«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢЫЛТПАШ – ТӘРБИЕ ҚҰРАЛЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жаңылтпаш – қазақ әдебиетінің маңызды бір саласы. Бүгінде жас ұрпақ тәрбиесінде өз ана тілінің қадір-қасиетін біліп, бала күннен өз тілінің дыбыс жүйесі мен сөйлеу дағдысын қалыптастыра білу мәселесі тәуелсіз еліміз үшін аса қажетті әрі маңызды.

Әрбір жаңылтпаш жай ғана айтылып қоймай, бала өміріне қатысты нәрселерге балай беріледі. Бұл жаңылтпаштар, біріншіден баланы еңбек етуге тәрбиелесе, екіншіден шәкірттің зейінін, зердесін, сондай-ақ тілін де жаттықтырады. Кейін мұның өзі баланы кез келген материалды бар ынта-ықыласпен көңіл қойып тыңдауға дағдыландырады. Осындай жаңылтпаштар, әрине, баланы ойландырады, зейінін жаттықтырады.

 

Бір ақ шымшық,

Үш ақ шымшық,

Төрт ақ шымшық.

Бала осы жаңылтпашты қайталау барысында сандармен танысып, оларды есте сақтайды. Келтірілген жаңылтпаш бала зейінін, логикасын, тілін жаттықтырып, ең бастысы – санауға, есептеуге үйретеді.

Балалардың тілін жаттықтырып, танымын кеңейтуде жаңылтпаштың орны ерекше. Бұл жанр өз бастауын ауыз әдебиетінен алған.

Жаңылтпаштар тақырып жағынан алуан түрлі. Тұрмысқа қажетті күнделікті қолданылатын заттар, табиғат және табиғи құбылыстар, шаруашылық түрлері, жан-жануарлар мен өсімдіктер әлемі, т.б. тақырыптарды қамтиды.

Шығарма астарында жатқан ойды аңғарып, ой қорытындысын жасау алғашқы кезде балаларға қиынырақ түсуі мүмкін. Бірақ үлкендердің көмегімен бала астарлы мағынаны табуға дағдылана бастайды. Соның нәтижесінде кейін бала өлеңнің, әрбір жұмбақтың, әрбір жаңылтпаш пен өзге де шығармалардың байыбына барып, мазмұнына терең үңіліп, қорытынды шығара білуге үйренеді. Бұл бір жағынан баланың ақыл-ойын, санасын, тілін, логикасын дамытса, екінші жағынан оған рухани, этикалық және эстетикалық тәрбие береді.

Айтылмақ ой жаңылтпаш арқылы тыңдаушыға қызықты да әсерлілігімен көкейге қонымды болып, қарапайым жеткізіледі.

Мысалы: Асан бақша жақтан ақ сабақ асқабақ әкелді,

Басқа жақтан басқарақ асқабақ әкелді.

Мұнда Асанның өз маңдай терін төгіп еңбек еткен бақшасынан алынған асқабақ пен басқа жақтан әкелген асқабағын әдемі де, астарлы, ұтқыр да тапқыр жаңылтпашпен айқындап беріп отыр. Жаңылтпаштар көп жағдайда шағын көлеммен шектеліп, заттың барлық қасиеттерін айтпай-ақ, негізгі белгілерін басшылыққа ала отырып, қысқа да нұсқа түрінде айтылады.

Жаңылтпаштарды жаттап, жаттыға айту арқылы баланың ана тіліне деген құштарлығы артып, ойлау қабілеті шыңдалады. Сондай-ақ баланың аңғарымпаздығы, алғырлығы ұштала түседі. Бұлар, бір жағынан баланың ойлауын жетілдірсе, екінші жағынан сөздік қорын да молайта түседі.

Мен өзім сабақ беретін бесінші және жетінші сыныптарда реті келгенде жаңылтпаштарды тақырыпқа және жас ерекшелігіне сай жаттатамын. Ол, әрине, баланың есте сақтау қабілетіне байланысты жатталады. Бірден ұғып алып, есінде жақсы сақтайтын оқушылар да бар. Қазақ әдебиеті сабақтарында бұған дейін жеткілікті мән бермей жүрген мұраға деген бала қызығушылығының оянуы сол асыл қазынаны қастерлеуге баулиды. Өз ұлтын, өз мұрасын мақтан етуге үйретеді. Жаңылтпаштар баланың дүниетанымын, тілін дамытып, кішкене кезден бастап мақсатты іс-әрекетке үйретеді деп ойлаймын.

Гүлмира ЖҮКІБАЕВА,

Мамлют қазақ мектеп-интернаты қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp