Қазақ халқының сан ғасырлар бойы жинақтаған мол тәжірибесі, танымдық мұрасы, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, аңыз-ертегілері, жұмбақ, мақал-мәтел, өлең-жырлары, ұлттық ойындары – ерекше тәрбиелік мәні бар баға жетпес асыл қазына.
Этнопедагогика пәнінің мектеп, жоғары оқу орнына енгізілуі де әбден дұрыс. Себебі, этномәдениет дегеніміз – ұлттық мәдениет. Өскелең ұрпаққа ұлттық мәдениетті қалай танытып үйретудеміз? Кімнен, неден үйренудеміз? Ұлттық тәрбиені ұрпақ санасына қалай сіңіреміз?
Мектебімізде осы халықтық педагогика негізінде “Атамекен” бағдарламасын басшылыққа ала отырып тәрбие жұмысы жүргізілуде. Сынып жетекшісі әр тоқсанға бағыт таңдап, сол бойынша жұмыс жасайды. Бүгінгі өмір талабымен қарайтын болсақ, баланың 6-17 жас аралығы мектеп қабырғасында өтеді. Осы жылдарда мектепте оқушыға жан-жақты білім берумен шектелмей, халықтық тәрбиені де бойына сіңіруіміз керек.
Еліміз егемендік алғаннан бері мектептерде білім мазмұнының тұжырымдамасына өзгерістер енгізілді, оқушыларға ұлттық дәстүрді, музыканы, өнерді, әдебиетті, мәдениетті терең оқыту және оқу-тәрбие жұмысында халықтық педагогиканы кеңінен пайдалану көзделді. Мектептер халық педагогикасын тәжірибеге енгізіп, оқу-тәрбие жұмыстарын ұлттық дәстүр мен салтқа сәйкес жүргізе бастады. Мектептер ішкі безендіру, кабинеттер мен бөлмелерді жабдықтауды ұлттық мәдениет негізінде жүзеге асыруда. Оқушылар қазақ халқының шежіресімен, шешендік өнерімен, ел билеген азаматтардың өмірімен мектеп қабырғасында жүріп танысуға мүмкіндік алды.
Мәселен, сан үйретуді, тіл ширатуды, мақал-мәтел үйретуді, тақпақ жаттауды игі әдетке, одан әдепке, әдептен дәстүрге айналдырып, қазақ халқы “тілашар” дәстүрін қалыптастырды. Халық баланың 5 жасқа дейінгі тәлім-тәрбиесін тілашармен байланыстырған. Ал бастауыш сыныптарда, 5-7-сыныптарда мақал-мәтелдер айтудан жарыс, мақал-мәтелдердің жалғасын табу, мағынасын түсіндіру сияқты жұмыстарды ойын түрінде өз мектебімізде өткізіп отырамыз. Мысалы, 5-сыныпта әдебиет сабағында ауыз әдебиеті тарауынан қорытынды сабақ ретінде “Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ” ойынын өткіздік.
Халықтық күй мен ән-жырды насихаттап, оқушыларды халық музыкасымен сауаттандыру мақсатында 1-6- сыныптарда ұлттық күйшілер, жыраулар, ақындар жайлы түсінік беріліп, олардың шығармаларымен таныстырылады. Домбыраның, қобыздың сиқырлы да сазды үнімен айтыс, терме өнері, ән әуендері орындалып, баланың эстетикалық, музыкалық талғамы жоғарылайды. Сонымен қатар, бейнелеу өнері, қолөнер арқылы да оқушыларға жан-жақты халықтық мәдениетке негізделген ою-өрнек түрлері туралы түсініктер беріліп, оқушының ұлттық өнерге деген құштарлығы арттырылады. Қолөнер үйірме жұмыстарында ұлттық ою-өрнек, киіз үй, ұлттық кілемдер, үй жиһаздары сияқты заттардың макеттері, түп- нұсқалары жасалады. Сыныптан тыс жұмыстар арқылы халқымыздың тарихын, мәдениетін, өнерін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін оқушылар санасына ұялата білу мақсатында мектепте термешілер, әншілер сайысы, “Жігіт сұлтаны”, “Қыз сыны” сынды іс-шаралар өткізіледі.
Алма АХМЕТОВА,
Бескөл орта мектеп-гимназиясы
директорының орынбасары.
Қызылжар ауданы.