«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОСТАНДЫҚТЫҢ ҚАДІРІН ЕНДІ БІЛІП… бармақтарын тістеген әйелдер

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.

Бұл өмірде әйел бақыты дегеннің өзі құбылмалы. Бүгін бақ құсы иығыңда отырса, ертең-ақ оны ұшырып алмасыңа кім кепіл бола алады?!. Солардың қатарына мен темір тордың ар жағындағы әйелдерді де жатқызар едім. Осындай қасіретке душар болған үш әйелдің өмір жолымен танысқанымызда олардың әңгімесі төмендегідей өрбіді…

Әйгерім, 26 жаста,

Екібастұз қаласынан.

– Астанадан осындағы әйелдер колониясына ауыстырылғаныма жарты жыл болды. Бостандық алғаннан кейін Қызылжар өңірі туралы әңгіме қозғала қалса, бұл аққайыңдар өлкесі мен үшін жақсы естеліктермен емес, өмірімнің ауыр өткелі болған кезеңмен сабақтасып жататыны өкінішті. Десек те, бұл – менің өмірім, бұл – менің маңдайыма жазылған тағдырым, – деп сөзін бастаған Әйгерім өзінің әңгімеге дайын екендігін білдіргендей үлкен көздерін төңкере қарап, езу тартты. Өзінің балалық шағы өткен Екібастұз қаласы туралы айтқан кезінде бет-әлпеті келбетті қыздың мұңды жүзіне қан жүгіргендей болды.

 

Әйгерімнің бала күнгі арманы балет бишісі болу екен. Екібастұздағы “Улыбка” би ансамблінің құрамында 9 жыл өнер көрсетіпті. Алайда, анасы бұл мамандықтың қыз балаға зиянды жақтары көп екендігін ескертіп, таңдауын қаламаған. Содан ол есепші болуға бел буған көрінеді. Соған орай ол өзінің тоғызыншы сыныптан кейін Астана қаласына білім қуып келгенін жеткізді. Бастапқыда политехникалық колледждің бағдарламашы даярлайтын тобына құжатын тапсырып, емтиханнан бір “4” алып қалады да, оқыту орнының грантына өте алмайды. Ал оның ақылы бөліміндегі төленетін қаржы отбасына ауыртпалық түсіретінін білген Әйгерім төлемі аз “Тұран” колледжін таңдайды. Оны есепші мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітіріп шығып, 2005 жылы шекара қызметінің есеп-қисап қызметіне жұмысқа қабылданады. Ал үш жылдан кейін еңбекқор, білікті маман орталық аппаратқа есепші ретінде жұмысқа шақыртылады. Осыдан бастап оның өмірі күрт өзгерген.

Әйгерім еңбекке ерте араласқан. Еті тірі қыз жұмыс арасында сырттай бухгалтер-экономист, бухгалтер-аудитор мамандықтары бойынша жоғары оқу орнын да бітіріп алған. Астана қаласында тұру, өмір сүру әрі сырттай оқу қаршадай қызға оңай соқпайды. Ал шекара қызметі саласындағы мардымсыз еңбекақы жанды жегідей жейді. Содан “Алтын көрсе, періште жолдан таяды” дегендей, теріс жолға түскенін байқай алмай қалады. Осылайша өмірдегі бар қиындықтарды еңсеремін деп жүрген бойжеткен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 176-бабы, яғни “Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемдену немесе ысырап ету” бойынша айыпталып, бес жарым жылға бас бостандығынан айрылады. Әрине, Әйгерім: “Мен өз кінәмді мойындаймын”, – десе де, көкейімде: “Сыбайластарын жасырып, өзі ғана жазалы болып отыр ма?” – деген ой туып, сауал қойдым. Ол: “Қомақты қаржының ұрланғанына қатысым болды”, – деген жауаппен қысқа ғана қайырды. Онысы бір кемеде жүзген әріптестеріне сатқындық жасамаудың реті шығар деп әрі қарай қазбаламадым.

Петропавлдағы ЕС-164/6 мекемесіне ауыстырылғанға дейін ол Астана қаласындағы Ұлттық қауіп-сіздік комитетінің оқшаулағышында бір жарым жыл бойы бір бөлмеде жалғыз отырыпты. Әлі қабырғасы қатпаған бойжеткен осындай ауыртпалыққа қалай төтеп берді екен деген таңғалыс менің түрімнен аңғарылса керек: “Иә, өте қиын болды. Ондағы әр күнің тозақтың отынан кем емес шығар. Қателік жасаған соң өзіңді ойламайсың. Ойлайтының – ата-анаң мен бауырларың. Ал мен үшін осы жазаның ең ауыр тиген жері ата-анамның үйсіз қалуы еді. Менің ісіме байланысты олардың үйі тәркіленіп, өздері далада қалды. Сол жаныма қатты батады”, – деген оның дауысы дірілдеп шықса да, жанарына жас алмады. Ішкі шерімен бөліскен қыз осы жерден аман-есен шыққаннан кейін өзінің отбасына келтірген кесірінің орнын толтыруға бар күш-жігерін салатынын жеткізді. “Қайран, анам! Мен үшін отқа күйіп, суға батып жүрсе де, алдыма келген кезде еш ренішін білдірмейді, көз жасын да көрсетпейді. Оның осындай мінез танытуы маған қайсарлық, жігер берді ме деймін. Бірақ оның мені ойлап, іш құса болып жүргенін сеземін. Әкеме рахмет, осы қиын кезде оған да, маған да демеу болып жүр. Өгей деген аты болмаса, туған әкемдей”, – деген Әйгерім басын төмен салбыратып, үнсіз отырып қалды. Алыстағы туыстарын еске алудан қыздың ішкі жан дүниесі астан-кестен болып жатқандығын ұғып, әңгіменің жалғасын үнсіз күттім.

– Бұл жаза, мүмкін, Құдайдың маған деген сынағы болар. Одан өмірлік сабақ алып шығатын боламын. Түрмеге түскен адамның мінез-құлқы, әлбетте, өзгереді. Осыған дейін мен жұмсақ мінезді, біреудің көңілін қайтармайтын жан едім, енді өмірде мұндай қателікке ұрынбас үшін басқа адам болуға тырысамын. Ең бастысы – мына ортада адам тануды үйрендім, – деген Әйгерім маған өз жасынан біраз есейіп кеткендей көрінді.

Адам шыдамды және жігерлі болса, басқа төнген қиындықты оңай жеңері анық. Ал түзеу мекемесінен шыққандарға өмірін әрі қарай жалғастыру оңайға соқпайды. Алайда, тірі адам тірлігін жалғастырады. Түрлі ойлар Әйгерімнің де жүрегінің түкпірінен орын алып, санасында көп сауалдар туындауы сөзсіз.

– Ертеңгі күніме қорқынышпен қараймын. Тамыр-таныс, туыс-жекжат қандай қабақ танытады деп ойлаймын. Бұл қанымызға сіңген қымсыну шығар. Бірақ, бұл – менің өмірім, менің тағдырым. Сүрінсем, өзім таяқ жедім. Сондықтан ертеңгі күні мен ата-анам мен бауырларымнан басқа ешкіммен түсінісуге міндетті емеспін. Кімнің маған шын жанашыр екендігін бүгінгі жағдайдың өзі сүзгіден өткізгендей таңдап берді, – деп оның өжеттене сөйлеген сөзінен кейін менің де көңілім көтеріліп қалды.

Сол жанашырлардың қатарында Әйгерімнің дос жігіті де бар екен. Олар осы оқиғаға дейін екі жыл бұрын танысқан. Оның Әйгерімге ешқандай туыстығы болмағандықтан, мұнда келіп, қызбен жүздесе алмайды. Бірақ, басқалардан сәлемін айтып, сәлемдемесін жіберіп жатады екен. Жігітінің осындай жылы ықыласын естіген соң мен Әйгерімнен бостандыққа шыққаннан кейін одан қандай қарым-қатынас күтетінін сұрадым.

– Білмеймін. Оның менімен достығын үзбей жүргендігінің себебін де айта алмаймын. Сүйетін болар, мүмкін, оның маған деген аяушылық сезімі ғана қалған шығар. Оның үстіне мен бұл жерден басқа адам болып шығамын. Оның да көзқарасы өзгереді. Әр нәрсеге шынайы қарау керек. Оған мен осы азапты жылдарда қолдау көрсеткені үшін ризамын. Бұл сауал уақыттың еншісінде, дәл қазір кесіп ештеңе айта алмаймын, – деді.

Сондай-ақ Әйгерім алыста жүрсе де, отбасында болған жақсы өзгерістерден құлағдар болып, жаны толқып, көңілі жайланып қалатынын айтты. Оның отбасында болған соңғы жаңалық – Әйгерім бас бостандығынан айрылғаннан кейін үйленген інісі ұлды болыпты. Әйгерім оның атын Әлижан деп қойыпты. Осылайша темір тордың ар жағында қалған бойжеткен соңынан ерген інілері мен өз жолын тосқан ата-анасына деген сағынышын басып, ертеңгі күніне үлкен сеніммен қарап, күндерін санауда…

Қарлығаш, 47 жаста, Арқалық қаласынан

– “Ала жіпті аттама!” дегенге қазақ үлкен мән берген ғой. Сондықтан да аяғын тәй-тәй баса бастаған сәбидің тұсауын ала жіппен кесіп, ырымдау жамандықты аластату ма деймін. Адалдықтың ақ жолынан тайып, бас бостандығымнан айрыламын деп ешқашан ойлаған емеспін. Бұл мен отыратын орта емес! Тіпті, кейде маған бұл тағдыр да менікі емес сияқты көрінеді, – деп ішкі жанайқайын білдіргісі келген Қарлығаштың дауысы қатты шықты. Оның әңгімесінен өзінің жасамаған қылмысын ағасына жанашырлық көрсетемін деп мойнына алғандығын түсіндім. Оқиға былай болыпты…

Қарлығаш жиырма жылға жуық Павлодар қаласында тұрған. Онда ол өз қызметін істеп, үш бөлмелі пәтерде екі баласымен бірге бейқам тұрып жатады. Алайда, күндердің күнінде Арқалықта тұратын анасы мен бауырларына қарай жақындағысы келіп, шұғыл шешім қабылдап, жүгін тиеп, туған еліне көшіп барады.

– Павлодарда табысым да жақсы, ортама да сыйлы едім. Ал өз еліме келіп, істі болғаным жанымды жегідей жейді. Бұл Тәңірдің маңдайға жазған жазуы шығар? Бірақ сонау жақтан бауырым бар деп арқаланып келген кезде ол үшін өз басымды жамандыққа тіккенімді бүгін дұрыс санамаймын. Оның біздің тағдырымызға немқұрайды қарап, сол қаржыны жеп-ұрлағандардың көздерін шұқымай отырғандығы жаныма қатты батады, – деген сөзі арқылы өзінің бауырына көңілі қалғандығын сездіргендей болды.

Қарлығаш Арқалыққа көшіп келген соң ағасы басқарып, жеңгесі құрылтайшы болып отырған микрокредиттік ұйымға (МКҰ) директор болып жұмысқа орналасады. Ол жұмысты қабылдап алған кезде МКҰ-ның кассасында 24 миллион теңге жетпеген. Ағасына айтса, ол оның орнын толтыратынына сендіреді. Сөйтіп, олар жым-жылас жоқ болып кеткен қаржының шығысын өткен күнге негіздеп, құжаттап жібереді. Қарлығаш өз жұмысын кассада қалған 500 мың теңгемен бастайды. “20 жыл орыс пен немістің арасында жұмыс істеп келіп, дәл өз бауырым мені тақырға отырғызады деп ойламаппын”, – дейді.

Ол ұйымға әр кезеңде “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ ауыл шаруашылығын қолдау бағыты арқылы қомақты қаржы түсіріп отырған. Бірақ оның жұмсалу бағыты қара дүрсін орындалады. Мемлекеттік ақшаның мақсатты жұмсалуы тиісті органдар арқылы қадағаланып отыратындықтан, күндердің күнінде тексеріс те келіп жетеді. “Сасқан үйрек артымен жүзедінің” кері осы кезде басталады. Жаңа лекпен қаржы түсіп жатса да, ол алдыңғының орнын толтырсын ба, оның да тиісті бағыты бар, есебі керек. “Өтіріктің құйрығы – бір тұтам” деген мақал осы оқиғаға дәл келетін сияқты. Соңғы бір жарым жыл бойы құжаттарға қол қойып отырған Қарлығаш пен ұйымның құрылтайшысы екеуінің үстінен іс қозғалып, ҚР Қылмыстық кодексінің 176-бабы , яғни сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемдену немесе ысырап ету бойынша олар бас бостандықтарынан айрылады.

– Қылмыстық іс қозғалған кезде дәл мынадай насырға соғады деп ойлаған жоқпын. Біз сотталатынымызды сот барысының соңғы күні ғана сездік. Сол күнгі үкімді естіп, қызымның шырылдап жылаған дауысы әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді. Жоқ болған қаражат ағамның да қалтасына түскен жоқ. Ол ақша лауазымды қызмет атқаратындардың көмейіне құйылыпты. Енді “Айтамын деп айыпты, жазамын деп жазықты” болдымның керін киіп отырмыз. Ал ақшаны нақ жеген адамдар тірлікті белшесінен басып, тайраңдап жүр. Жеңгем де құжаттардың мәнісіне жетпей, қолын қоя берген. Жұрт бізді пайдаланып кетті. Енді екеуіміз түрменің тозағында отырмыз, – деп ашуға булықты Қарлығаш.

Ол бас бостандығынан айрылған бір жыл екі айдың ішінде Қостанайдың, Алматының, Астананың, Арқалықтың түрмелерін көріп, соңында осында жеткізілген. Ол осы жерден тез арада үйге қайтуды аңсайды. Кейін өз өмірі туралы кітап жазғысы келетінін сөз етті. Ондағы ойы өзі бастан кешкен қателіктер басқаға сабақ болсын дегені екен.

– Ағамның іскерлігінде сөз жоқ. Ол өңір экономикасын көтеруге елеулі еңбек сіңірген жан. Жұрттың өресі жетпей жатқанда кредиттік ұйым да құрды. Алайда соңғы кезде өз ісіне салдыр-салақ қарап, болмайтын нәрсеге сенгіш болып кетіпті. Нәтижесінде отбасымыздың абыройына күйе жағылды. Соның салдарынан өзінің іскерлігімен, еңбекқорлығымен өмір бойы жиған-тергенін 3-4 жылдың ішінде құртып жіберді. Ең алдымен, әр адам басқан қадамының, әр шешімінің алды-артын ойлауы керек. Осы қағида ата-анамыздың тәрбиесімен бойымызға сіңсе де, қатердің басын шешемін деп жүргенде аяғымыз шырмала берді. Бірақ сол кезде балаларды ойлауым керек еді. Басында мойындап қойған соң, артқа шегіне алмадым. Енді бұдан әрі өз өміріме, қоршаған ортаға сақтықпен қарайтын боламын деп түйін түйдім. Әуелі өзімді ойлап, содан кейін жұртты ойлайтын боламын. Таныстар бар, бірақ, ешкімді көргім келмейді, – деді Қарлығаш.

Басыңа осындай қара бұлт үйірілген кезде жанашырлардың да қатары сирейтін кездер болады. Көпшілігі адамның бұл қасіретінен бойын аулақ ұстау үшін одан безініп кетеді. Сондай жайттар Қарлығаштың да басынан өтіп жатыр. Оның жанына бататыны – бала кезден бірге жүрген құрбысының теріс айналғандығы екен. Қалай болған күнде де арада болған жақсылық үшін оған разы көңілде қалатынын айтты. “Мен бостандыққа шыққанан кейін жаңа өмірді бастаймын. Бойымдағы адами қасиет әр кезде менімен бірге. Шындығында мен адамдықтың ала жібін аттаған жоқпын. Бұл Алланың көп сынының бірі деп білемін. Бұдан мен сағымды сындырмай өтуім керек. Оған менің шамам жетеді,” – деп өзінің әлі де қайсар екендігін танытты.

Қарлығаш кітап оқығанды жақсы көреді екен. Әсіресе Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері жүрегінің түкпіріне оңай жол табады. Психологиялық туындыларды оқыса,мінез-құлқына үлкен септігін тигізеді. Оның жан дүниесі әдебиетке жақын екендігі сөйлеген сөзінен, ой-өрісінен аңғарылып тұрды.

Қарлығаш бала күнінде журналист болуды армандапты, бірақ әкесінің қолқалауымен экономист мамандығын таңдаған. “Марқұм әкем ары таза, ісі өнегелі, сөзі орынды адам болатын. Енді, міне, түрмеге түсіп, оның атына кір келтіріп отырмыз. Ал анам болса кезінде менің Павлодардан көшіп келгеніме өкініш білдіреді. “Маңдайыңның соры” деп мені аяйды. Бірақ өткен күнге өкініш айту кеш. Тағдырдың бұл тәлкегіне де көнемін”, –деп ол әңгімесін бітірді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp