«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАУҚАСТЫҢ ҒҰМЫР ЖАСЫ ҰЗАРСА, нағыз көрсеткіш, міне, осы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі күні адамзатты алаңдатып отырған обыр ауруының күннен-күнге етек жайып келе жатқаны жасырын емес. Республика бойынша жыл сайын онкологиялық ауруларға 30 мыңнан астам адам шалдығуда. Десе де, Үкімет тарапынан қабылданған бағдарламалардың арқасында бұл кеселден емделгендер саны да артып келеді. 2011 жылмен салыстырғанда, өңірімізде бұл ауруды жеңгендер саны өткен жылы 8,5 пайызға өскен. Егер де республика бойынша дерттен құлантаза айыққандар көрсеткішін 5 пайызға жеткізу мақсаты тұр десек, бұл біздің облыс үшін тәуір көрсеткіш. Осыған орай облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Ермек Әбдірімовпен сұхбаттасуды жөн санадық.  

– Ермек Ғаббасұлы, қазіргі таңда өңірімізде онкологиялық аурулармен күрес қалай жүргізіліп келеді?

 

– “Саламатты Қазақстан – 2015” мемлекеттік бағдарламасына сәйкес онкологиялық аурулардан болған өлім-жітімді азайтып, қызметтің тиімділігін арттыру – біздің басты мақсатымыз. Қазіргі таңда диспансерде 196 орын бар. Оның 175-і – тәулік бойына, ал 25-і – күндізгі бөлім. Диспансерде былтыр 5 мың адам ем-дом қабылдады. Оның 3380-і – тәулік бойынша, ал қалғаны күндізгі бөлімде емделгендер. Жалпы 2011 жылмен салыстырғанда, өткен жылы ауруханаға жатып, тәулік бойында емделетіндердің қатары сиреп келеді. Тиісінше, күндізгі бөлімде емделетіндердің саны көбейіп, жұмсалатын қаражат та үнемделеді. Мемлекеттік тапсырысты жақсы көрсеткіштермен аяқтағанымыз диспансердің алған бағытының дұрыс екендігін көрсетеді. Мәселен, 2012 жылы жоспар бойынша 37 ота жасауымыз керек болатын. Бірақ оның орнына біздің диспансерде жоғары технологиялы 61 ота жасалды.

– Қандай оталар?

– Өкпедегі обырды алу. Ол үшін өкпенің жоғары бөлігін бөліп, қатерлі ісікті алып тастағаннан кейін өкпенің бөліктерін бір-біріне жалғаймыз. Келесі ең қиын оталардың бірі обыр жайлаған қуықты кесіп, оның орнына науқастың ішегінен жаңадан қуық жасап, оны орнына жалғау болып табылады. Мұндай оталардың біз 11-ін жасадық. Бүйректегі қатерлі ісікті кесіп, оны орнына жалғау. Және эндоскопиялық ота жасадық. Сүт безін алып тастағаннан кейін кеуденің ішіндегі лимфа бездеріне отаны эндоскопиялық әдіспен жасадық. Әдетте мұндай қиын отаны тек институттарда жасайтынын айта кету керек. Және ішек-қарын мен асқазанға жасалатын оталардың легін эндоскопиялық әдісті қолдана отырып жасаған болатынбыз. Бұлар да ерекше оталардың қатарына кіреді.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты” атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасын орындау аясында онкологиялық көмекті дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарламаның ерекшелігі неде?

– Бағдарламаға сәйкес 2012-2016 жылдар ішінде елдегі бүкіл онкологиялық мекемелер халықаралық деңгейге жетіп, еуропалық стандарттарға сай болуы тиіс. Аталмыш стандартқа сай болуы үшін әрбір мекеме жоғары технологиялық құралжабдықтармен қамтамасыз етіледі. Биыл құны 320 миллион теңге компьютерлік томографты Денсаулық сақтау министрлігі сатып әпереді деп жоспарлануда. 22 млн. теңгені құрайтын күрделі эндоскопиялық аппаратты да осы бағдарламаның аясында іске қосу ойымызда бар. Бұл құрылғы арқылы науқастарға ота жеңіл түрде жасалады. Сол арқылы науқас отадан кейінгі келесі күні аяғын басып, дертінен тез айы ғады. Екінші жартыжылдықтан бастап аталмыш аппарат арқылы жыныс, өкпе және асқазан ауруларына эндоскопиялық әдіс арқылы ота жасайтын боламыз. Жаңа құрылғылармен жұмыс істеу үшін мамандарымыз Ресей мен Қарағанды қаласында білімдерін жетілдіру үстінде.

Емдеу ісіндегі тағы бір жаңашылдық дәрігердің еңбегін бағалаудағы тиімді тәсілді қолдану болып табылады. Яғни, дәрігердің еңбегі жасалған ота, тексерілген науқастардың санымен қоса, дертінен құлантаза айық-қандармен де бағалана бастады. Сондықтан да әрбір дәрігер өзіне емделуге келген науқастарды диспансерлік есепке алып қана қоймай, оның емделіп шығуына барлық күш-жігерін жұмсайды. Жұмысының нәтижелі болуына тырысады. Сол арқылы оның жалақысы да өседі. Науқастың ғұмыр жасы ұзарса, бұл – дәрігер үшін нағыз көрсеткіш. Былтыр емделіп шыққандардың көрсеткіші 8,5 пайызға өсті. 2011 жылы науқастардың саны 7220 болса, былтыр 7640-қа дейін көбейді. Бұл – үлкен көрсеткіш. Өйткені, Қазақстан бүгінгі таңда емделіп шыққандардың санын 5 пайызға жеткізуді мақсат еткен болатын. Мамандарымыздың біліктілігінің арқасында биыл ерте кезеңде анықталған қатерлі ісік саны 2011 жылы 47,5 пайыз болса, биыл 51,4 пайызға көбейді.

Егер де бүгіндері Францияда қатерлі ісіктен құлантаза айыққандар 68 пайыз болса, Қазақстанда көрсеткіш 49-50 пайызды құрап отыр. Ал облысымызда емделіп шыққандар қатары 53,4 пайызға жетті.

– Қазіргі таңда онкологиялық аурулардың ішінде жатыр мойны мен сүт безі қатерлі ісігі қандай деңгейде?

– Сүт без ісігіне шалдыққан науқастар саны биыл 7,5 пайызға көбейді. 4-5 жылдан бері өткізіліп келген скринингтің арқасында ерте кезеңдегі жатыр мойны обыры дертін анықтау 92 пайызға өсіп, сүт безі ісігі 49 пайыздан 72 пайызға көбейді. Ерте кезеңде анықталған қатерлі ісіктің емі шипалы болады. Сондықтан да алдағы уақытта осы бағытта жұмысымызды жалғастыра береміз.

– Скринингтік тексерістердің тізіміне өткен жылы қандай өзгерістер енгізілді?

– Сүт безі мен жатыр мойны қатерлі ісігін анықтаумен қатар өткен жылы тік ішектің обырын алдын алу жұмыстары басталды. 50-70 жас аралығындағы 51 мың адам тексеріліп шықты. Қаралғандардың ішінде 500 адамда қатерлі ісіктің белгілері анықталды. Оларды тереңірек зерттей келе, 131 адамда ішектің ауруы көрініс тапса, 22-сінде қатерлі ісік расталды. Оларды емдеу жұмыстары жүргізіліп келеді.

– Өткен жылы емдеу ісінде тағы да қандай жаңашылдық енгіздіңіздер?

– Республика бойынша тұңғыш рет біздің облыста қылтамақ обырын емдеуде жаңа тәсіл қолданылды. Бұрындары қылтамақ обырына шалдыққан науқастарды тамақтандыру үшін біз науқастың асқазанын кесіп, тамақты салатын едік. Жаңа тәсіл арқылы науқас дертіне қарамастан, өзі тамақтана алатын дәрежеге жетеді. Стэнд деп аталатын сым тәріздес бұл құрылғыны жабылып қалған жүректің тамырларын қалыпты жағдайға келтіру үшін жүрек-қан тамырларын емдеуде пайдаланады. Біз де эндоскоп арқылы сым тәріздес құрылғыны қылтамаққа өткіземіз. Содан кейін жаңағы құрылғы адам температурасының күшімен қылтамақты ашып, тиісінше науқас та тамақтана алады. Науқастың емделіп шығуына да оң әсерін тигізеді.

Алдағы уақытта қосымша екіқабатты ғимарат салу ойымызда бар. Бұл ғимаратта радиологиялық және өзге де бөлімдер ашылып, ең бастысы, науқастарымызды оңалту бөлімі де өз жұмысын бастайтын болады. Онда күрделі оталардан кейінгі науқастар денсаулықтарын шыңдап, оңалту шараларынан өтіп, қалыпты өмірлеріне келе алады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp