«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТА ДІНІМІЗДІ ДАМЫТУДА атқарылған істер аз емес

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар өңірінде де Құдайға құлшылық ету үйлерінің саны барған сайын артып келеді. Егер еліміз егемендік алғанға дейін облыс көлемінде бірақ мешіт болса, Қазақстан Республикасының “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” Заңына сәйкес былтыр қайта тіркеу жүргізілгенде өңірімізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалы ретінде 64 мешіт есепке алынды. Елді мекендердегі 46 намазхана жергілікті жерлерде тіркелуде.

Амандық ЖАНТЕМІРОВ,

“Қызылжар” мешітінің

баспасөз хатшысы.

Қандай болса да істің табысты орындалуы оны атқаратын жауапты тұлғаға жасалатын жағдайға байланысты. Осы күнге дейін имамдар мен молдалардың көбі жалақысыз еңбек етуде, бірқатарында баспана, қызметтік көлік жоқ. Сондықтан қазір кадр тапшылығы байқалады. Он үш аудандық мешіттің қазір екеуіне (Тайынша, Аққайың) бас имам, онына наиб имам қажет. Аққайың, Жамбыл, Уәлиханов аудандарының бас имамдарына баспана тауып беру қиынға соғуда. Енді осы айдан бастап имамдардың кейбіреуіне “Зекет” қорынан жалақы төленетін болды.

Кадр мәселесін шешу үшін имамдар оқушылар арасында үгіт жұмысын жүргізеді. Бірақ діни оқу орындарында оқуға құлшынатындар онша көп емес. Десек те, қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысынан “Нұр Мүбарак” университетінде – 6, Алматыдағы “Әбу Ханифа” медресесінде – 3, Астанадағы “Нұр-Астана” медресесінде – 6, Павлодардағы “Әбу-Бәкір Сыддық” медресесінде 5 шәкірт оқып жатыр. Олармен және ата-аналарымен үнемі хабарласып, хал-жағдайларын біліп, қажет болғандарына қаржылай көмек көрсетіледі.

 

Жазғы айларда “Қызылжар” орталық мешітінде – 37, ал тұтастай облыс бойынша – 147 оқушы сауат ашу курсына тартылды. Оларға тегін түстік ас беріліп, ойындар ұйымдастырылды. “Қызылжар” мешітіндегі ұстаздар – Түркия елінен келген Халил Ибраһим мен Ливия университетінің түлегі Хамзат Әділбеков ҚМДБ бекіткен бағдарлама бойынша араб тілі, Құран Кәрім және Тәжуид, ислам тарихы, Ғибадат, Ақида, Ахлақ пәндері бойынша сабақ беруде.

Облыс мешіттерінде жұма уағыздарын өткізудің тақырыптары белгіленіп, жоспар бойынша жүзеге асырылуда. Бұл істе, әсіресе, “Жұма мінбері” атты кітаптың тигізер пайдасы мол болып отыр. Сондай-ақ барлық мешіттерде жұма күндері дыбыс күшейткіш арқылы Құран сүрелері оқылады “Қызылжар” мешіті ашылған, яғни 2005 жылдан бері қолданылып келе жатқан дыбыскүшейткіш ескіріп, дауыс дұрыс естілмейтін еді. ҚМДБ-мен келісе отырып, жуырда 1 миллион 700 мың теңгенің жаңа аспабы орнатылды.

Өңірімізде теріс ағымдардың алдын алу мақсатында арнайы құрылған топтар аудандарға, елді мекендерге шығып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ Дін істері агенттігінен арнайы топ келіп, бірқатар аудандарда болып, халықпен кездесіп, жат ағымдардың зияны туралы әңгімелер өткізді.

“Қызылжар”, “Нұр”, “Мұхсин” мешіттерінің имамдары Қадырбек Шәріпов, Аян Алыпқашев, Руслан Қайыргелді, Айбек Сайдалин, Әбілхан Жәпішев, Абылай Құрсақов, ұстаз Хамзат Әділбеков Петропавлдағы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде, Әскери институтта, колледждерде, мектептерде, жетім, мүгедек балаларға арналған мектеп-интернаттарда жиі болып, әртүрлі тақырыптарда уағыздар айтады. Өңірдің бірнеше мектебінің оқушылары “Қызылжар” мешітіне саяхат жасады.

Ішкі істер, дін істері жөніндегі, әділет департаменттерімен және “Көз жету” қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып өткен жылы екі рет діни семинар, “Ислам – бейбітшілік пен мейірімділік діні” деген тақырыпта конференция, “Зекет – қайырымдылық қоры” деген тақырыпта кәсіпкерлермен, аудандардың басшыларымен кездесулер, “дөңгелек үстелдер” өткізілді.

Қызылжардағы, Есіл ауданындағы Горный кентінде, Айыртау ауданының орталығы Саумалкөлдегі түрмелер мен колонияларда имамдар әрбір сәрсенбі (айына екі рет) уағызнасихат жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ ауруханаларда, Петропавлдағы жетім балалар мектеп-интернатында болып, әңгімелер өткізіледі. Осы мектеп-интернаттың балалары үнемі мешітке шақырылып, дастарқан жайылып, сый-сияпат жасалады. Рамазан айына байланысты арналған Үндеу Қызылжар өңірі мұсылман қауымына, әсіресе, кәсіпкерлерге үлкен ой салды. Соның нәтижесінде облыстың көптеген кәсіпкерлері тауар бағасын арзандатты, арақ-шарап сатуды доғарды. Мысалы, Уәлиханов ауданының Ақтүйесай, Қулыкөл, Береке, Озерный, Өндіріс, Көбенсай ауылдарында Рамазан айы бойы дүкендерде арақ-шарап сатылған жоқ. Кәсіпкерлер М.Исембаев дәріханалардағы дәрі-дәрмекті, Б.Мәжитов такси қызметін он пайызға арзандатса, дәмхана-монша-қонақүй кешенінің иесі А.Бейсенов қызмет көрсету құнын 20 пайызға түсірді. Бұл игі бастаманы “Қызылжар” орталық мешітінде өңір кәсіпкерлерімен өткізілген “дөңгелек үстелге” қатысқан Петропавл қаласындағы “Донер”, “Есіл” дәмханаларының, “Деметра”, “Риэлт-Сервис”, “Здравствуйте” ЖШС, “Виктория” сақтандыру компаниясының, “Полиарт” баспа үйінің басшылары да қызу қолдап, қызмет бағасын арзандатты. Қызылжар ауданының Бәйтерек ауылындағы “Халал”, “Көктем” дүкендері де бағаны түсірді.

Рамазан айы бойында өңірдің барлық мешіттері мен намазханаларында жетім-жесірлерге, көпбалалы отбасыларға, ақсақалдарға, мүгедектерге арналып ауыз-ашарлар беріліп тұрды. “Қызылжар” орталық мешітінде, сондай-ақ Уәлиханов ауданында кәсіпкерлер Кенжебек Жантілеуов пен Рәшида Темірбекова күн сайын 40-50 адамға ауызашар беріп отырды. Айыртау және Есіл аудандарының әкімдері, кәсіпкерлер Шахмандар Ескендіров, осы өңірде тұратын ауған, түрік, тәжік, қырғыз бауырлар әрқайсысы 40-тан 300-ге дейін адамға ауыз-ашарлар берді. Тайынша, Уәлиханов, Мамлют аудандарында тұрмысы нашар отбасыларға 20 қап ұн таратылса, Ақжар, Есіл аудандық және “Бензострой”, “Қызылжар” қалалық мешіттері мұқтаж отбасыларының балаларына оқу құралдарын сатып әперді. М.Жұмабаев, Ақжар және Тайынша аудандық мешіттерінің бас имамдары қариялар мен жетім балалар үйлеріне барып, сый-сияпат жасады.

Жамбыл ауданында төрт жас отбасыға, Қызылжар ауданын да қатерлі ісік ауруына шалдыққан Айдар Малдыбаевқа Қытайға барып емделуге, Уәлиханов ауданында Қарағанды медицина институтының студенті Динара Жароваға, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда жалғызбасты әйел Сәуле Сейдахметоваға немересін Омбыға апарып емдетуге, “Қызылжар” орталық мешітінде Сәуле Нұрғалиеваға қызын Израильде емдетуге қаржылай көмек көрсетілді. Көптеген тұрмысы нашар отбасыларға, әсіресе, Жамбыл, Ақжар, Қызылжар, Уәлиханов, Шал ақын аудандарының мешіттері кәсіпкерлерді жұмылдыра отырып азық-түлік жеткізіп берді.

Мәуліт мерекесі Қызылжардағы ғимараты кең Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өтті. Оған ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, Астанадағы “Әзірет Сұлтан” мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбай, Ресей Федерациясының Азиялық бөлігі мұсылмандарының мүфтиі, омбылық Әнуар қажы Жүнісов және басқа да діни қызметкерлер қатысты. Айтыс ұйымдастырылды, Құран оқу, терме, салауат айту, С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері әзірлеген көріністер кештің көркін аша түсті. Мерекелік кешті белгілі айтыскер ақын Арман Бердалин жүргізді. Осындай мерекелік шаралар барлық аудандарда ұйымдастырылды.

Көптеген мешіттерде демеушілердің көмегімен “Айттық” акциясы ұйымдастырылып, тұрмысы төмен отбасыларына құрбандық еті таратылды. Уәлиханов ауданындағы Телжан, Мортық, Ақтүйесай ауылдарында, Ғабит Мүсірепов атындағы және Қызылжар аудандарының орталықтары Новоишим мен Бескөлде етпен бірге ұн да таратылды. Ал Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөлде мешіт қызметкерлері “Балдырған” балабақшасына екі кілем мен ойыншықтар сыйлады.

Өңір мешіттері де Құрбан айтына жан-жақты әзірленді. Солардың ішінде халықтан жиналған қаржыға 2007 жылы салынған Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылындағы мешітке Құрбан айты алдында демеушілердің көмегімен күрделі жөндеу жүргізілді. Ал Есіл аудандық мешітіне жергілікті кәсіпкер Керімбай Ебжанов қомақты қаржыға дыбыскүшейткіш аспап сатып әперіп, орнатты.

Құрбан айты мейрамын биік деңгейде өткізу шараларының ішінде Қазақстан қажылары қауымдастығының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы мен “Қызылжар” орталық мешіті бірлесіп өткізген “Дәстүр-салттың діңгегі – мұсылмандық” атты діни-отаншылдық кештің орны ерекше болды. Қазақстан қажылары қауымдастығы СҚО филиалының төрайымы Сәлима қажы Балтабаева өз баяндамасында ата-ананы құрметтеу, жастар тәрбиесіне тоқталды. Жиналған қауымға Алматыдан ат терлетіп келген, Қазақстан қажылары қауымдастығының мүшесі, “Дүние толқын” газетінің бас редакторы Баян қажы Ахметованың жүрек тебіренте сөйлеген сөзі ерекше әсер қалдырды.

Мұсылманның бес парызының бірі – қажылық. Сондықтан жылдағы дәстүр бойынша былтыр “Қызылжар” орталық мешітінің наиб имамы Қадырбек Шәріпов қажылыққа баруға ниет білдірген 12 жамағатты сапарға дайындады. Нәтижесінде бәрі парыздарын аманесен орындап қайтты. Ал ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы Қасымхан Абдуллаұлы бас мүфтидің тапсырысымен қажылық сапарға шыққандарды бастап барып келді.

Өңірімізде ислам дінін дамыту жолында өткен жылы осындай игі істер атқарылды. Алда одан да ауқымды міндеттер тұр. Уәлиханов, Мамлют, Есіл және Аққайың аудандарының орталықтарында жаңа мешіттер салу міндеті тұр. Солардың ішінде Кішкенекөлде бес жүз орындық мешіт салынуда, ол осы бірінші тоқсанда пайдалануға берілмек. Явленкада мешіт құрылысы басталды. Смирново мен Мамлюткада мешіт салуға жер бөлінді, енді құрылысына демеушілер іздестірілуде. Қазіргі қолданыстағы мешіттер қыстың суығына қарамастан қалыпты жұмыс істеуде. Мысалы, Жамбыл, Аққайың, Тимирязев, Тайынша, Есіл аудандық мешіттері бір орталықтан жылытылады, қалғандары отын-көмірмен қамтамасыз етілген.

Өткен жылғы жұмыстың қорытындысы бойынша Ақжар аудандық мешітінің бас имамы Азамат Тұрлыбеков өңірдің үздік имамы, Қызылжар қалалық “Нұр” және Уәлиханов аудандық мешіттерінің бас имамдары Әбілхан қажы Жәпішев пен Өсербай Шәкенов іскер имамдар деп танылды. Жыл қорытындысына арналған кеңесте ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы Қасымхан Абдуллаұлы қалалық және аудандық мешіттер имамдарына нақты тапсырмалар беріп, олардың сөзімен де, ісімен де жамағатқа үлгі болуы керектігін ескертті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp