«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАҒАШЫСЫНА ТАРТҚАН ДӘУЛЕТ әлем чемпионы болуды армандайды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Дәулет Аманұлы небәрі он алты жаста. Дзюдо күресінен Қазақстан чемпионы. Спорт шеберлігінен үміткер. Ол осы жетістігіне орай еліміздің жастар құрамасына мүшелікке қабылданып, биылғы тамыз айында Америка Құрама Штаттарында өтетін әлем чемпионатында Қазақстанның намысын қорғауға дайындалу үстінде.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Дәулеттің осы жетістігі жайында естіген соң-ақ онымен жүздесуге ниет қойған едім. Кездесуге бапкерінің бірі, Дәулет оқитын спортқа дарынды балалардың облыстық мектеп-интернатында жаттықтырушы болып істейтін Дәурен Есләмов те келді.

– 1997 жылы Семей қаласында тудым, – деп бастады әңгімесін Қазақстан чемпионы. – Күреспен екінші сыныпта оқып жүргенімде айналыса бастадым.

Оның бұдан арғы әңгімесіне бойлай түскенімде алғашқы әуестік өзі құралыптас балалармен күресуден басталғанына қанықтым. Өзгелерге қарағанда дене бітімі шағын, бойы шарғылау Дәулетті күші басымдары бірден бүктеп салмақ болады. Бірақ денесіне қарамай, намысқой бала олардың мұнысына көне қоймай, қарсы қайрат көрсетеді.

 

Әкесі Аман Шәріпов шаңырақтың тұңғышы Дәулетті өзі де күреске икемдеуді құп көріп жүреді екен. Өйткені, өзі дзюдодан жаттықтырушы болған соң баптауды ұйғарады. Баласының ықыласы мен ыңғайы барын және намысқой екенін аңғарғасын баптауға ден қояды.

– Оған қоса мені нағашы ағам Зекен Шаймарданов күреске қызықтыра түсті, – деп бозбала тағы бір сырдың шетін шығарып қойды.

Бақсам, Дәулеттің бүгінде қырық екі жастағы нағашысы самбо күресінен әлемнің чемпионы жүлдесін жеңіп алған екен. Оның үстіне дзюдодан спорт шебері атағын иеленген.

Жиенінің ынтасын байқаған соң оны самбо мен дзюдоға еліктіріп, қызықты әңгімелермен ықыласын арттырыпты. Өзі бірнеше әдіс-тәсілдерді көрсетеді. Дәулет қайталап, нағашысы мақтаған сайын ықыласы арта түседі.

Мұнысын әкесі де байқап, Семейдің спорт-интернатындағы жаттықтырушы Асқар Арқабаевқа алып келеді. Оның ысылған, машығы мол, балғындармен жұмыстың қыр-сырын меңгерген жаттықтырушы екенін баласының құлағына әбден құйған әкесі:

– Дәулет, Асқар ағаң – еңбекқор, ерінбейтін, талапшыл жаттықтырушы. Егер тілін алып, мұқият дайындалсаң, сенен жақсы дзюдошы шығарамын деп отыр. Осыны жадыңда ұста, – деп тапсырғанын ол қазір есіне алып отыр.

Білікті жаттықтырушының дәрісімен әдіс-тәсілдердің алғашқы амалдарына қаныққан бала екі-үш жылдың ішінде жақсы жетістіктерге қол жеткізе бастайды. Қалалық жарыстарда әуелі жүлдегерлер санатына енсе, кейін жеңіс тұғырының ең биігіне көтеріледі.

Осы кезде Семейге қаланың тумасы, Алматыдағы республикалық спорт колледжінен Петропавлға ауысқан белгілі жаттықтырушы Нұрлан Ерғазинов келеді. Әдетте спортшылар өздері жаттыққан спорт түріндегі жаңалықтарға құмартады ғой. Ол да спорт мектебіне келіп, ескі таныстарымен шүйіркелескенде Асқар Арқабаев оған танысы Аман Шәріповтің он төрт жасар баласы Дәулетті көрсетеді.

Баланың жаттығу үстіндегі қимыл-әрекетіне көзі қаныққан кәнігі бапкер Нұрлан Ерғазинов оны өзімен бірге Петропавлға ала кетуді ұйғарады. Мұның да мәнісі бар екенін білуге болады. Біздің спорт-интернатымыз республикадағы осы бағыттағы іргелі, озық оқу орындарының қатарында. Мұнда жақсы жаттықтырушылар жұмыс істейді. Балалардың оқуына, жаттығуына, тұрмысына, тамақтануына қолайлы жағдай жасалған.

Н.Ерғазинов баланың әке-шешесіне және жаттықтырушыларына осыны айтып, 2012 жылдан бастап Дәулет біздің қаладағы осы интернатта оқиды әрі дзюдомен айналысады. Дарынды бозбала бір жыл уақыттың ішінде бапкері күткендегіден де асып түсіп, әдіс-айлаларды меңгеріп алады.

– Дәулет – аса ыждағатты, ұғымтал, зерек балуан. Оның үстіне, оқу пәндерінен де үлгерімі тек жақсы және өте жақсы, – деп сөзге араласты оны редакцияға алып келген жаттықтырушысы Дәурен Есләмов.

Оның өзі туралы да айта кетсек, артық емес. Жамбыл ауданындағы Баян ауылының тумасы. СҚМУ-дің дене тәрбиесі факультетін 2007 жылы тамамдаған. Ал 2010 жылдан бері осы спорт-интернатта жаттықтырушы болып еңбек етіп келеді. Ол – қазақ күресінен спорт шеберлігінен үміткер. Балалар мен жасөспірімдерді осы күреспен қатар, дзюдоға баулиды.

Н.Ерғазинов бас бапкер болса, оның екі әріптесінің бірі – осы Дәурен. Адасы Дәурен Нұрғожин де қазақ күресімен және дзюдомен шұғылданатын шәкірттерді жаттықтырады. Біздің осы сұхбатымыз өткен күні Нұрлан Ерғазинов Қарағанды қаласына, ардагер дзюдошылардың республикалық чемпионатына аттанып кеткендіктен Дәулетті Дәурен Есләмов ертіп келген екен.

– Дзюдо қазақ күресіне ұқсайды. Екеуінде де балуандар белдерін буынған кеудеше киіп шықса, дзюдошылардың киімін “кимоно” дейді. Айырмашылығы да бар. Олар мынадай: дзюдода тұншықтыру, ауырту арқылы жеңілгенін мойындату және шалқасынан түсіріп, жауырынын жерге тигізіп, жиырма бес секунд бойы тырп еткізбей басып жату қолданылады. Дәулет мұндай әдіс-тәсілдерге жақсы жетік, – деді жаттықтырушы.

– Семейде жастар арасында Қазақстан чемпионаты өтетінін және онда мен Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғауға тиіс екендігімді естігенде қуандым. Бірақ үлкен жауапкершілікті де сезіндім. Қуанғаным – өз жерлестерімнің алдында өнер көрсетемін. Папам мен мамам, екі қарындасым және інім ең жақсы да жақын тілеулестерім боларын сездім. Ал жауапкершілікке келсем, жолым болмай қалса, жерге кіргенмен бір ғой деп ойладым, – деді Дәулет.

Ол Семейде 46 килограмм салмақта күресіп, алты жекпе-жекке шыққан екен. Алтыншы кездесуінде Дәулет атыраулық қарсыласын таза жеңіп, ел чемпионы атанды.

– Биыл оныншы сыныпта оқимын ғой. Спорт-интернатты тамамдаған соң Алматыдағы республикалық спорт колледжіне түсуге тырысамын. Ал алдағы арманым – АҚШ-тағы әлем чемпионатында лайықты күресу. Сонда маған ересектер арасындағы жекпе-жектерге қатысуға жол ашылмақ, – деп сөзін тамамдады талантты жас балуан.

СУРЕТТЕ: Д. Аманұлы бапкері Д. Есләмовпен бірге.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp