«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИЗНЕСМЕНДЕР БІРЛЕСІП, биік белестерді бағындырмақ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан мен Ресей шекарасында алдағы уақытта логистикалық орталық салынатын болады. Бизнес саласында да бірқатар ортақ жобалар іске асырылмақ. Омбы қаласында солтүстікқазақстандық делегация мүшелерімен өткен кеңесте осы және басқа да мәселелер қаралып, бірқатар келісім-шартқа қол қойылды.

Самат ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ,

журналист.

Бизнес өкілдері сауда-өнеркәсіп палатасында жиналды. Қазақстан мен Ресейдің бизнесмендері екіжақты ынтымақтастық және инвестициялық мүмкіндіктерді дамытудың келешегін талқылады. Жобалар бар. Енді оларды болашақта жүзеге асыру қажет. Мәселен, тауарларды көтерме бағаға сатып алып, кейін басқаларға өткізетін “Афанасенко” делдал фирмасы құс етін Қазақстанға импортқа шығармақшы.

 

“Арқалық” шаруа қожалығының директоры Нағашыбай Барлыбаев өндірісін ұлғайтып, қымызды экспортқа шығармақ. Ол үшін кәсіпкер Ресейден 50 бас асылтұқымды жылқы сатып алуды жоспарлап отыр.

“Солтүстік Қазақстан мен Омбы облысының инвесторларының арасында тығыз қарым-қатынас орнады. Бізге жеткізілетін тауардың 50 пайызы Омбыдан келеді.

 

– Кеден одағы аясында әріптестік одан әрі қарқын ала түсті. Қазіргі таңда облыстағы он кәсіпорын өз өнімдерін Ресейге экспортқа шығаруда. Енді Ресейге қиыршық тас та жеткізетін боламыз. Болат құбырларын тасымалдау мәселелері шешілмек. Сондай-ақ “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы техника құрастыру жұмысын өзімізде қолға алатын болады”, – деді СҚО сауда-өнеркәсіп палатасының төрайымы Нелли Кукушкина.

Бұдан соң делегация мүшелері “СанИнБев” компаниясында болды. Мұнда солтүстікқазақстандық бизнесмендер сыра қайнату өндірісінің технологиясын өз көздерімен көрді. Омбы қаласындағы бұл кәсіпорын 1980 жылы ашылған. Әлемдік нарықта ойып алар орны бар зауытта қазіргі таңда 800-ден астам адам қызмет етеді. Ал дайын болған өнім әлемнің түкпір-түкпіріне жөнелтіледі. Кәсіпорынға қойылған қондырғылардың барлығы автоматтандырылған. Компанияның 23 мемлекетте осындай зауыты бар. Барлығында 100 мыңнан астам адам еңбек етсе, тек Ресей Федерациясында тоғыз мыңға жуығы қызмет жасайды.

Кеш түсе екі елдің ресми және іскер топтары өкілдерімен арнайы кеңес ұйымдастырылды. Жиынды ашқан Омбы облысының губернаторы Виктор Назаров шекаралық аймақтар деңгейіндегі әріптестік Қазақстан мен Ресейдің қазіргі мемлекетаралық қарым-қатынасында ерекше маңызға ие екендігін айтты. Облыс әкімі Серік Біләлов те бұл жайында өз ойын ортаға салды. “Биыл Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы достық пен әріптестік келісімшартына қол қойылғанына – 20 жыл. Биыл Павлодар қаласында өткен кездесу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы уақыт аралығында екі мемлекет биік белестерді бағындырғандығын айтқан болатын. Республикамызда Президенттің ауқымды бағдарламалары жүзеге асырылу үстінде. Бұл салалардың дамуына сіздер де үлес қосып жатырсыздар. “ЕХРО-2017” әлемдік көрмесі Астана қаласында өтеді. Айтулы шараға Сіздер, ресейліктердің қатысатындықтарыңызға сенімдімін. Екі облыс бірлесе отыра бірқатар кәсіпорындар ашу ойымыз бар. Қазір ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс салалары бойынша әріптестік орнады. Болашақта логистикалық орталық ашылады. Бұл қызметтің түр-түрін көрсетеді. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары пайда болады. Мұның барлығы – екі ел Президенттерінің тапсырмасы”, – деді өңір басшысы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp