Петропавлдағы мүмкіндігі шектеулі балаларға мамандандырылған №2 коррекциялық мектеп-интернат 1977 жылы құрылған. Бүгінгі күні білім ошағы көпбейінді мектеп-интернат мәртебесін алған. Мектеп-интернат тәрбиеленушілерді үш жылдан бері жаңа оқу жоспарлары мен бағдарламалары бойынша инклюзивтік білім беретін эксперименттік алаң ретінде оқытуда. Ондағы мемлекеттің алдына қойып отырған мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балаларға тиісінше жағдай жасап, олардың әлеуметтік бейімделуіне көмектесу, қоғамда толыққанды өмір сүрулеріне дайындау. Мектептегі оқу әр баланың дербес ерекшелігіне қарай жүргізіледі. Біріншісі – психикасының дамуы тежелгендер, яғни интеллектісі сақталғандар. Балалармен үнемі, үздіксіз жұмыс жүргізу барысында нәтижеге қол жеткізіледі. Олар жалпы білім беретін мектептердің бағдарламасымен оқиды. Екіншісі – ойлау қабілеті төмен балалар болғандықтан, мектеп бағдарламасы жеңілдетіліп оқытылады. Үшінші бағдарлама бойынша оқитындардың арасында оқытуға көнбейтіндері де бар. Оқу үдерісі және медициналық-педагогикалық кеңес кезінде оларды ата-аналарының келісімімен қай топқа жатқызу керектігі анықталады.
– Мектеп бағдарламасы негізінен еңбек дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Балаларды 9 кәсіпке бейімдеп оқытамыз. Олар: іс тігу, ағаш өңдеу, слесарлық іс, шаштараз, аяқкиім тігу мен жөндеу, көгалдандыру, жиһаз өңдеу, кіші қызмет көрсету персоналдары және аспаздық іс. Бұл жерде баланың денсаулығына, жеке қабілетіне қарай мамандыққа бейімдейміз. Бірнеше бағыттағы кәсіптерге оқытудың арқасында оларды жұмысқа орналастыру да жеңіл. Өндірістік сыныптар аштық, яғни 9-сыныпты бітірген соң оларды кәсіптік мектептерге береміз. Жұмысшы кадрларды даярлау мектебінде 1,5 жыл оқып, кәсіби маман ретінде құжат алып шығады, сол арқылы жұмысқа тұрады. Бұл тұрғыдан келгенде, балаларымыз қоғамға бейімделген. Біз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алға қойып отырған міндеттерді жүзеге асырып, жұмысшы мамандарды даярлап жатырмыз, – дейді мектеп-интернаттың директоры Николай Хованский.
Коррекциялық №2 мектеп-интернатта 230 бала білім алады, ал ғимарат 110 орынға шақталған. Тәрбиеленушілердің 50-ден астамы – аудандардан келгендер. Көпшілік балалар білім ошағында оқи келе жалпы білім беретін мектеп бағдарламасын меңгеріп кетеді. Ондай балалар педагогикалық-медициналық комиссияның шешімімен жалпы білім беретін мектептерге ауыстырылады. Түлектердің арасында темір жол, педагогика колледждеріне түскендері де бар.
Өндірістік сыныптар тапсырыстармен жұмыс істейді. Арнайы қызметтер үшін киімдер, палаткалар тігумен қатар жеке адамдардан да тапсырыстар түседі. Сонымен қатар қажетті материалдар сатып алынып, балалар шеберханаларда іс тігуге, пішуге үйретіледі. Осының барлығына ұстаздардың, кәсіби мамандардың, тәрбиешілердің арқасында қол жеткізіледі.
– Қазір Чехияда жыл сайын өтетін халықаралық көрмеге қатысуға дайындалып жатырмыз. Қазақстаннан баратын болғандықтан, қазақ халқының ұлттық нақыштарын зерттеп, әдебиеттерден оқып, Интернеттен қараймыз. Өрнектердің қайталанбауын қадағалаймыз. Әр өрнектің өзінің ерекшелігі бар. Ересек адамның костюміне өрнекті де жас ерекшелігіне келетіндей етіп тігуге тырысамыз. Жас қыздардың костюміне нәзік өрнектер саламыз. Балаларды да ерінбей, талмай жұмыс істеуге баулимыз. Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар ауылы балаларының киімдерін тегін жөндеп береміз. Қайырымдылық тапсырыстар қабылдап, тәрбиеленушілер бойына адами қасиеттерді сіңіре отырып, еңбекке баулуды мақсат етеміз, – дейді технология пәнінен әдістемелік бірлестіктің жетекшісі Ирина Глизовенко.
30 жылдан астам ағаштан ою ойып жүрген шебер Юрий Галкинның айтуынша, мектеп-интернат жиһаз сатып алмайды. Жиһаздардың барлығын ұстаздарының басшылығымен балалар істейді. Тапсырыс берушінің өз материалымен де жиһаз жасалады. Оның алдынан сабақ алған түлектердің кейбірінің бүгінде өз жиһаз цехтары бар.
Бір кездері Куйбышев зауытында істеген Геннадий Поповты “Темірден түйін түйген шебер” десек, артық айтпаспыз. Ол зауыттар жабылып жұмыссыз қалған кезінде ондағы алған тәжірибесін қазіргі жұмысымен сабақтастыра білген.
– Оқушылармен бау-бақша өңдейтін құрал-сайман істеп сатқан күндеріміз де болған. Қазір жағдайымыз жаман емес. Слесарьлық іске үйрету сабағы компьютерлендірілген. Жасалған бұйымдар көп, бірақ орынның тарлығынан қоятын жер жоқ. Өз жетістіктерімізден мұражай ашуға болады. Балалардың жасаған ұлттық нақыштағы әшекейлері, Петропавлдың “Солтүстік қақпасы” тағы басқа да жұмыстары қала, облысты былай қойғанда, республика көлеміне шығып кетті. Көпшілігін Алматы мұражайына алып кетсе, бірқатары бірінші Президенттің мұражайында тұр. Мүмкіндігі шектеулі оқушылар жасаған қозғалмалы автомодельдерін профессорлардың алдында қорғап, жүлделі орындар алып жүр, – дейді бүгінде жинақтаған тәжірибесін электрондық оқулық етіп жазып жатқан жоғары санатты ұстаз Геннадий Попов.
Оқушыларға жаңа технология бойынша ұлттық нақыштағы көркемөнер туындыларын жасауды үйретіп жүрген жоғары санатты бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Татьяна Пигельеваның да еңбегі елеулі. Бұрын қолданылмаған дәстүрлі емес материалдарды: даршын (корица), қайнатылған шайдың шамасы, кофе дәндерін пайдаланып жасаған өнер туындылары облыстық байқауда екінші жүлделі орынға ие болған. Ұстаздың айтуынша, конкурстар балалардың шығармашылықпен жұмыс істеп, дарындарын ашуға, дамытуға әсер етеді. Өз жұмыстарын өзгелердікімен салыстырып, артық-кем тұстарын айқындайды. Түрлі материалдарды пайдалана отырып, жаңа технологиялармен жұмыс істеуге үйренеді. Оқушылар қайыңның қабығы, пенопластпен түрлі технологиялар бойынша жұмыс істеуді меңгерген.
Үш жылдан бері мектеп-интернат жанынан оқу-өндірістік комбинат ашылған. Бұл мектеп-интернаттан кейінгі екінші баспалдақ іспетті. Онда 10-11-12-сынып оқушылары бейіндік оқиды. Балалар мектепте алған білімдерін пысықтайды. Оны бітірген түлектер кәсіби маман ретінде сертификат алып шығады.
– Бүгінгі күні облыс бойынша аяқкиім жөндейтін шеберлерді біз ғана даярлаймыз. Бізден басқаларда аяқкиім жөндейтін қондырғылар жоқ. Бұл мамандық қалада да, ауылдық жерде де жылдың төрт мезгілінде сұранысқа ие. Оның қырсырын меңгерген мамандар жұмыссыз, тамақсыз қалмайды. Қыздар жағы аспаздық, шаштараз, тырнақ сәндеу, іс тігуді оқиды. Қай салаға бейімделсе де, таңдау өздерінде. Оқу-өндірістік комбинатта аз қамтылған отбасыларынан шыққан мүмкіндігі шектеулі балалар мен 4 пен 5-ке оқитындарға жатақхана мен тамақ тегін. Сонымен қатар ай сайын шәкіртақы беріледі, – дейді оқу-өндірістік комбинаттың директоры Николай Соколов.
Мектеп-интернат ауласында қала тұрғындары үшін киоск жұмыс істейді, олар сонда тапсырыс беріп, аяқкиімдеріне жөндеу жүргізеді. Мектеп-интернат оқушылары жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар ауылдарынан жөндеуге түскен тапсырыстарды тегін орындайды. Ай сайын тек солардан ғана 40-45 жұп аяқкиім жөндеуге түседі.
– Оқу-өндірістік комбинатта автомектеп те аштық. Алдағы уақытта пеш салушыларды, қолөнершілерді, қайыс өнерімен айналысатын әбзелшілерді даярлау ойымызда бар. Меніңше, жұмыс істегісі келген адам бәрін табады. Мемлекет тарапынан көмек бар, тамағымыз жақсы, жалақы уақытында, өз деңгейін көтеруге талпынғандар, еңбегін көрсете білгендердің жалақылары да соған сай. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” атты бағдарламалық мақаласында: “Басты бағыт – жас қазақстандықтарды дербес өмірге, бастамашыл еңбекке бейімдеудің тиімді жүйесін құру”, – деген болатын. Ендеше, біз әр баланың өз еліне міндетті түрде қажет болуы үшін жұмыс істеп жатырмыз, – дейді мектеп-интернат директоры Николай Хованский.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.