«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ГОРГАЗҒА” РЕНЖУГЕ БОЛМАЙДЫ, – деді ардагер әйел

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Горгаз-Сервис” ЖШС-і өз тұтынушылары алдында жылдық қорытынды есебін берді.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Серіктестік директоры Юрий Шишкин баяндамасын мүдірместен оқып шыққанымен, залдағы тыңдармандардың одан көп жайға қаныға қоймағаны анық. Сарапшылық кеңестің мүшесі Геннадий Егоров баяндамадан кейін ескерту жасап айтқанындай, осындай кездесулерде келушілерге таратылатын есептің қысқаша тезистік нұсқасы болған жоқ. Жарты бетке де толмайтын баспасөз парақшасынан ұғынарлық жай – сұйытылған көмірсутегі газын топтық резервуарлық қондырғыдан тұтынушыға енгізілетін шүмекке дейінгі тасымалдау тарифінің табиғи монополия субъектісі ретіндегі шығындарға қосылған үлес салмағы 1 пайызды ғана құрайды. Тегі, есепті кездесуді ұйымдастырушылар осы 1 пайызға бола бастарын ауыртқысы келмеген сыңайлы.

Дегенмен, облыстық табиғи монополияларды реттеу жөніндегі департамент бекіткен тарифтерге тоқталмай кете алмаймыз. Ол бойынша серіктестік абоненттеріне топтық резервуарлық қондырғылар арқылы берілетін сұйытылған көмірсутегі газының өткізу бағасы бір текше метрге 407,5 теңге тұрады (ҚҚС-сыз). Ал сұйытылған көмірсутегі газының топтық резервуарлық қондырғыдан тұтынушыға енгізілетін шүмекке дейінгі тасымалы бойынша ішкі қызмет тарифі бір текше метрге 5,4341 теңге болып бекітілген. Тасымал көлемі кәсіпорын бойынша аз да емес, ол 1486819 текше метрді құрайды.

 

Тыңдаушылар серіктестік басшысына бірден сұрақтарын жаудырды. Мысалы, Абай көшесі, 66 үйдің ПИК төрағасы газгольдерге газ құйған кезде неге ысырапқа жол берілетінін және пайдаланылатын газдың сапасыздығының себебін сұрады. Бұл жайында кәсіпорынның бас инженері Олег Любавин газ құйған кезде табиғи шығын болатынын айтып, түсінік берді. Сол сияқты газ сапасы туралы да орынсыз күдік келтіріліп отырғанын білдірді. Өйткені, серіктестік “Шевройл” компаниясының өте сапалы газын ғана пайдалануда.

Сарапшылық кеңестің мүшесі Геннадий Егоров кәсіпорында газдың текше метрмен ғана өлшеніп, салмақтап өлшенбейтініне таңданыс білдірді. Оған газ мамандары әлемде барлық газ өлшемдерінің текшелік көлемге көшкенін айтты.

Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Жолдас Лұқпанов өңірге бірер жылда табиғи газ жететінін айтып, соған кәсіпорынның қандай дайындығы барын сұрады. Жиынға қатысқан облыстық ТМРА департаментінің директоры Марат Мұстафиннің түсіндіруінше, бұл мәселе кәсіпорынның құзырына жатпайтын болып шықты. Ардагердің газ плиталарының қауіпсіздігіне байланысты қойған сұрағына, кәсіпорын басшысы тұрмыстық газ плиталарына үш жылда бір рет тексеріс жүргізілетінін айтты.

Шындығына келгенде, “Горгаз-Сервистің” жұмысын жоққа шығаруға ешкімнің дәті бара қоймас. Есімін атамай, өзін “Нұр Отан” партиясының мүшесімін деп қана таныстырған ардагер әйел жиын нүктесін қойғандай болды. “Горгаз қалыпты жұмыс істеуде, үйге шақырсақ, жетіп келеді, өздеріне барсаң кассирі мен менеджері жүгіріп қызмет көрсетеді. Ондағы адамдар өте тамаша, “Горгазға” ренжуге болмайды”, – деді ол.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp