«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАБЛИҒИ ЖАМАҒАТ туралы не білеміз?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Хамзат ӘДІЛБЕКОВ,

“Қызылжар” орталық мешітінің ұстазы.

Бұл жамағат он төртінші ғасырда Үндістан жерінде пайда болған, алайда таблиғи жамағат деген атпен 1926 жылы белгілі болды. Негізін қалаушысы – Мухаммад Илияс әл-Кандаһлауи (1885-1944). Орталықтары – Дели қаласында. Алғашында Үндістан, Пәкістан, Бангладеш жерлерінде тараса, кейіннен араб мемлекеттерінде тарай бастады. Соңғы жылдары Еуропа мемлекеттерінде белсенділіктері артуда. Олар өздеріне ислам дағуатын міндеттеп, белгілі бір уақыт аралығында Алла жолында адамдарды исламға шақыруды (айына үш күн немесе жылына қырық күн) парыз деп санайды. Олар негізгі екі мақсатты алға қояды: біріншісі – ислам діні жетпеген аймақтарға дінді жеткізу, екіншісі – діннен алыстап кеткен мұсылмандарды исламның құндылықтарын орындауға шақырып, оларды тақуалыққа итермелеу. Негізгі ұстанатын дәлелдерін Пайғамбарымыздың (с.а.у.) :

( بَلِّغُوا عَنِّي وَلَوْ آيَةًّ )“Менен бір аят болса даа (адамдарға) жеткізіңдер!” деген сөзімен байланыстырады.

 

Дінге шақырудағы ұстанымдары

Олар жұпыны төсек-орны мен азын-аулақ жол қаражатын қанағат тұтып, белгілі бір елде жұртты дінге шақыруды өз міндеттері деп санайды.

Бір топ адам болып бір елге барып, дағуат жасайды. Топтағылардың әрқайсысы өзіне қажетті қарапайым төсеніш пен өзіне ғана жететін азық алып, жолға шығады. Сопылар секілді азға қанағат етеді.

Қарапайымдылық – олардың ерекшеліктерінің бірі. Дінге шақыру мақсатында келген елді мекендерінде бірі тұрақтайтын мекенжайларын дайындаса, енді бірі үй, базар аралап, Алланы зікір ете отырып, адамдарға уағыз айтады.

Дінге шақырушы айналасына адамдарды жинағаннан кейін, оларды Алла жолына шығуға (үгіт жасауға) шақырады. Таң намазынан кейін келген адамдар топтарға бөлініп, әр топ арасынан бір жетекші тағайындалады. Ол өз тобына “Фатиха” сүресі мен қысқа сүрелерді үйретеді.

Межелі елді мекенге жетісімен оны аралап, дағуат жасап, дінге шақырады. Бұл дағуатты олардың өздері “баян” немесе “хұтпа” деп атайды. “Баянның” уақыты болғанда барлығы дағуатшыны тыңдауға жиналады. Содан кейін жиналғандарды әлденеше топқа бөліп, оның әрбірінің жетекшісі өз тобына дәрет алуды, Фатиха сүресін немесе намазды, Құран оқуды үйретеді. Осылай бірнеше күн қайталайды.

Мұнан кейін бұл елді мекендегі белгіленген мерзім бітер-бітпесте сол адамдарды өздерімен бірге “дағуатқа” шығуға міндеттейді. Яғни, бұл жерде әрбір адам шамасына қарай олармен бірге 1 немесе 3 күн, жылына қырық күн дағуатқа шығуы қажет. Дағуат жолына шығуды “харуж” дейді, онда топ болып, ел жағалап үй-үйді аралап үгіт айтады. Бұл істеріне негізгі сүйенер дәлелдері Құранның: “адамдардың арасынан шыққан ең қайырлы үммет болдыңдар” (“әл-Имран” сүресі 110) деген аяты.

Дағуатқа шыққан мерзімде той мен мерекелерге барудан бас тартады. Өйткені, мұны “дағуат етіп, Аллаға зікір айтуымызға бөгет болады”, деп санайды. Және “Аллаға деген ықыласты бұзады, негізі ықылас таза болуы керек”, дейді.

Жаманшылық жасап жүргендерді кінәлап, сөзге келіп жатпайды. Өйткені, қазіргі кезең мұсылмандарға ыңғайлы орта табу кезеңі деп ойлайды. Егер олармен қарсыласса, өздеріне дұшпан тауып, алдағы дағуаты мен таблиғи жасауларына кедергі келтіріп адамдарды дағуатымыздан қашырады деп есептейді.

Негізгі ұстанымдарында “егер адамдарды жеке-жеке дінге шақырып, туралықты үйретер болсақ, қоғамдағы келеңсіздік өзінен-өзі кетеді”, деп сенеді.

Сапарға шығып, дағуат жасау дағуатшының өзін тәрбиелейді. Дағуатшы адамдарға үлгі болғандықтан, ол өзі айтқандарын толығымен орындауы қажет.

Қаржылық жағын дағуатшылар (дінді уағыздаушылар) өздері қамтамасыз етеді. Кейде жеке бай кісілердің Алла жолында берген садақа-зекетін де қолданады.

