ҚР Дін істері агенттігінің Төрағасы
Қайрат Лама ШАРИФ:
“ИСЛАМ ДІНІ ӘЙЕЛГЕ ҚҰРМЕТПЕН ҚАРАЙДЫ”
Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің “Қазақстан – 2050 Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Қазақстан халқына Жолдауында жаңа кезеңдегі әлеуметтік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі ретінде ана мен баланы қорғауды бірінші орынға қойды.
Мемлекет басшысының: “Бойжеткен, әйел заты әрдайым біздің қоғамның теңқұқылы мүшесі, ал ана – оның ең ардақты тұлғасы болды” деген көпшіліктің қолдауына ие болған тезисі халықты бір мақсатқа жұмылдырған, мемлекеттік және қоғамдық деңгейге көтерілген басымдыққа айналды.
Бұл мәселеге кеңірек тоқталсақ, от басы, ошақ қасының берекесі, ата мен ана, ұл мен қыз секілді құндылықтарды халқымыз қашанда қастер тұтқан және қастерлей де бермек.
Бұл жерде ата-ананың орнын өте жоғары бағалайтын асыл дініміз – исламнан дәлел келтірген жөн деп ойлаймын. Мұхаммед пайғамбарымыздың “Ата-ананың балаға бере алатын ең жақсы мұрасы – жақсы өнегелі тәрбиесі” деген хадисі бар.
Бұл жерде ананың рөлі ерекше маңызды. Қазақ халқы: “Әйел күннің шуағынан жаралған” деп дәріптесе, Алланың пайғамбары “Жәннат – аналардың басқан ізінің астында” деп әйел қауымды ұлықтаған.
Елбасы өзінің Қазақстан халқына биылғы Жолдауында: “Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз. Біз ананы қорғапқолдауымыз керек. Мені отбасында әйелдер мен балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету жайттарының көбеюі алаңдатады. Әйелді құрметтемеу деген болмау керек. Бірден айтайын, ондай зорлық-зомбылықтың жолы қатаң түрде кесілуі тиіс. Мемлекет әбден асқынған жыныстық құлдыққа, әйелге тауар ретінде қарайтын көзқарасқа айрықша қатаң түрде тыйым салуға тиіс”, – деп ерекше атап көрсетті.
Елбасымыздың осы ұлағатты сөзінің аясында Қасиетті Құранның әйел мен еркектің Жаратқан Иеміз – Алла тағаланың алдындағы құқығы мен міндеткерлігі бірдей екендігіне куәлік беретінін атап айтқым келеді. Исламға дейінгі кезеңде, яғни жаһилия заманында кейбір араб тайпалары қыз балаларды тірідей жерге көметіні туралы тарих сыр шертеді. Алла тағала Құран аяттарын адамзатқа түсіре отырып, бұл әдетті кісі өлтіру қылмысымен тең санап, үлкен күнә ретінде тыйым салды. Ислам бейкүнә сәби қыздардың өмірін құтқарғанда, олар есейгеннен кейін әділетсіздік пен теңсіздіктің зардабын шеге берсін деп құтқарған жоқ, оларға барлық кезеңде, соның ішінде бойжетіп, әйел, ана болған шақта да жылы жүзбен әділ қарым-қатынас жасауды талап етті.
Ислам әуелден-ақ адам баласы ретінде еркек пен әйелдің құқығын бір-бірімен тең санады. Құран Кәрімде адам баласы екі жыныста – еркек және әйел болып жаратылғаны туралы айтылған. Мұхаммед пайғамбарымыз: “Құптарлық істердің ең қайырлысы – көркем мінез-құлық. Көркем мінез-құлық – иманның жартысы. Кімде-кім өзінің сенімінің күшейгенін қаласа, өз жұбайына жылы махаббат сезімімен қарайтын болсын”, – деген екен.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауында: “Мен ажырасуға қарсымын, жастарды отбасы құндылығы, ажырасудың қасірет екендігі рухында тәрбиелеу керек, өйткені, оның салдарынан ең алдымен, балалар зардап шегеді. “Әкесі қой баға білмегеннің баласы қозы баға білмейді”. Бала тәрбиесі – тек ананың емес, ата-ананың екеуінің де міндеті”, – деп баса айтты.
Барлық әлемдік діндер, соның ішінде ислам да отбасын құру мен бала тәрбиелеуге ерекше мән береді. Мұхаммед пайғамбарымыз былай деген: “Исламда неке қиюдан абзал іс жоқ. Кімде-кім менің сүннетіме сай өмір сүргісі келсе, үйленсін. Некелесіңдер, өсіп-өніп, қатарларыңды көбейтіңдер”.
Ислам еркек пен әйелдің барлық ерекшеліктерін ескере келіп, отбасын басқару рөлін ер-азаматқа берген.
Қасиетті Құран Кәрімде: “Ерлер – әйелдердің қамқоршысы, өйткені олар әйелдер үшін өздерінің мал-мүлкін сарп етеді” делінген. Сондай-ақ Мұхаммед пайғамбарымыздың “Нашар мінез-құлықты адам ең алдымен өзі зардап шегеді. Ең үлкен кемшілік – өз айыбыңды көрмей, біреудің мінін іздеу” деген хадисін мұсылман баласы күнделікті тіршілікте “кесе сылдырлағанда” еске алып отырады.
Отбасылық мәселелер дөрекілік, қияңқылық пен бірбеткейлікке салынып шешілмейді. Бұл мәселені кеңірек қарастырар болсақ, отбасындағы моральдық ахуал және адамгершілік, отбасыны нығайтуға, отбасының берік болуына көңіл бөлу секілді құндылықтар әрдайым жоғары бағалануға тиіс екенін ерекше айтуға болады. Менің ойымша, өзара құрмет пен түсіністік – салауатты және берекелі отбасын құрудың, отбасында дені сау нәрестенің туылуының кепілі екенін дәлелдеп жатудың өзі артық.
Мұхаммед пайғамбарымыздың бұл жайында айтқан нақыл сөзі бар: “Әйел иілген қабырға іспеттес, оны түзетем деп әуреге салсаң, сындырып аласың. Ал әйеліңнің тілін тапсаң, иілген қабырғаң жаныңның жастығы болар” деген.
Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында: “Біз Қазақстан қыздарының сапалы білім алып, жақсы жұмысқа ие болуы және тәуелсіз болулары үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет.
Олар заманға сай болуға, сәнденуге тиіс және біздерде ешқашан киілмеген, салтымызға жат киімдерге оранып-қымтанбауға тиіс. Біздің халқымыздың өз мәдениеті, өз дәстүрі мен салты бар.
Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек.
Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек. Біз өзін-өзі ұстаудың ерекше үлгілерін алуға тиіспіз. Мен жария етіп отырған Стратегия біздің халқымызды орта ғасырларда емес, ХХІ ғасырда өмір сүруге дайындайды”, – деп ерекше атап өтті.
Шындығында, Ұлт көшбасшысының қыздарымыздың, жұбайларымыз бен аналарымыздың қазіргі қоғамдағы орны туралы айтқан мағынасы терең, бағдары айқын ұлағатты сөздері біздің ұлттық ағартушыларымыздың көзқарастарымен үндесіп жатыр.
“Қыз” – ардақты ана, аяулы жар, ұрпақ жалғастырушы, яғни “қыз” деген ұғымға толассыз сөздер толып жатқаны айдан анық. “Қыз” бала – болашақ ана, инабатты келін, ана-әже. Осы үшеуі арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді. Мұхаммед пайғамбарымыздың қыз баланы қатты қастерлеген мынадай даналық сөзі бар: “Қандай отбасында болмасын, қыз бала дүниеге келсе, сол күннен бастап, сол отбасының тілеуін періштелер үздіксіз тілеп отырады”. Ұлттың бойындағы бар жақсы қасиеттерді – тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін баласына, немересіне, немересінен шөбересіне жеткізуші, жалғастырушы, дамытушы, әрине, әйел-ана.
Өткен ғасырдағы қазақ әдебиетінің алыбы Ілияс Есенберлиннің мынадай сөздерін тілге тиек еткім келеді: “Ұлттың мінезін әйел-ана айқындайды. Әрбір халықтағы әйел-аналар шын мәнінде ұлттың мінезін қалыптастырады.
Сірә, қазақ әйелдерінен артық бостандық сүйгіш әрі ерікті әйел заты бүкіл Шығыстан табылмас. Ол ешқашан жүзін тұмшалап, пәренжі жамылып көрген жоқ, сүйе білді және махаббаты үшін күресе білді, ауыл ақсақалдарымен бірге келелі кеңеске кірісуден қаймыққан жоқ, ел басына күн туғанда қару мен қалқан алып, қорамсаққа оқ салып, талдырмаш қана денесімен атқа қонды. Қазақта талай-талай ержүрек, дана әйелдердің аты аңызға айналған” деп жазады әйгілі “Көшпенділер” трилогиясын авторы.
Әріден келе жатқан әдепті берік ұстанған халық қызын ешкімге қорлатқан емес. Қазақ қашанда қызын әлпештеп өсіріп, оң жақта отырған қызға аңдап қарап, оның “ақылына көркі сай” болуын қадағалаған. Елімізде “қыз” сөзі және жалпы қыздарға байланысты халықтың ұғымында “қыз бала – елдің көркі, халықтың гүлі, өмір-тіршілігі” дегенді білдіреді. Қазақ халқында қызға берілген анықтама, оларға қойылған талап-тілектер, қызды еркелету, қызды тәрбиелеудің үлкен жолға қойылғанын көрсетеді.
Ата-бабамыз қашанда қыз балаға ерекше қараған. Өмірдің ащы-тұщысын көріп ысыла берсін, тұяғы тасқа салса кетілер, суға салса жетілер деген оймен ұлын жел өтінде ұстаса, қызын аз күндік қонағым, алтынның сынығы, шұғаның қиығы деп, бөркінің төбесіне үкі қадап үлпілдетіп өсірген. Оны аялап, мәпелеген.
Бүгінде қоғамның назары хиджаб мәселесіне жиі аударылуда. Біздің зайырлы қоғамымыз үшін қауіп хиджабтың өзінде емес. Мәселе қазақтар үшін жат мәдениет пен идеологияның енуіне түрткі болатын, қазақы қалпымыздан, ұлттық менталитетімізден, береке-бірлігімізден айыруға алғышарт жасайтын діндарлық формасының өзгеру қаупінде болып тұр.
Өткен тарихымызға көз жүгіртетін болсақ, қазақ халқында әйелдер күнделікті өмірде жүзін жауып жүрмеген, өзгелерден оқшауланып немесе ерлерінің рұқсатынсыз басқалармен сөйлесу құқығынан айрылып көрген емес.
Қазақтың бай сөздік қорында “хиджаб” деген ұғым мүлде жоқ. Біздің ата-бабамыз “хиджаб” сөзін әйелдер киіміне қатысты қолданбаған.
Қазіргі уақытта хиджаб туралы пікірталастарға, жат мәдениет ықпалына көзсіз еруге, бөтен идеологияның жетегінде кетуге қарсы тек дәстүрлі ислам ғана тұра алады.
Қазақ халқының ұлт және мемлекет ретінде қалыптасуында шариғат ілімдері үлкен рөлге ие болды. Қазақ халқының бүкіл әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері ислам қағидаларымен үйлесіп, кірігіп кетті. Ұлттың дүниетанымы оның дәстүрінен танылады. Сондықтан “дәстүрлі дін” ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл діни құндылықтарымыз ғана танылады.
Қазақстанда қазақ, өзбек, ұйғыр, татар, түрік, күрд, тәжік, қырғыздардың барлығының ата діні ханафи мазһабындағы ислам болып табылады. Өйткені, Орталық Азияда ғасырлар бойы тарап, бойға сіңген ислам діні ұлттық дәстүрлермен тығыз астасқан. Бұл орайда әр ұлт өзінің ата дінін, дәстүрлі мазһабын ұстанғанда ғана тұтастығын, бірлігін сақтап қала алады.
Хиджаб киюді үгіттеп жүргендердің сілтеме жасайтын аяты – Құранның “Нұр” сүресінің “Ей, Пайғамбар! Иман келтірген әйелдерге ұятты жерлерін жауып, бөтен еркектерге нәпсіқұмарлықпен қараудан өздерін сақтансын деп айт” деген 31-аяты болып табылады. Алайда, арабтардың салт-дәстүрлерін насихаттап жүргендер осы сүренің 30-шы аятына мән бермейді. Онда да “Ей, Пайғамбар! Иман келтірген еркектерге ұятты жерлерін жауып, бөтен әйелдерге нәпсіқұмарлықпен қараудан өздерін сақтансын деп айт” делінген. Олай болса, бұл қатар тұрған екі аятты қосып оқығанда мәселе хиджаб киюде емес, Алла тағала еркекке де, әйелге де өздерін нәпсіқұмарлықтан бойларын аулақ ұстасын деп әмір еткенін ата-бабамыз ежелден білген.
Егер “Нұр” сүресінде: “Ей, Пайғамбар! Иман келтірген әйелдерге … жалаңаш кеудесін көрсетпеу үшін иығына орамал жапсын деп айт. Әйел өз сұлулығын күйеуіне, әкесіне, қайын атасына, балаларына, күйеуінің басқа әйелдерінен туған балаларына, аға-інілеріне, олардың ұлдарына, бала-шағаларға көрсете алады”, делінген болса, бұл жерде араб пен қазақтың салт-дәстүрлерінің айырмашылығы бар. Қазақ атам “Әр елдің салты әр басқа, иті қара қасқа” деп айтқандай, арабтарда жақын туыстардың бір-бірімен үйленуі қалыпты жағдай болып саналады. Мұндай әдет қазақтың дәстүрінде мүлде жоқ. Қазақтар жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрін қатаң ұстанған. Сондықтан өз ағасы, өз інісі саналатын рулас туыстары, ауылдастары арасында қыз баланың ешкімнен қысылып, жүзін жаппайтыны белгілі. Бұл дәстүр осы күнге дейін берік сақталып келеді. Осы дәстүрдің арқасында қазақ халқында атақты ғалымдар, әйгілі математиктер мен физиктер, майталман музыканттар, суретшілер мен спортшылар бар. Өйткені, “Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді” деген атадан мұра болып қалған сөз бар.
Бағзыдан жеткен ешбір жыр-аңызда, ешбір тарихи деректе, ешбір бейнелеу өнерінің туындысында қазақ даласында хиджабпен жүрген әйел баласы туралы мәлімет жоқ екендігін де атап өткім келеді. Мұхаммед пайғамбарымыздың өзі хадистерінде: “Алла тағала сіздің сырт көрінісіңізге қарамайды, иманды жүрегіңізге, парасатты ақыл-ойыңызға мән береді” деген.
Осы ретте ХХ ғасырдың әйгілі саяси қайраткерлердің бірі, Үндістанның бірінші Премьер-министрі болған Джавахарлал Неру өзінің “Дүниежүзілік тарихқа көзқарас” атты кітабында өзінің ислам өркениетіне таңданысы мен құрметін білдіре отырып, арабтардың хиджабты басқа халықтардан – римдіктер мен парсылықтардан алғандығын жазады. Оның пікірінше, “араб әйелдерінің арасында жүзін жабу дәстүрі болмаған. Олар ер адамдардан бой тасалап өмір сүрген емес, керісінше, қоғамдық орындарда олармен бірге жүріп-тұрған. Бірақ арабтар өздерінің жеңімпаз жорықтары барысында Шығыс Рим (Византия) және Иран секілді ірі мемлекеттердің кейбір салт-дәстүрлерін сіңірген. Арабтар Византия империясын күйретіп, Парсы империясын толығымен жойды. Алайда, өздері екі ел дәстүрінің жетегінде қалып қойды. Әйелдердің еркектерден оқшаулануы тәрізді ғұрыптар арабтар арасында Византия мен Иран дәстүрлерінің әсерімен пайда болған. Бірте-бірте гарем жүйесі қалыптасып, әйелдер мен ерлер бір- бірлерінен бөліне бастады”.
Өз кезегінде атақты америкалық тарихшы және философ, 11 томдық “Өркениеттер тарихы” атты кітаптың авторы Уильям Дюрант Джавахарлал Нерудың сөзін растай отырып, гарем мен хиджабтың арабтардың дәстүріне омеядтық халиф Уалид-Екінші басқарған 743-744 жылдары енгенін атап көрсеткен.
Расында, Сауд Арабиясы тұрғындарының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерінің жиынтығы қазірге дейін үстірт сипаттауға келмейтін айтарлықтай күрделі әрі көп қырлы болып табылады. Көптеген жергілікті дәстүрлер барлық араб әлемі үшін бірдей, екінші бір дәстүрлер сол өлкенің тарихи және табиғи-климаттық жағдайларына байланысты туындаған, үшінші бөлігі басқарушы биліктің қатаң саясатының жемісі болып табылады. Қалай болғанда да, жергілікті өмір қалыпқа құюға келмейді.
