«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАМУДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫНДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Осыдан бес жыл бұрын басталған жаһандық дағдарыстан біздің Қазақстан онша зардап шеккен жоқ. Оған еліміздің экономикалық жедел өсу жағдайын қамтамасыз етуі, дамудың нақтылы ұзақмерзімдік бағдарламаларын жасауы септігін тигізді. Соның ішінде бірі де бірегейі – “Қазақстан – 2030” Стратегиясында экономикалық дамудың елімізді өрге бастырар батыл бағыттары көзделген.

Нәтижесінде 15 жылдың ішінде ұлттық экономиканың көлемі 1997 жылғы 1,7 триллон теңгеден 2011 жылы 28 триллон теңгеге жетті. Елдің ішкі жалпы өнімі (ІЖӨ) 16 еседен астам өсті. Жан басына шаққанда ІЖӨ 1998 жылғы 1500 доллардан 2012 жылы 12 мың долларға жетіп, 7 еседен астам артты. Сондай-ақ елімізде сыртқы сауданың 12 есе өсуіне, ал өнеркәсіп өнімін өндіру көлемінің 20 есе өсуіне қол жеткізілді. Осы жылдар ішінде мұнай өндіру – 3, табиғи газ өндіру 5 есе ұлғайды. Шикізат ресурстарынан түскен кірістер Ұлттық қорға құйылды. Міне, осылардың бәрі ықтимал экономикалық және қаржылық сілкіністерін қорғайтын сенімді қалқанымызға айналып отыр.

 

Бұл – бүгінгі және болашақ ұрпақ қауіпсіздігінің кепілі. Үдемелі индустрияландыру бағдарламасы аясында 2010 жылдан бастап жалпы құны 1797 млрд. теңге болатын 397 инвестициялық жоба іске асырылды, 44 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы іске асырылған екі жылдың ішінде жалпы көлемі 101,2 млрд. теңге сомасындағы кредит болатын 225 жоба мақұлданды. Орташа айлық жалақы 9,3 есе өсті. Зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 10 есе ұлғайды. Халықтың нақтылы ақшалай кірістері 16 есе артты.

Осы келтірілген деректер Қазақстан экономикасының бірқалыпты дамып отырғанын көрсетеді, яғни дағдарысты еңсере отырып, өсу жолына шықты. Қазір Қазақстан дамудың “орта шенінде” тұрған елдер қатарына қосылып (бұл топта 27 мемлекет бар), Тайланд пен Грузия арасында, жиырма төртінші орынға жайғасты. Осы топқа енген Ресей тізімде он төртінші, ал Кеден одағы бойынша бұлармен әріптес ел – Беларусь болса “нарығы енді ғана дамып келе жатқан елдер” санатына қосылған.

Ілгері кеткен елдер ондығында көш басында әлемдік қаржы дағдарысы мен 2011 жылдың қаңтарындағы жойқын зілзалаға қарамастан, сыртқы экономикалық сілкіністерге төтеп бере алатынын дәлелдеген Чили тұр. Ал экономикасы ең қауқарсыз ел Сомали болып отыр, ол жалпы тізімнің ең соңында. Бұл елде іс жүзінде орталық үкімет жоқ.

Білікті экономист-ғалымдар 2013 жылы қазақ экономикасы қарқынды дамиды деп отыр. Халықаралық валюта қоры мен Азия даму банкі алдағы жылы ішкі жалпы өнім 6-6,3 пайызға өседі деген болжам жасауда. Рас, біздің экономика шикізатқа әлі де тәуелді. Яғни, оның даму ырғағы жаһан нарығындағы мұнай мен минералды ресурстардың және металдың құнына байланысты құбылып тұрады. Біздің мамандар, Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсуіне 2013 жылдың ірі жобасы – Қашағанның іске қосылуы тиімді әсер етеді деген ойда. Қашаған – бұл соңғы 40 жылдағы ең ірі мұнай қоры табылған мекен. Ондағы мұнайдың көлемі 35 миллиард баррельге бағаланып отыр.

Ал осы бар мұнайды тиімділікпен іске жарату сыртқы саяси факторларға байланысты. Мысалы, Қытай мен Жапонияның арасындағы саяси жағдайдың шиеленісуі мұнайға деген Қытайдың сұранысын арттырады. Таза экспортымыз, мемлекеттік шығындарымыз, инвестициялық салымдар жиынтық сұранысты арттыра түседі. Ендеше 2013 жылы кем дегенде 5 пайыз экономикалық өсім болатынын айтуға болады, дейді ғалымдар.

Елдің экономикалық дамуының тағы бір тетігі әлемдік сауда үдерістерімен ықпалдасуда жатыр. 2013 жылы еліміз Дүние-жүзілік сауда ұйымына кіруге ұмтылып бағары сөзсіз. Ол ел экономикасының еңсе тіктеуіне сеп болатын бірден-бір фактор болмақ. Бүгінде 182 елмен қарым-қатынасымыз бар. Баламалы қуат көздерін де пайдалану мүмкіндігіміз мол, яғни, жел, Күн энергиясы жеткілікті. Сондай-ақ биыл – инновациялық-индустриялық дамудың шешуші жылы. Осы уақытқа дейін төгілген тер мен салынған қаржының игілігін көретін кезіміз жетті. Түптеп келгенде, индустриялық қуат біздің ел экономикасын өрге сүйрейтін күшке айналуы тиіс. Сол кезде қазіргідей тек шикі мұнайға ғана емес, негізінен, нақты өндіріске екпін түсетін болады.

Осылайша еліміздің экономикасын саралағанда, оның дамуына тікелей әсері бар жаһандық экономиканың қазіргі жағдайын орағытып өту мүмкін емес. Ғалымдар биыл әлемдік экономиканың өсу қарқынында елеулі ауытқушылық болмайды, экономиканың өсімі 3-3,5 пайызды құрайды деген болжам жасап отыр. Өткен жылы дүниежүзі көлемінде экономика өсімінің бәсеңдеуі байқалды. АҚШ-тағы “қаржылық үзіліс” пен Еуропа елдеріндегі қарыз дағдарысының салқыны әлі де қайта қоймайды. Сондықтан биыл әлемдік экономиканың өсімі орташа мүмкіндіктен бәсең болуы ғажап емес.

Қалай болғанда да жаһандық экономиканы бағдарлай отырып, өз экономикамыздың тұрақтылығын ойластырмайынша болмайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан – 2050” Стратегиясы осы мақсаттағы дамудың даңғыл жолы болмақ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp