“Күннен де білім жарық” болған мына заман – оқығаны мен тоқығаны мол адамның дәуірі. Ертеде үлкендер зерек баланы “басы жарық” деуші еді. Оның күні ертең ілім-білімді тез үйренетін бала болатындығын білгендіктен солай атаған болар.
Мен – бастауыш сыныптың мұғалімімін. Әліппенің бетін жаңа ашқан балаға 37 дыбыс пен 42 әріпті үйретуден басталған сабақтарым алдымда отырған оқушымның болашағына өз әсерін тигізеді. Менің міндетім – оқушыларымды орта буынға шығарғанға дейін сапалы білім беру. Оның сауаттылығы да, ой-өрісінің дамуы да осы кезде қалыптасады. Яғни, баланың бойында білімге құштар тұлғаның қалыптасуына мен жауаптымын. Осы орайда еркін ойдың жетегінде жүрген оқушыларыммен “Өскенде кім боласың?” деген жаттанды сұрақтың төңірегінде ой қозғасам, таңғаламын. Олар бір кездері біз сияқты “білмеймін” деп иығын қиқаң еткізбейді. Керісінше, биікке ұмтылады, бірінші болуды қалайды, көп ақша тауып, қымбат көлік алып, зәулім үйлер салғылары келеді. Олардың бұл ойларына оң қараймын. “Балалардың санасы байлықпен уланған” деу қате түсінік. Бүгінгі 6 жасар бала алдына мақсат қоя біледі. Бұл кейде, біздің, ересектердің де бойынан табылмай жатады. Содан да болар, Елбасымыз жастардың қарымына, қадамына қарап, олардың алдына зор міндеттер қойып, қазіргі білім беру саласын түрлендіріп келеді. Себебі, ХХІ ғасырдың баласының түсінігін болашақтың білімімен жетілдіруіміз қажет. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында: “Бүгін мен жариялаған Жаңа саяси және экономикалық бағыт сіздерге жақсы білім беруді, яғни бұдан да лайықтырақ болашақ сыйлауды көздейді. Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер Жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер”, – деді.
Ел “іштен оқып туғандар” атап кеткен қазіргінің балалары, Құдайға шүкір, талапты. Өзімнің оқушы кезімде алған білімім мен қазіргі мектеп бағдарламасын салыстырсам, оқушыларыма қызыға қараймын. Олар “Оқу үдерісі қиын. Ауыр емес пе екен?” деген ойымды жоққа шығарып келеді. Ендеше елдің дамуының негізгі күші – жастар бәсекеге қабілетті болуға даяр. Осы орайда Елбасының: “Бәсекеге қабілетті дамыған ел болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғалы қашан. Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс. Сондай-ақ балаларымыздың, жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды”, дегені бүгінгі әлеуетіміздің қарымына қарай айтылған сөз. Амбицияға толы ойдың жетегінде жүрген жастарға дұрыс бағыт көрсетсек болғаны.
Айнагүл СЫЗДЫҚОВА,
№2 Благовещенка орта мектебінің мұғалімі.
Жамбыл ауданы.