«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИНТЕРНАТТЫҚ МЕКЕМЕЛЕРДІҢ өзге ұлт ұстаздары мен тәрбиешілері сайысты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатта Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма және Балалар құқығын қорғау департаментінің мамандары бірлесіп өңіріміздегі жетім және ана-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған интернаттық мекемелердің ұстаздары мен тәрбиешілері арасында “Қазақ тілі – болашағым, ертеңім…” атты байқау өткізді. Шараға облыс аумағындағы интернаттық мекемелердің 10 маманы қатысты.  

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Байқаудың шарты бойынша оған әр интернат мекемесінен мемлекеттік тіл үйірмесінде оқып жүрген бір өзге ұлт өкілі қатысуы керектін.

 

– Байқау мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, қатысушылардың коммуникативтік лексикасын дамыту және меңгерген сөздік қорларын күнделікті тұрмыста қолдану дағдыларын қалыптастыру, қазақ тілін үйреніп жүрген ұстаздар мен тәрбиешілерді моральдық және материалдық тұрғыдан көтермелеу мақсатында өткізілді. Бұл сайыс интернаттық мекемелердің тәрбиешілері мен ұстаздарының арасында алғаш рет ұйымдастырылып отыр және бұдан әрі жалғасын табатын болады, – дейді Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Нұрлан Жамантаев.

Сайысушылар үш кезеңнен өтті. Бірінші кезеңде қатысушылар өздерін таныстыру және слайдта көрсетілген сюжетті суреттер бойынша дайындықсыз әңгіме құрастырудан сынға түсті.

Екінші кезеңде қатысушыларға жеке-жеке әртүрлі суреттер бейнеленген парақтар таратылды. Ондағы тапсырма бойынша әркім өз парақшасындағы суреттің астына сол суреттің атауын жазуы тиіс.

Үшінші тапсырма қазақ тілінде ән орындау, ұлттық би билеу, ұлттық аспаптарда ойнау, мәнерлеп оқу немесе сүйікті ісі туралы әңгімелеу болды.

Қатысушылар деңгейі әртүрлі болды. Дегенмен, қазылардың таразылауымен суырылып алға шыққандар анықталды.

Саңырау балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының өкілі Юлия Еньшина 1-орынды жеңіп алды.

СҚО әкімдігінің №1 арнайы (түзету) мектеп-интернатынан келген Татьяна Яковенко 2-орынға тұрақтады.

Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған Айыртау мектеп-интернатының өкілі Галина Клецконың тілді меңгеру деңгейі 3-орынға лайық деп танылды.

Сайыста орын алған жүлдегерлер мен түрлі аталымдар бойынша марапатталғандарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Сонымен қатар жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған интернаттық мекемелерде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге және мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға қосқан үлестері үшін бірқатар оқытушылар басқарма бастығының Алғыс хатымен марапатталды.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp