«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАР “БОЛАШАҚҚА ЖОЛ” ЖАЙЫНДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Екатерина АБДУЛЛИНА,

Червонное орта мектебінің оқушысы.

“Қазақстан – 2020: Болашаққа жол” атты мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасында ел жастарының денсаулығына баса мән берілген. Мен сияқты спортпен жиі айналысатын жастарды бұл мәселенің мемлекеттік деңгейде шешіліп жатқандығы қуантады.

Қай заманда да жастық жігері мен алып күш-қайратын сарқа жұмсайтын жігерлі жастарымызға қолдау білдіріп, бастаған бағыттарынан жаңылмауына бұл тұжырымдаманың берері мол. Өйткені, ол болашаққа бағытталған баянды бастамадан басталып, табыс пен дамуға апаратын сара жолды бағыттайды. Құжатта маңызды міндеттер, даму жолындағы атқарылар іс-әрекеттер, басым бағыттарымыз, соның ішінде сапалы білім, ерен еңбек, жастардың мәдени дамуы, кәсіпкерлікті дамыту, жастар денсаулығы мен саламатты өмір салтын насихаттау, жас отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жан-жақты көрініс тауып, аталмыш мәселелердің шешімін табу жолдары қарастырылған. Салмақты ойларды байыптаған адам өскелең ұрпаққа жауапкершілігі мол маңызды міндеттер жүктелгенін байқайды.

Мұндай қолдауға ие болған жастар өз мүмкіндіктерін мемлекетімізді нығайтуға жұмсайтыны анық. Қазір жастардың рухани тұрғыдан дамып, спортпен белсенді шұғылдануына көңіл бөлініп отыр.

 

Еліміздің жастары мектепті тамамдаған соң білікті маман атанып, Отанымыздың дамуына үлес қосу қажеттігін біледі.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.

* * *

Сабина МЕҢДІБАЕВА,

“Парасат” мектеп-лицейінің орыс тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Жасыратыны жоқ, ауылдық аймақтар білімі жоғары, білікті мамандарға зәру. Әсіресе, білім саласы бойынша ауылдық жерлерде математика, физика, химия сияқты пәндер бойынша білікті мамандардың жетіспей отырғандығы жиі айтылады. Осы орайда 2009 жылы қолға алынған “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының облыста өз деңгейінде ұйымдастырылуы нәтижесінде бүгінгі таңда білім беру саласы бойынша жас мамандар қатары толығуда. Аталмыш жобаның мақсаты – ауыл мәртебесiн арттырып, ауылда жұмысқа қабiлеттi тиiмдi еңбек ресурстарын жаңарту. Бағдарламаның арқасында ауылға келген жас маман баспана сатып алуға төмен пайызды несие мен көтермеақы алу мүмкіндігіне ие болды.

Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы саласы өркендеп, осы салаға қажетті мамандарға деген сұраныс артып келеді. Ауылдық жерлерде ауыл шаруашылығы мамандары: мал дәрігерлеріне, агрономдарға, зоотехниктерге сұраныс өсуде.

Сонымен қатар ауыл өмірін жаңа сатыға көтеру мақсатында “Жастар тәжірибесі” және “Бизнестің жол картасы – 2020” сияқты бірқатар бастамалар, бағдарламалар мен жобалар жасалды.

Бұл тұжырымдаманың негізгі мақсаттарының бірі – білім сапасын арттыру. Кез келген елдің ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен айқындалады. Осы орайда кез келген жас ұрпақ өз елінің, өз ұлтының алдындағы жауапкершілікті сезінсе екен деймін.

Қызылжар ауданы.

* * *

Самал ХАМЗИНА,

М.Қозыбаев атындағы

СҚМУ-дің 1 курс-студенті.

Таяуда бекітілген мемлекеттік жастар саясатының “Қазақстан – 2020: Болашаққа жол” атты тұжырымдамасында жастарға сапалы білім беру, оқу бітіргеннен кейін жұмысқа орналасу, баспана алу сияқты маңызды мәселелерге баса назар аударылған.

Біз, студент жастар, аталмыш тұжырымдаманы толығымен қолдаймыз. Ел болашағы біліммен қаруланған, көзі ашық, саналы жастардың қолында. Әсіресе, Қазақстандағы адами капиталдың сапалы дамуы үшін қойылған міндеттер мен мақсаттарды орындау өскелең ұрпақ еншісінде деп білемін.

Күш – білімде. Мемлекетімізде оқу жүйесін жетілдіру үшін көп қаржы бөлініп, оқу үдерісіне жаңа әдістер мен технологиялар енгізіліп, білікті мамандар даярлау ісі қолға алынған. Қазір жастар өнер қуып, жалықпай оқып, талпынатын болса, ертең еңселі елімізде өз ісінің нағыз мамандары жұмыс атқарары анық.

Сонымен қатар ауылды жерлерде маман тапшылығы байқалып жүргені рас. Ауылдарға еліміздің ең үздік деген жоғары оқу орындарында білім алған жастар бара қалса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Елді мекенге барған жас маман кадр мәселесінің шешілуіне ғана ықпал етіп қоймай, ондағы өзге де салаларға серпін береді. Айталық, қазір ауылдық аймақтардағы ұйым, мекеме, мемлекеттік қызмет салаларында болсын, көбінде егде тартқан және кезінде бойына кеңестік жүйенің тәрбиесін әбден сіңірген апа-ағаларымыз отыр. Әрине, олардың еңбек тәжірибесі мен мемлекетке сіңірген еңбектерін жоққа шығаруға болмас және қызметке келген жас маман жұмыс тәжірибесі жағынан олардан асып түседі деу де орынсыз. Дегенмен, қашанда жаңалыққа жаны құмар жастардың өзі қызмет еткен салада да тың серпіліс жасайтынына сенім мол.

Жалпы бұл бағытта тарқатып айтатын мәселе көп. Мысалы, қазір ауылдық аймақтардың денін компьютерлендірдік десек те, ауыл тұрғындары сол құрылғылардың қарым-қабілеттерін толық пайдалана алмай отыр. Ал компьютердің алдында өзін судағы балықтай сезінетін жастар оның мүмкіндіктерін сарқа пайдаланады. Бәлкім, жастар арқылы компьютердің қырсырын терең меңгерушілердің саны да арта түсер? Бұдан жастар қызметке келген ұйым, мекемелердегі жұмыс сапасы да арта түседі деп үміттенуге болады.

“Ай жарығы – әлемге, шам жарығы – түбіне” дейді халқымыз. Әр қазақстандық, соның ішінде жастар, ел дамуына саналы түрде үлес қосатын болса, Елбасының Қазақстанды әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосу жөніндегі алға қойған асқақ та ауқымды мақсатының жүзеге асуы айдан анық.

* * *

Қуат АЙТЖАНОВ,

жеке кәсіпкер.

Жеке кәсіпкер ретінде Үкімет жастарға өзін қалыптастырып, болашағын жарқын етуге бар мүмкіндікті жасап отырғандығын айтқым келеді.

Тәуелсіздік алғалы бері тұрмыс-тіршілігіміз, ел-жұрттың әл-ауқаты танымастай өзгерді. Бүгінде мен туған еліміздің өркендеуіне өзіндік үлесімді қостым деп мақтанышпен айта аламын.

Кәсіпкерлік еліміздегі жаңа экономиканың қозғаушы күшіне айналып келе жатқаны баршамызға мәлім. Бүгінде ауданымызда шағын және орта бизнес белсенді дамуда. Жаңа тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы кезеңінде іскер адамдарға кейбір кедергілерді жеңіп, жаңа қырларынан танылуға мүмкіндік туды. Менің көптеген жерлестерім жеке істерін ашып, кәсіпкерлікті дамытудың негізін қалады. Бүгінде біздер кәсіпкерліктегі оң өзгерістердің куәгері болып отырмыз. Әсіресе, қазіргі жастарға қолайлы жағдай жасалған. ҚР мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі “Қазақстан – 2020: Болашаққа жол” атты тұжырымдамасында да осы мәселелердің басы ашылған.

Ауыл – әркім үшін киелі мекен. Мұндағы ағайын күнделікті тіршілігінде ұйымшыл. Қолда барын тәубе етіп, отбасындағы қуанышымен бөлісіп, халқының қамын ойлап, жақсы істер тындыруға әр кез тырысатын ашық та ақкөңіл жандар. Мен де ауылдан шыққан қарапайым азаматпын, туып-өскен жеріме барынша адал қызмет етуге тырысып бағудамын. Бір сөзбен айтқанда, еңбегімнің жемісін көріп отырмын.

Жамбыл ауданы.

* * *

Әлия ҒАЛЫМОВА,

Жамбыл ауданының ауданаралық туберкулезге қарсы диспансерінің аға медбикесі

Мен денсаулық саласының қызметкері әрі “Дипломмен ауылға!” бағдарламасының қатысушысы ретінде мемлекеттік жастар саясатының “Қазақстан – 2020: Болашаққа жол” атты тұжырымдамасын толықтай қолдаймын. Себебі, тұжырымдама жастар саясаты саласында атқарылатын жұмыстардың 11 басты бағытын айқындап отыр. Екі кезеңді қамтитын, сапалы білім, мәдени даму және бірлік, жастар кәсіпкерлігін, ғылымды дамыту, еріктілер қозғалысы және тағы да басқа мәселелердің шешу жолдарын қарастыратын жобаның ел жастары үшін маңызы зор. Сондықтан кейінгі толқын бұл құжатпен жақсы танысып, оның негізгі идеясын түсінуі қажет.

Бүгінде біздің ауданда жас мамандарға бар жағдай жасалған. Үкімет тарапынан мол қаражат бөлініп, жастарға жеке баспана мәселесін шешу мүмкіндігі берілген. Ендігі кезекте әр азамат алдына мақсат қойып, діттегеніне жету үшін бар күшін салу керек. Ел жастары өзгелерге қарап қалмай, болашақты бүгіннен ойлап, іске кіріссе нұр үстіне нұр болар еді.

Алтынгүл ҚОЖАХМЕТОВА,

Новоишим агротехникалық колледжінің экономика пәнінің мұғалімі.

Жас буынның дамып, қалыптасуының бірден-бір кепілі – сапалы білім. Тәуелсіздік алған жылдардан бері бұл салада жеткен жетістіктер аз емес. Жас маман ретінде мен үшін таяуда бекітілген мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі “Қазақстан – 2020: Болашаққа жол” атты тұжырымдамасы аса маңызды. Себебі, білім жастар саясатының негізі болып табылады. Елбасының тапсырмасымен қолға алынған “Болашақ” бағдарламасы, Назарбаев Зияткерлік мектептері, Назарбаев Университеті сияқты біліми жобалар өскелең ұрпақ арасында беделге ие. Агротехникалық колледжде қызмет ететін жас маман ретінде Қазақстанда Елбасының тапсырмасы бойынша техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту мақсатында халықаралық тәжірибелерге негізделген оқытудың дуальдық жүйесі енгізілгелі жатқандығы көңілге қонымды дер едім. Қазақстанда Елбасының бастамасымен бәсекеге қабілетті мамандар даярлау үшін техникалық және кәсіптік білім жүйесін түбегейлі өзгерту үдерісі басталды.

Мамандарды даярлауда оқытудың дуальдық жүйесі маңызды орын алуы керек. Қазіргі кезде әлемде оқытудың дуальдық жүйесі – кәсіптік-техникалық кадрлар даярлаудың ең тиімді жолдарының бірі. Оның ерекшелігі – жастар теориялық және тәжірибелік білімді қатар алып, таңдаған мамандықтары бойынша шыңдалуларына мүмкіндік алады.

Жас маман ретінде “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Бағдарлама аясында баспана сатып алуға төмен пайызды несие мен көтермеақы алдым. Аталмыш бағдарламаның арқасында жоғары оқу орнын тамамдаған соң ауылды жерге қызметке келген жас мамандардың баспана мәселесі шешіліп, ал мемлекеттің дамуына өз үлесін қосады деп сенемін.

* * *

Кеңес МҰҚЫШЕВ,

“Жас Отан” жастар қанатының атқарушы хатшысы.

Жуырда Үкімет отырысында маңызды құжаттардың бірі – 2020 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының жобасы мақұлданды.

Аталған құжатта “Қолжетімді баспана – 2020” бағдарламасы бойынша жас отбасыларға жыл сайын 3 мың пәтер бөлінетіндігі, “Бизнестің жол картасы – 2020”, “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламалары аясында жастар мәселесін шешуге, жастардың “Дипломмен – ауылға!” және “Жасыл ел” бағдарламаларына қатысулары үшін электрондық ұсыным жасауға, сондай-ақ елімізде қандай мамандықтардың сұранысқа ие екендігін білуге мүмкіндік беретін “Жастар еңбек биржасының” бірегей веб-порталын құру қолға алынғандығы қуантады.

Сонымен қатар тұжырымдаманың жалпы ережелері “Жас Отан” жастар қанатының “Жастар – Отанға!” атты даму стратегиясымен үйлестіріледі. Осы орайда алдағы маңызды өзгерістер үдерісінде жастарға түсетін әлеуметтік жүктеме артатын болады.

Біріншіден, мемлекет жастарды жұмысқа орналастыруға, оларды оқытуға және қайта даярлауға, қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге, жол жүру мен тамақтануға субсидия бөлуге тиісті шаралар қабылдайды. Бұл ретте, мемлекеттің басты міндеті – жастардың бастамаларына қолдау көрсету, сондай-ақ оларға өз мақсаттарына жету үшін мүмкіндік беру. Ал жастар өз кезегінде белсенділігін бір сәт саябырлатпай, өзінің білімі мен қайрат-жігерін еліміздің дамуына жұмсауы қажет.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.

* * *

Наталья ЕФРЕМОВА,

“Ардагер” қоғамдық қорының төрайымы.

Жастар арасында жұмыссыздық пен баспана мәселесі жылдар бойы түбегейлі шешімін таппай келеді. Бұл күрделі мәселелердің күрмеуі қашан толық шешілері де беймәлім. Дегенмен, Үкімет бұл бағытта жастарға қарай тағы бір қадам жасады. Үкімет отырысында қабылданған “Қазақстан – 2020: Болашаққа жол” мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамаcында биылдан бастап ел жастары мемлекеттік деңгейдегі қолдауға ие болмақ.

Тұжырымдама білім алушы ғана емес, барлық санаттағы жастарды қамтиды. Мемлекет жастарды жұмысқа орналастыруға, оларды оқытуға және қайта даярлауға, қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге, жол жүру мен тамақтануға субсидия бөлуге бағытталған шаралар ұйымдастырады.

Ал жұмысқа орналасу бойынша өзгеше әдіс қолданылады. Оқу орындарында маман даярламас бұрын әуелі жұмыс берушілердің сұранысы ескеріледі. Содан кейін ғана қажетті мамандық бойынша білім берілмек.

Жалпы алғанда, бұл тұжырымдама жастар саясатын жүзеге асырудың жүйесін жетілдіруге бағытталған. Яғни, құжатта жастарды толғандыратын мәселелерді шешудің жолдары мен негізгі бағыттары көрсетіледі. Ал көкейкесті мәселелерді шешуге әрбір азамат талпынып, өз үлесін қосуы керек. “Қашан мемлекет келіп, менің мәселемді шешіп береді” деп, қол қусырып қарап отырғаннан гөрі, әр адам өзін толғандырған мәселелерді шешудің жолдарын ұсынып, бұл іске атсалысуы қажет.

Қазір ел жастары болашаққа батыл әрі ашық көзқараспен қарайтын деңгейге жетіп отыр. Сол себепті жастардың алдына ауқымды міндеттер қойылуда. Басты бағытымыз бен ұранымыз бәсекеге қабілетті Қазақстан құру болып табылады. Өйткені, жастар елдің бет-бейнесін қалыптастыруда, жаңа идеялар ұсынуда және жаңғыртуда қозғаушы күшке айналуы шарт. Бұл – Елбасының жастарға артқан сенімі. Ендеше олар сенімді ақтау, ел мүддесі үшін аянбай еңбек ету – болашақты баянды етудің жолы екенін түсінулері керек.

Бұл ретте мемлекеттің басты міндеті – жастардың бастамаларына қолдау көрсету, өз мақсаттарына жету үшін мүмкіндік беру. Ал жастардың міндеті – берілген мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана білу.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp