«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАС АЙНАЛУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қайырбек ҚОЖАХМЕТОВ,

дәрігер-терапевт.

Дәрігерге келген ауру адамның бірқатары сізге не болды дегенде, басым айналады, лоқсимын, құлағым шулайды деп жауап береді. Бас айналу көбінесе бірден немесе бірте-бірте пайда болады, оның алдында бас ауыр тартып, құлақ шулағаны сезіледі. Сыртқы белгілері: ауырған адам құсады, түсі бозарады, терлегіш болады, тамыры жиі немесе сирек соғады, артерия қысымы төмендейді. Мұндай жағдайда адамда көбінесе жұмыс істемек түгіл, қозғалуға мұрша қалмайды.

Бас айналу ішкі органдардың, жүйке жүйесі ауруларының, сондай-ақ токсикоз бен инфекцияның белгісі болып табылады. Орта және ішкі құлақтың қабыну процесінен, атеросклероздан, гипотения, гипертония ауруларынан, ми мен мишықтың ісінуінен, бас сүйегі жараланғанда, сақинасы ұстағанда бас айналады. Бас айналу – жүрек-тамыр ауруларының негізгі белгісі. Гипотония ауруы бар адамдар жатқан жерінен тік тұрғанда немесе басты алға және төмен иген кезде басы айналады. Ол көбінесе гипертония ауруының, әсіресе, ми криздерінің симптомы. Ал үйреншікті бас айналу ұстамалы немесе криз түрінде пайда болып, бірнеше сағатқа созылады. Мұндайда бас бір жағына қисайып, көз ауырады, кейде құлақ шулап, есту тосаңдайды.

Ми тамырларының склерозы кезінде бас айналуымен қатар ұйқы қашып, адам меңзең болады. Бұл – вестибулярлық аппаратты қоректендіретін тамырлары қанмен жабдықталудың бұзылғаны, демек, ол қалыпты қызметтен қалады. Құлақ ауырғанда пайда болатын бас аурулардың біршама ерекшеліктері бар: орта құлақтың созылмалы іріңді қабынуы өршімеген кезде бас айнала қоймайды, бірақ ауру қозып, ірің көп аққанда құлақ шулап, мүкістенеді. Дерт асқынған кезде науқас адамға айналадағы заттар айналып тұрғандай немесе шыңырауға құлап бара жатқандай сезім пайда болады. Мұндайда науқасты маман дәрігерге көрсету керек. Дерт қатты меңдеген кезде ауруды жатқызып, оны мүмкіндігінше мазаламаған жөн. Ішкі құлақ немесе орталық жүйке жүйесі ауырдыау деп күмәнданған жағдайда тиісті маман дәрігерге дереу көрсеткен жөн.

Қызылжар қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp