Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің төрағалығымен азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі бойынша мәжіліс өтті. Оған облыстық басқармалардың басшылары, көтерме сауда орындары мен ірі сауда орталықтарының өкілдері қатысты.
– Жыл сайын күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті мәселелердің бірі – баға саясаты. Атқарушы билік аталмыш мәселені қашанда бақылауда ұстап тұруға тырысқанымен, жағдайдың ойымыздағыдай бола бермейтіндігі шындық. Өзгеден гөрі өз қамын күйттеген алыпсатарлар күнделікті тұтыну тауарларының бағасын кейде шарықтатып жібереді. Биыл мұндай жағдай қайталанбауы тиіс, – деген Қайрат Бекеновтің айтуына қарағанда, облыс орталығында 98 сауда-саттық нүктесіне мониторинг жүргізіледі екен. Бұл – қаладағы бар сауда-саттық нүктелерінің 20 пайызы ғана.
Әдетте көктем мен жаз мезгілінің бастапқы кезеңінде базар бағасының аспандап кететіні бар. Жыл басынан бері халық көп тұтынатын өнімдердің бағасының көтерілуі тұрғындардың алаңдаушылығын тудырары анық. Мысалы, тұрақтандыру қорынан килосы 120 теңгеге босатылған күріш қаладағы сауда орындарына шығарылып, 206 теңгеден сатыла бастаған. Сауда-саттық нүктелерінде күнбағыс майы – 285, ет – 1020, сәбіз – 100, картоп – 67 теңгеге дейін қымбаттаған. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда, өнімдердің бағасы біршама өскен. Бағаның өсуін сатушылар коммуналдық тарифтердің қымбаттауымен түсіндіреді. Бір қызығы – бағаны шығынға ұшырайтын тасымалдаушы делдалдар мен көтерме саудагерлер емес, еш шығынға батпайтын ірі сауда орталықтары ғана өсіруде.
Облысымызда негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөнінде штаб құрылып, көтерме жабдықтаушылармен меморандумдар жасалған болатын. Ал биылғы жылы облыстық штабтан мұндай белсенділік байқалмай отыр. Облыс әкімінің орынбасары осындай кемшіліктерді тізбелей келіп, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Т. Құлжанова мен ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының м.а. Д. Таласбаевтан бағаның негізсіз өсуіне тосқауыл қоюда атқарылып жатқан шаралар туралы сұрады.
Негізгі тауар түрлерінің бағасын тұрақтандыру бойынша хабарлама жасаған Тотыкамал Құлжанованың айтуынша, ай сайын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізіміне енетін негізгі тамақ өнімдерінің 35-іне мониторинг жүргізіледі екен. Картоп пен қызылшаның бөлшек саудадағы бағасы – 5-6 пайызға, ал сүттіні – 1, сұйық май құны 0,9 пайызға өскен. Осы орайда облыстың тұрақтандыру қорында 4408 тонна азық-түліктің бар екендігі де белгілі болды.