Солтүстік Қазақстан облыстық білім бақылау департаментінің басшылығымен Аққайың ауданындағы Қайырбек Оразов атындағы Аралағаш орта мектебінде аттестаттау шарасы өтті.
Комиссия мүшелері мемлекеттік аттестаттаудан өткізу ережелеріне сәйкес ұжымның педагогикалық кеңесінің жұмысына қатысып, мектептің материалдық-техникалық базасын тексерді. Оқу корпустарының, зертханалардың, сыныптардың, оқу-тәжірибелік шеберханалардың, спорт алаңдары мен ойын бөлмелерінің, әлеуметтік қамтамасыз ету объектілерінің (медициналық пункт, асхана), кітапханалардың, компьютерлік сыныптардың қойылатын талаптарға сай екендігін анықтады. Білім беру ұйымының қызмет бағыттарына бағалау жүргізді, сабақтарға қатысты. 4, 9,11-сынып оқушыларының білімін тексеру мақсатында бақылау кесінділерін алды. Оқушылар, ұстаздар, ата-аналар және қызметкерлермен әңгімелесіп, ішінара сауалнама жүргізді.
Аттестаттау комиссиясының құрамында оның төрайымы – білім саласын бақылау департаментінің бас маманы Сәуле Кереева, комиссия мүшелері – республикадан: Айжан Дайырова (Павлодар қаласының №15 орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары), облыстан: Бақытжан Әубәкірова, Данаш Рамазанова, Ғалия Айдабосынова, Айнагүл Малмасова сынды үздік ұстаздар мен әдіскерлер болды. Олар тексере отырып, жылдар бойы атқарылған жұмыстың жақсы жақтарын мадақтап, кемшіліктерге сыни тұрғыдан келді, әдістемелік көмек те жасады.
Осы аттестатталған 5 күн ішінде оқу-тәрбие үдерісіне байланысты тексерілмей қалған бірде-бір нысан қалмады. Тексеруші мамандар аттестаттау ережесінде көрсетілген барлық бақылауға қажетті жұмыстарды зерделеп үлгерді. Одан басқа ұстаздардың біліктілігін, кәсіби шеберлігін, озық іс-тәжірибесін, оқушылармен қарым-қатынасын, педагогикалық технологияларды пайдалану деңгейін бақылау мақсатында көптеген сабақтарға, тәрбие сағаттарына қатысып, біздің сабақтарымыз туралы өзіндік талдауларымызды және өздерінің қатысқан сабақтары туралы пікірлерін ортаға салды.
Мектеп ұстаздарының көпшілігі – облыстық, аудандық шығармашылық топтардың мүшелері. Сондықтан олардың сабақтары мен тәрбие сағаттарында жаңа технологиялардың ең тиімді әдіс-тәсілдері көрініс тауып, интерактивті тақта жүйелі түрде пайдаланылды. Аттестаттау комиссиясы мүшелері мұғалімдердің кәсіби шеберліктері жайлы оң пікір білдірді.
Мектеп әкімшілігінің де ұстаз ретіндегі кәсіби шеберліктері, жан-жақтылығы, әдістәсілдерінің ерекшелігімен қатар олардың өз қызметтерін асыра пайдалану жағдайлары қадағаланды. Сондай-ақ тәрбие жұмысының мазмұны, түрлері мен әдістері, мектептің өзін-өзі басқару жұмысы, сынып жетекшілері кеңесі, оқушылардың зертханалық жұмыспен айналысу деңгейі, факультатив, көркемөнерпаздар үйірмелері, спорттық секциялар жұмыстары, оқушылар арасында өткізілетін психологиялық тренингтер, т.б. мұқият тексерілді.
Мектепті аттестаттау барысында аудандық білім бөлімі мен облыстық білім басқармасы тарапынан әдістемелік бағыт-бағдар берілгені жұмыс барысында байқалды. “Сын түзелмей, мін түзелмейді” дегендей, айтылған ұсыныстар, көрсетілген кемшіліктер баршамыз үшін бағдаршам іспеттес болып, оларды түзету үшін бар күш-жігерімізді салуға тиіспіз. Ауқымды тексеріс білім саласындағы олқылықтардың жойылуына, мектептердің материалдық-техникалық қорының нығайтылуына, әр ұстаздың білім сапасын көтеру үшін жүргізетін жұмыстарының жүйелілігіне, ісқағаздарды атқарылған жұмыстардың дәлелдемесі ретінде сақтаудағы ұқыптылыққа үйрететін игілікті іс дер едік. Осындай бақылаудан соң, барлық білім мекемелерінде жүйелілік, сапалы білім болатыны анық.
Аттестаттау комиссиясының қорытындысы бойынша іс-шаралар жоспары құрылып, қазіргі таңда мектеп ұжымы айтылған ұсыныстар мен кемшіліктерді түзету жұмыстарын жүргізудеміз.
Аттестаттаудан сәтті өтсек те, бізді толғандырып жүрген мәселе де бар. Ол – оқушылардың аздығынан мектеп мәртебесі төмендеп қала ма деген қауіп. Мектеп жанында интернат бар, барлық жағдайлар жасалған: іші жылы, ыстық су, суық су, тұрмыстық қызметке қажетті нысандардың барлығы іске қосылған, тәрбиеленушілердің оқуына, демалуына, спортпен айналысуына толық мүмкіндік бар. Мектепте оқу-тәрбие үдерісін жүзеге асыратын ұстаздар мен тәрбиешілердің білім, біліктіліктері жоғары. Сондықтан алдағы оқу жылында көрші ауылдағы оқушылар біздің мектепке келіп білім алса деген тілегімізді де білдіргіміз келеді.
Айман ӘЛІМТАЕВА,
Қайырбек Оразов атындағы Аралағаш орта мектебі директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары.
Аққайың ауданы.