Мысалы, осы күнге дейін шөл далаларды мекен ететін көшпенді арабтар оазистер мен жайылымдар арасында су мен қорек іздеп көшіп жүреді. Олардың дәстүрлі тұрақтары қой мен ешкінің қара терісінен тоқылған шатырлар болып табылады. Бәдәуилердің әйелдері паранжасыз еркін жүріп, бөтен еркектермен еркін сөйлесе береді. Бұған, керісінше, қалада тұратын саудиялық әйел көшеге қара жаулық “хумара” мен басынан аяғына дейін жауып тұратын “абая” кимей шыға алмайды.
Осы орайда айтатын тағы бір айқын дәлеліміз – XX ғасырдың басында Ататүрік түрік әйелдерінің құқықтарын шектейтін арабтан келген хиджаб кию секілді түрік қоғамына жат салт-дәстүрлерді айыптап, әйел мен еркектің тепе-теңдігін сақтайтын, ұлттық сана-сезімге тәрбиелейтін, исламның бес парызын мойындайтын зайырлы мемлекет құрғанын баршамыз білеміз. Мұстафа Кемал басқарған заманда бұл бауырлас мемлекетте ұлттық сана-сезімді қалыптастыратын, түріктердің дәстүрімен үйлескен ислам діні насихатталды. Қазір араб әлемінің өзінде де әйелдерге хиджаб кигізуге қарсы болып отырған ел бар. Ол – Тунис. Тунис Республикасының негізін қалаған бірінші президенті Хабиб Бургиба 1981 жылы №108 заң шығарып, қыздарға мектептер мен университеттерде, әйелдерге мемлекеттік мекемелерде хиджаб киюге қатаң тыйым салған. Соның арқасында отыз жылдан бері Тунистің қыз-келіншектері, әйелдері еркектермен тең дәрежеде қызмет атқарып келеді. Қазіргі уақытта Біріккен Араб Әмірліктерінде, Бахрейнде, Кувейтте, Оман Сұлтанатында, Ливанда, Мароккода хиджаб кию дәстүрі біртіндеп азаюда.
Зайырлы әрі демократиялық Қазақстанның азаматы ретінде біз де хиджаб мәселесіне қатысты баршаға ортақ ұстаным қалыптастырмасақ, бара-бара қазақтың қыз-келіншектері қоғамдық орындарда ерлермен бірдей жүріп-тұрып, қоғамдық қызметке еркін араласа алмайтын халге жетіп, өзінің тұлға ретіндегі, азамат ретіндегі әлеуетін толық мәнінде жүзеге асыра алмайтын болады. Мұның айқын мысалын әйелдердің белсенділігі қашанда төмен болып келетін араб елдерінің жағдайынан көріп отырмыз.
Біз санымыз жағынан асып-тасып жатқан халық емеспіз. Біздің жағдайымызда әйел, еркек демей, әрбір азаматтың орны ерекше.
Қазақстандық әйел азаматтарымыздың ғылым-білімнің, техниканың, өндірістің дамуына қосқан елеулі үлесін ескерер болсақ, әйелдердің қоғам өміріндегі белсенділігінің төмендеуінен бізге өте үлкен интеллектуалдық залал келері анық. Оның үстіне қоғам өмірінде тек әйелдер ғана қозғай алатын, бастама көтеріп, жүзеге асыра алатын ерекше мәселелер болады. Бұл, әсіресе, ана мен бала мәселесіндегі сырт көзге байқала бермейтін көптеген өзекті мәселелерге тікелей қатысты. Осындай нәзік сезімтал мәселелердің өз уақытында шешімін табуында әйел-аналардың орны бөлек.
Қазақ халқы тарихының өн бойында өзіне тән діни қағидалар қалыптасқан. Бізге тек ата-баба жолын жалғастырып, өзіміздің дәстүрлі дінімізді сақтау керек. Халықтың ғасырлар бойы жинаған руханидіни құндылықтарын жинақтап, жаңғыртып, бүгінгі қоғам игілігіне жаратуымыз қажет. Жан тазалығына, ар тазалығына негізделген, сыртқы көріністегі емес, жүректегі иманды қасиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға оралу, оларды кеңінен насихаттау арқылы хиджабпен бүркемеленген жат идеологияға тосқауыл қоюға болады.
Ұрпағымыздың ұлттық санасезімнен, ұлттық жадынан, ұлттық тарихы пен мәдениетінен айрылып қалмауы үшін біз сырттан келген жат ықпалға тойтарыс бере білуіміз қажет.