«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАҒЫН және ОРТА БИЗНЕС – айрықша назарда

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режімде Үкімет отырысы өтті. Онда кәсіпкерлікті дамыту және кедендік әкімшілдендіруді жетілдіру мәселелері талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Үкімет отырысында ҚР өңірлік даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев кәсіпкерлікті дамытудың барысына тоқталып, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасына оңтайландыру бойынша өзгерістер енгізу жоспарланып отырғандығын баяндады. Оның айтуынша, елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға байланысты “Жұмыспен қамту – 2020”, “Моноқалаларды дамыту” сияқты кешенді бағдарламалар жүзеге асырылу үстінде. Осы кезеңде 136 мың жұмыс орны ашылып, 1123 кәсіпкер шетелдерде білімін жетілдірді, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай рұқсат беретін құжаттар саны 30 пайызға азайды. Еліміздің барлық өңірлерінде, 3 моноқалада және Семейде кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын ашу қолға алынып жатыр. “Атамекен” Одағы” ҰЭП-мен бірлесіп, оларды 1 мамырға дейін іске қосу жоспарланған.

 

Алдағы уақытта бағдарлама аясында несиенің ең төменгі сомасы бойынша жоғары шекті – үш есе, нақтылап айтқанда, 4,5 млрд.-тан 1,5 млрд. теңгеге дейін төмендету көзделуде. Бұл жобалар санының артуына жағдай жасайды. Соған орай аталған қаражатқа бақылаудың көпсатылы тетігі қолданылатын болады. Сонымен қатар жоба құны бойынша кепілдіктің ең жоғары шегін 9 есеге төмендету көзделуде. Биыл бизнес үшін барша рұқсатнамалық құжаттардың бірыңғай тізімі енгізіледі. Осы жұмыс аясында 2 жылдың ішінде барлық рұқсатнамаларды беру шаралары автоматтандырылады, яғни ол алдағы уақытта қағазбен емес, электронды түрде жүзеге асырылады.

– Осылайша біз шағын және орта бизнес жобаларын кепілдендіру тетіктерін ауқымды түрде іске қоса алатын боламыз, – деді Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында.

Сондай-ақ бағдарламада бизнесті енді бастаған әйелдерге, жас кәсіпкерлерге, мүгедектерге қолдау көрсетудің жаңа түрлерін енгізу қарастырылған.

Бірінші вице-министрдің нақтылай түсуінше, жаңа тетіктер халықаралық тәжірибе мен ел өңірлеріндегі шағын және орта бизнес қажеттіліктеріне сараптама жасау негізінде әзірленген.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев шағын және орта бизнес субъектілерін тексеру жыл сайын 30 пайызға қысқарып отырғанына қарамастан, кейбір мемлекеттік органдар аталған тексерулерді заңды түрде қайтарып алуға тырысатындығын атап айтып, олардың жолын кесу бойынша жұмысты жалғастырып жатқандықтарына тоқталды.

 

Серік Ахметов жыл басынан бері кәсіпкерлік субъектілерге жүргізілген тексерулерге 1 сәуірге дейін сараптама жүргізуді, нәтижесін Үкіметке хабарлауды тапсырды.

Мәжілісте күн тәртібіндегі мәселеге орай “Даму” қоры мен “Атамекен” Одағы” ҰЭП басшылары өз ойларын ортаға салды.

Премьер-Министр мүдделі органдармен, “Даму” қорымен, “Атамекен” Одағымен бірлесіп “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасын оңтайландыру бойынша 1 мамырға дейін Үкіметке ұсыныс енгізуді Өңірлік даму министрлігіне жүктеді.

ҚР қаржы министрі Болат Жәмішев Үкімет мүшелерін кедендік әкімшілдендіруді жетілдіру бойынша атқарылатын іс-шаралармен таныстырды. Ол министрлік жасаған жоспар маңызды мәселелерді қамтитын 7 блоктан тұратындығын атап айтты. Олар: кедендік тарифтерді біріздендіру, инфрақұрылымдарды дамыту, электронды декларациялауды енгізу, электронды рұқсат беру мен лицензиялау жүйелерін ықпалдастыру, кәсіпкер мәртебесін тіркемей-ақ жеке тұлғаларға коммерциялық тауарлар партиясын өткізуді ынталандыру, өкілетті экономикалық операторлар институтын жетілдіру, фискалды өкілеттікті кедендік бақылаудан салық комитетіне беру. Осының бәрі тауарды сырттан әкелуден бастап, сатуға дейінгі өтпелі процесті қамтамасыз етуге арналған.

Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Самат Ескендіров өңірімізде кәсіпкерлік ахуалды жақсарту мәселесіне байланысты жауапты органдардың басшыларын тыңдады. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов қалыптасқан жағдай жайында хабарлама жасады. Қызылжар өңірінде 29607 шағын және орта бизнес субъектісі бар, оларда 99 мың адам еңбек етеді. Орта есеппен бір кәсіпорында – 3-4 адамнан. Соңғы жылдары аталмыш нысандарға кредит беру өсіп келеді.

Кеңесте қаралған мәселеге орай ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Димаш Таласбаевтың, “Атамекен” одағы” ҰЭП ОФ-нің директоры Елена Виссарованың хабарламалары тыңдалып, кәсіпкерлікке қолдау көрсету жайында ұсыныстар айтылды.

“ҚР Ұлттық банкі” ОФ директоры Жомарт Қажырақымов аудан орталықтарында екінші деңгейдегі банктердің 2-3 филиалы жұмыс істейтіндігін, ол аздық етсе, бұрынғы аудан және кеңшар орталықтарында қосымша несиелік серіктестіктер ашуға көмек көрсете алатындықтарын жеткізді.

Самат Ескендіров елді мекендердегі өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдарды кәсіпкерлікпен айналысуға тарту және оларға қолдау көрсету мәселесін айрықша атап айтып, аудандарда “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы жобаларына қатысушылар санын арттыруды тиісті органдарға тапсырды.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp