«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ДЖИППЕН” ЖОЛАУШЫ ТАСЫП ЖҮР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Фархат ТАСТАМБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыс орталығында “Джип” маркалы таксилер пайда болды. Төбесінде апельсин түстес шашкасы бар “Джипті” көрген кезде “Мәссаған, қымбат көлікпен жолаушы тасып жүр ғой!” – деп таңданыспен қарайтынымыз рас. Өйткені, біздің түсінігімізде мұндай элиталық көліктерді тек “байлар” ғана мінеді. Сол кезде санамызға ең бірінші келетін сұрақ: “Не үшін таксиші болып шығып жүр екен?

 

Осы сұрақтың жауабын табу үшін фототілші Талғат Тәнібаев екеуіміз арнайы “жортуылға” шықтық. Бұл жерде “Джип” деп шартты түрде жол талғамайтындардың қатарынан үлкен, жайлы әрі қымбат пикаптарды алып отырғанымыз түсінікті болар.

Қызылжарда бір орында тұратын таксишілерді табу қиын. Өйткені, сұраныс көп, барлығы тапсырыспен жүреді. Сондықтан диспетчерлік қызметке жүгінуге тура келді. Бірнеше такси паркіне қоңырау шалып, “Джипке” тапсырыс беруге тырыстық. Тек “Империал” диспетчерлік орталығына хабарласқанда ғана жолымыз болды.

Аталмыш мекеменің басшысы біздің бұл қызығушылығымызды естіп өзінің қызмет орнына шақырды. Қалауымыздағы таксишімен кездесуімізді ұйымдастырып берді. Ал шақыртылған адам келгенше “Империал” диспетчерлік қызмет орталығының директоры Наиль Абраевқа өзімізді қызықтырған сұрақтарымызды қойып үлгердік. Басты сұрақ – “Джип” таксилердің көрсеткен қызметі үшін алатын ақысы жайлы:

– Біздің паркте 70-80 таксиші бар. Соның ішінде үшеуі Сіздер іздеп жүрген көлікпен жүреді. Бізде барлығына бірдей талап қойылады. Мысалы, көліктің тазалығы мен жүргізушінің әдебі барлығына ортақ. Сол сияқты көлігінің түріне, сипатына қарамай, барлығы да тапсырысты бір бағамен орындайды. Люкс класс немесе басқа деп бөлмейміз, – дейді Наиль Қадырұлы.

Директор “Джиптердің” моделіне де тоқталып өтті. Біріншісі Hyundai Tucson оңтүстік корейлік, ал қалған екеуі (Honda CR-V мен Toyota RAV 4) жапондық SUV сыныбындағы кроссоверлер екен. Әрқайсысы жүргізуші мен жолаушылар үшін өте ыңғайлы әрі жайлы етіп жасалған. Қазақстан нарығындағы бағасы – шамамен 20-30 мың АҚШ доллары. Бұл соманы естігенде: “Мұншалықты қымбат көлікте таксиші болған қаншалықты тиімді екен?” – деген ой бірден сап ете түсті.

Мекеме басшысымен такси қызметінің қырсырын талқылап отырғанда Олег Учинин кіріп келді. Ол – үш “Джиптің” бірі Honda CR-V-нің иесі, такси жүргізушісі. Кісіге өте жақын жан екен. Біздің кейіпкеріміз табыс кілтін тапқан, ісі өрге домалап жүрген кәсіпкер болып шықты. Мен оған жоғарыдағы сұрақтарымды қойып, мүлдем қызық жауап алдым:

– Менің такси қызметіне кіргеніме көп бола қойған жоқ. Ең басты себеп – жұмысқа деген құштарлығым. Яғни, түске дейін негізгі жұмыстарымды бітіремін де, түстен кейін таксиші болып шыға келемін. Жаңа адамдармен араласқан ұнайды. Ашық сөйлесемін. Мен жолаушылардың, олар менің өмірім туралы сұрап, әр нәрсені талқылаймыз. Тұрақты клиенттерім де аз емес. Ештеңе істемей, үйде бос отырып, уақыт өткізуді ұнатпаймын. Оның үстіне артық ақша кімнің қалтасын тесіп жатыр дейсің?.. Мұндағы талап, тәртіп менің көңілімнен шығады. Сондықтан таксиші болып жүргенім үшін еш қысылмаймын, – дейді жігіт ағасы Олег Учинин.

Кәсіпкердің ақшаның қадірін білетін, еңбексүйгіш адам екені байқалады.Сондықтан Олегтің өмірлік ұстанымы “қол қусырып отырмау” болса керек.

P.S. Айтар ойдың жаңғырығына тоқталсақ, “Өмірге кім болып келетініңді білмесең де, қандай өмір сүретініңді таңдауға мүмкіндігің бар” деген екен бір ғұлама. Шағын болса да, шаһарымызда таксишілер толып жүр. Ал бірақ “Джипте” жүретін кәсіпкер таксишілер сирек. Бұл оқиға бізге “Еңбек етсең емерсің” деген мақалдың растығын тағы бір рет дәлелдеп бергендей.

Дегенмен, мынаны ұмытпаған абзал, өмірдің қозғалысы астымыздағы көлігімізге емес, көңілімізге байланысты. Тырысып, тырмысқан адам ғана табысқа жетеді. Еңбек адамды талғамайды. Барлығымыз да бақытты болуға лайықпыз. Алайда, сол бақытты кім қаншалықты қалайтыны маңдайдан аққан қара тердің мөлшерімен бағаланатын секілді…

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp