“Ауылыңның жастарын көрсетші, болашағыңды болжайын” деген екен бір ғұлама. Қазіргі ұрпақ – еліміздің жарқын болашағы, жанашыры және иесі. Олардың әлем көшінен қалмай білімді де, қабілетті болуы үшін барлық жағдай жасалуда. Елбасы “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” мақаласында да, “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында да жастардың жағдайына ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы елдегі қиыншылықтарды дер кезінде түсініп, пайымдай білетін, өзінің құлшынысымен жігерлендіретін, адамдарды түсіне және қолдай білетін тамаша қасиетке ие. Елбасы біздің облысымызға жасаған жұмыс сапарында жаңа нысандарда ғана болмай, алдымен халықпен, жастармен, ел аталары, діни қауымдастық өкілдерімен кездесіп, әңгімелесуін солтүстікқазақстандықтар өз көздерімен көрді. Біздің өңірімізде жыл сайын жаңа білім ошақтарының, барлық инновацияларды енгізу мен таратудың орталығына айналатын Бірінші Президенттің Зияткерлік мектебінің құрылысының басталуы, Тауағаш ауылында орта мектептің ашылуы және тағы басқа нысандардың салынып, іске қосылып, жүзеге асырылып жатқаны жас ұрпақты қуантады.
Президент еліміздің дамуында әрбір адамның өз орнын табуын, Отанына пайдалы болуын ұсынды. Өйткені, туған жерде еңбек ету – зор бақыт! Бүгінгі таңда елдің ересек тұрғындары ғана емес, сонымен бірге жастар да Президенттің жаңа бағдарламалық мақаласын терең түсініп, іс жүзінде қолдану үстінде. Менің ойымша, патриоттық тәрбие берудің бұл нышаны жасөспірімдердің елдегі оң, жаңа өзгерістерді жете сезінуіне мүмкіндік береді. Әрбір Қазақстандық бәсекеге қабілетті болуы тиіс деп Президент тектен-тек айтқан жоқ. Расында, әрбір азаматты, әсіресе, жас ұрпақты жасампаздық үдерісіне тарту табысымыздың негізі екенін көпшілігіміз біле бермейміз.
Мектеп пен отбасы саналы да, тәрбиелі бала тәрбиелеу үшін өте тығыз байланыста болуы қажет екені ата-аналар мен бізге де мәлім. Расында, тәрбие ешқандай үзіліс дегенді білмейді. Ол тұрмыста, ойын үстінде, оқу, еңбек барысында барлық кезде жүре береді. Біз күнде отбасында болсақ та, мектепке барсақ та, аға буынның айтқан ақылын миымызға тоқудамыз. Қазір елдегі білім жүйесіндегі өзгерістердің нәтижесінде балалардың санасезімі де жаңғыру үстінде. Қазіргі ұрпақ – ең алдымен өздеріне сенімді ұрпақ. Мектеп бітіріп шығатын бүгінгі түлек, ертеңгі өмірінде кездесетін әртүрлі жағдайларда өзін еркін, берік ұстайтынына еш күмән жоқ. Мектеп бітірушілер ҰБТ қорытындысы бойынша да жылдан-жылға жақсы нәтижелер көрсетіп, түрлі әлемдік, республикалық олимпиада, сайыс, ғылыми жобаларға қатысуы – өңіріміздегі білім саласының жақсаруына қосқан үлестері. Қазақстандағы білім жүйесінің әлемдік деңгейге жететініне сенімдіміз. Ол үшін кемел де терең біліммен қаруланып, ғылым мен техниканың сан қырлы тетігін меңгеріп, бүкіл әлемдік құндылықтарды бойыма алған ұрпақ болсам деген арманымды жүзеге асырамын. Сонда бізді өзге елдер танып, өзімізді таныта түсер едік.
Райымбек МЕРКЕШ,
қазақ-түрік лицейінің
10-сынып оқушысы.