бұрынғы кредиторлардың қарыздарын жаңа кредиторлардың салған қаржыларымен жауып отырған.
Әбіләзовтің банкі көпке дейін қаржылық пирамида режімінде жұмыс істеп келген. Бұл талайды зар қақтырған МММ пирамидасының классикалық үлгісін көрсетеді. “Известия” газеті Әбіләзовтің АМТ банкі пирамидасы жөніндегі материалдарды әлі жалғастырып келеді. Бұл тақырып қазірге күн тәртібінен түспейтін сияқты. 2010 жылдың 12 тамызында Ресейдің Орталық банкі АМТ-ны тұрғындардан салымдар қабылдауға тыйым салды. Бірақ банк салымшылардан салым қабылдауды тоқтатпады, қайта ставкаларды өсіре түсті. Бұл үдеріс АМТ банкротқа ұшырағанға дейін жалғаса берді. Осылайша салымшылар алаяқтардың алдауына түсіп, ақшаларынан қағылды.
Кейін белгілі болғанындай, Әбіләзовтің АМТ банкіне банкроттық механизмі қосылғанда барып, ондағы активтердің мөлшері төрт есе аз болған. Керек болса, ондағы қаржы бірінші кезекте кредиторлардың ақшасын төлеуге де жетпеді. Ал алданған салымшылардың жалпы саны 5,5 мың адамды құрады. Әбіләзов болса, алданған клиенттердің ақшасын қылмыстық жолмен шетелдегі оффшорлық есеп-шоттарға аударып келген. Әбіләзовтің кредиторлары қатарында тек бизнесмендер ғана емес, жұмысшылар мен зейнеткерлер, әлеуметтік құрылымдардың қызметкерлері, сондай-ақ АМТ-ға 2008 жылы кепілсіз 24 миллиард рубль берген Ресей банкі де болды.
2008 жылғы дағдарыстың белең алған кезінде де Әбіләзов Ресей Орталық банкінен ешқандай кепілсіз бірнеше рет жалпы көлемі 27 миллиард рубльден астам кредит алған екен. Қылмыскер бұл қаражаттарды белгілі мақсаттарға пайдаланбаған, яғни өзінің салымшыларының қарыздарын төлеп отырған. Тіпті, АМТ банк Ресей банкінен алған 24,2 миллиард долларды сол сәтте-ақ Әбіләзовке қатысты компаниялар тобын несиелеуге аударып жіберген. Тергеу барысында мемлекеттің осы қаржысын Әбіләзов бірқатар батыс банктеріне аударғаны дәлелденді.
Шынында да, Әбіләзов бенефициар ретінде өзінің екі банкін кредиторлар мен салымшылардың есептеріндегі ақшаларды шетелдік құрылымдарға жылыстату үшін пайдаланған. Жылыстатуға үлгере алмай қалған ақшалар Әбіләзовтің компанияларының есебінде тұрған. Ал БТА банк пен АМТ банкіне түк те қалмаған. Осылайша Әбіләзов алаяқтық жолмен мыңдаған адамдардың миллиардтаған теңге, доллар және рубльдерін шетел асырып, өз клиенттерін “лақтырып” кеткен. Жылпостың алдауына қазақстандықтармен қатар, ТМД елдерінің де тұрғындары көптеп түскен. “Новости” ақпарат агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, алданғандар қаржысының көлемі 500 миллион доллардан асады. Тіпті, олардың ішінде белгілі британдық HSBC, “Standard Chartered”, RBS және “Barclays” банктері де бар. Бүгінде олар қолды болған қаржыларының ең болмаса бір бөлігін қайтарып алуға үміттеніп отыр.
Қылмыскер Әбіләзов осындай ұятсыздықпен ресейліктерді де, британдық қаржы құрылымдарын да және олардың салымшыларын да тақырға отырғызып кетті. Оның жоғарыда аталған қылмыстық әрекеттерін шетелдіктер де, оның ішінде Ұлыбритания тұрғындары да жақсы түсінді, оған баспана берудің қажетсіз екендігін анық білді. Сондықтан да Лондонның Жоғарғы соты өз шешімімен сот органдарын құрметтемегені үшін жауапқа тартты. Бұлардан бөлек Әбіләзовтің Жаңаөзен оқиғасына қатысы бар екендігі, белгілі бір топтарды қаржыландырғандығы дәлелденіп отыр. Алаяқ ұрлаған ақшасын жазықсыз жандардың өліміне әкеліп соқтырған қанды оқиғаға жұмсағаны бүгінде бүкіл қазақстандықтардың ашу-ызасын туғызуда.
Әбіләзовтің Жаңаөзендегі қайғылы жағдайға тікелей қатысы бар екендігі сот барысында дәлелденді. Оны өзінің “сыбайластары” Козлов, Сапарғали және басқалар айтып берді. Өңірдегі жағдайды тұрақсыздандыру әрекеттері Әбіләзовтің нұсқауымен жүзеге асқандығы белгілі болды. Олар оның бұйрығы бойынша әрекет еткен, мұнайшылар мен жұмыс берушілер арасында кикілжіңдер туғызған. Осылайша халықаралық қылмыскер еліміздің конституциялық құрылысын өзгертуге әрекет жасаған. Сонымен бірге ол “Алға” және “Халық майданы” топтарын қаржыландырып отырған. Мұның барлығы сот процесі кезінде нақты дәлелін тапты.
“Алғаның” бұрынғы мүшелерінің бірі сот барысында Әбіләзовтің Маңғыстау облысындағы жағдайды тұрақсыздандыру үшін жаппай тәртіпсіздіктер жасауға шақырғандығын айтып берген. Оның айтуына қарағанда, ол жаппай тәртіпсіздіктің соңы қиын жағдайларға ұрындыратынын түсінген. Өкінішке қарай, Жаңаөзенде қайғылы оқиға орын алды. “Алғаның” бірқатар мүшелері қылмыстық әрекеттері үшін түрлі мерзімге бас бостандықтарынан айрылды. Қазіргі кезде олар Әбіләзовтің сөзіне алданып қалғандарына өкініп отыр.
Жаңаөзендегі оқиғаның орын алуына және мұнайшылар мен жұмыс берушілердің арасындағы түсініспеушіліктің өршуіне Әбіләзов қаржыландыратын БАҚ-тар да өзіндік үлес қосқанын атап өткен жөн. Сондықтан да еліміздің Бас прокуратурасы сот тәртібімен бірқатар БАҚ-тарды экстремистік деп таныды және оларды жапты.
Қазіргі кезде сот органдарынан бой тасалап жүрген халықаралық қылмыскер Әбіләзовтің қайда екендігі белгісіз. Алаяқ ерте ме, кеш пе өзінің қолымен істеген қылмыстары үшін жауап берері анық. Оның қазіргі жасырынып жүрген жері оған уақытша ғана баспана деуіміз қажет. “Өзі құрған тұзаққа өзі түседі” демекші, халықаралық қылмыскер Әбіләзовтің орны абақты болмақ.
(“Егемен Қазақстан”, 2012 жылғы
6 желтоқсан).