Мәзһабты ұстану уәжіп дейді. Ижтиһат жасауға тыйым салады. Себебі, мүжтаһиттің ижтиһат жасауға қойылған шарттары қазіргі заманда жоқ дегенді алға тартады.

Таблиғи жамағаттың жалпы қателіктерін атап өтер болсақ:

Біріншіден: шариғат ілімдеріне мән бермейді. Ілім алса да алып-қашпа, бір-екі оқиғаны оқып, білу арқылы білім алып шектеледі. Бірақ бұл әрекеттері Құрандағы мына аятқа толықтай қайшы. Алла тағала Құранда пайғамбарға былай деуді бұйырған: “Айт: “Бұл – менің жолым. Мен терең ілімге негізделген түрде ғана Аллаға шақырамын. Мен және маған ергендер”, – де”. Ал “таблиғи” жамағатта терең ілімді адамдар аз.

Екіншіден: Құран аяттары мен хадистерді тиісті түрде түсіндірмейді, Құран аяттарын бұрмалап, “бұл – дағуатқа шығу аяты” деп, қате түсіндіреді. Ал бұл шариғат бойынша қате екені қарапайым адамға да белгілі.

Үшіншіден: дінге шақыруды арнайы күн сандарымен шектеулері. Бұл да шариғатта болмаған, дінге енгізілген жаңалық болып саналады.

Төртіншіден: әр күнге бір адамды сайлап, сол адамнан дағуат жасауды талап етулері. Егер адамдар әлгі адамның дағуатына жауап қатса, “Алла қабыл етті, сен шыншыл екенсің” деп, ал егер ешкім жауап қатпаса, “Алла қабыл етпеді” деп айтулары да дінге қарсы. Біле білсек, Нұх пайғамбар 950 жыл бойы дінге шақырып, өзінің отбасынан өзге ешкім жауап қатпаған, ал жүректерге иман беру Алланың еншісінде.

Бесіншіден: жамағат мүшелері әлсіз және жалған хадистерді айтып, сол арқылы дағуат жасайды. Негізінен, дінге шақырған адам өтірік айтудан аулақ болу керек. Ал Алла елшісі (с.а.с.) атынан өтірік айту, тіпті, ерсі әрекет.

Алтыншыдан: халыққа алдымен жақсы сөз айту керек деп, кейбір жағымсыз нәрселерді рұқсат етіп жататындары да бар. Ақиқатына келсек, дінге шақырған адам жақсылыққа қалай шақырса, жамандықтан дәл солай тыюы керек.

Жетіншіден: Алла жолында дағуатқа ілім алу сынды парыздардан да артық құлшылық етіп көрулері – ерсі әрекет. Бәлкім, ілім жоқ жерде дағуат мүлдем міндет болмайды әрі ілімсіз дағуат, керісінше, күнә болып табылады.

Сегізіншіден: елді мекендерді аралағаннан кейін сұрақ қойылмай тұрмайды. Осындай жағдайға тап болғанда кейбірі ілімсіз түрде сұраққа жауап беріп, Алла діні атынан ілімсіз сөз сөйлеп, үлкен күнәға батады.

Тоғызыншыдан: ислам діні ең әуелі отбасын түзеуден басталуы керек. Отбасы, одан қалса көршіңе дін үйретпейінше, өзге жерге дін жаюға беттеу исламның негізгі қағидаларына қайшы келеді. Ал “таблиғи” жамағаттағы бауырлардың көбі мұны түсінбей, қырық күнге отбасын тастап, өзге елге дағуат жасап кетеді. Дағуат сүннетке сай жасалуы керек. Ал сүннет бойынша Алла елшісі (с.а.с.) ең әуелде тек өзінің отбасын дінге шақырған.

Оныншыдан: сопылар секілді өздерінің кейбір ұстаздарын ұлық санап, оларды пір тұтып, молаларды кезетіндері де кездеседі. Олардың караматтарын айтып, бұл жолды ең дұрыс жол ретінде қарастырады. Осы тұрғыда оларды салафит ағымындағы тұлғалар шариғатта негізі жоқ, адасқан ағым ретінде санайды.

Қорыта келе, бұл ағымның жаман, жақсы жақтары байқалады. Олардың негізгі жақсы қасиеттері жергілікті басшыларға, имамдарға қарсы шықпауында, сондай-ақ олар қай елде жүрсе де, сол елдің салт-дәстүрін, заңдарын мойындап, кереғар әрекеттерге бармайды. Негізгі мақсат ретінде дін жаюды ғана алға қояды. Алайда, шариғат ілімі жоқ кез келген адамға дағуатқа шығуды міндеттеуге болмайды, білімсіз дін жаюдың өзі – шариғатқа қарама-қайшы әрекет. Елімізде орналасқан бір діни жоғары оқу орны мен сегіз медреседен жыл сайын мыңдаған діни мамандар тәлім алып шығады. Олар еліміздің түкпір-түкпірінде халыққа қызмет жасауда. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бұл ағымның белсенділігіне жол берілгенмен, қазіргі уақытта оған қажеттілік жоқ. Сол себепті дінді көлденең келген көк аттыдан емес, дін білетін білім иелерінен сұрайық.

Құран Кәрімде Нахл сүресінің 43-аятында бұл жөнінде былай дейді:

“Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp