«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПЕТРОПАВЛҒА КӨКШЕТАУЛАТЫП БАРАМЫЗ…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тайынша ауданындағы 85 жылдық тарихы бар Қарағаш ауылының тумасымын. Қазағы қалың ауылымыз кезінде Қазақстанның отыз жылдығы атындағы, кейін “Абай” кеңшарының орталығы болған. Елді мекеніміз Тайынша қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 37 шақырым жерде орналасқан. Бұрынғы кеңшарлар тарағанымен, еліміз азып-тоза қойған жоқ. Ақ қайыңдар алқабындағы Қарағаш өзінің бәз баяғы қалпын сақтап, көштен қалмай келеді. Оған Сергей Звольский басқаратын “Астық СТЕМ” ЖШС-нің сіңіріп отырған еңбегі ерекше. Бұл шаруашылық облысымызда бірінші болып көкөніс өсіруге тамшылатып суару әдісін енгізгендігімен, озық техникалармен жарақтанғандығымен де танымал. Астықтан басқа, картоп, көкөніс сақтайтын қоймалар жаңа технологиямен жабдықталған. Ауылдың еңбек етуге жарамды азаматтарының негізгі бөлігін жұмыспен қамтамасыз етіп отырған да – осы серіктестік. Мен де солардың қатарындамын.  

 

Таяуда өзіміздің Абай ауылдық округінде (орталығы – Қарағаш ауылы) өткен аудан әкімі Иван Турковтың есепті кездесуінде жергілікті тұрғындар Сергей Адамовичтің іскер басшы ғана емес, елді мекендердің қарым-қатынасына да зор үлес қосып жүргендігін атап айтты. Өйткені, ЖШС директоры биылғы ерекше қарлы қыста Қарағаштан Калиновка, Константиновка ауылдарына, Чкалов-Көкшетау автожолына дейінгі аралықты тазалап, жолаушылар қатынасының үзілмеуін тұрақты түрде қадағалап отыр. Несін жасырайық, облыс пен аудан орталықтарына қатынаудан гөрі Көкшетау қаласына жету біз үшін қиындық тудырмайды. Сергей Звольский шет жерде оқитын балалар мен жастар үшін осы бағытқа қатынайтын арнайы автобус та бөліп қойған. Сонымен Петропавлсыз шешілмейтін жұмыстарымызға көрші облыстың орталығы – Көкшетау арқылы жүруімізге тура келеді. Қыс көзі қырауда тығыз шаруа бола қалса, ауылдан небәрі 37 шақырым жердегі аудан орталығына 120 шақырымдай жерді артқа тастап, Көкшетау-Келлеровка-Тайынша бағытымен ғана бара аламыз. Бұл – бірінші жыл ғана көріп жүрген бейнетіміз емес.

“Неге бұлай?” деулеріңіз де мүмкін. Оған бізбен көршілес “Әліби-Астық” ЖШС-нің Тайынша-Талшық автожолына дейінгі аралықты қардан тазартуға көңіл бөлмейтіндігі себеп болып отыр. Жылдағы жағдай осындай. Одан аудан әкімі де хабардар. Бірақ соны “Әліби-Астық” ЖШС арқылы шешуге пәрмені жетпей келеді. Біз сонда қай облыстың ауылымыз?!

Облыс орталығындағы туыстарымыз бен таныстарымыз бізге: “Бұрынғы Көкшетау облысына бүйректерің бұрып тұрады. Біз көкшетаулықтармыз дегенді қашан қоясыңдар?” деп кінә тағатын кездері де аз емес. Алты ай қыстағы көрген күніміз осылай болса, айтпағанда қайтеміз?!.

Ауыл тұрғындары атынан

Нұржан ҚОШҚАРБАЕВ.

Тайынша ауданы,

Қарағаш ауылы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp