Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Петропавл қаласының тұрғыны Виктор Никонов қазір жұмыссыз. Негізгі күнкөріс көзінен амалсыз айрылғаннан кейін бала-шағасын қалай асырарын білмей басы қатып жүрген жайы бар. Ай-күннің аманында жұмыссыз қалып, сергелдеңге ұшыраймын деу үш ұйықтаса түсіне кірмесе керек. Былай қараса, пәлені өзі тілеп алған секілді. Заңды білмеу басына сор болып жабысқан тәрізді. Петропавл қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (173 100 теңге) айып төлеттіріп, үш айға дейін кәсіпкерлік қызметпен шұғылдануға тыйым салу туралы шешімін (Әкімшілік кодекстің 375-бабы) облыстық сот өзгеріссіз қалдырды.
Әңгіме түсінікті болу үшін 2011 жылы қабылданған “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” Заңнан бастайық. Оның 9-бабында: “Діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға жол беріледі”, – деп жазылған. Осы ұйғарымға орай облыстық әкімдік діни мазмұндағы әдебиеттер сатумен айналысатын ғимараттардың тізбесін бекіткен. Тізімге жеке кәсіпкер В. Никонов енбей қалады.
Дін істері жөніндегі облыстық департаменттің бас маманы Болат Омаров жаңа заң талаптарын ескерместен, жұмыстарын жалғастырып келген тұлғаларға қатысты жаза қолданылғанын көлденең тартты.
– Жоспарлы рейдті ішкі істер департаментінің қызметкерлері жүргізді. Біз олардың тексеру қорытындысы негізінде хаттама толтырып, істі сотқа жолдадық. Тізімге ілікпей қалса, өздері кінәлі. Жергілікті құзырлы орынға өтініш түсірмесе, кімге өкпелейді? Қазір әр нәрсені сылтауратып, судан таза, сүттен ақ болғылары келеді. Арнайы рұқсаты бар 4 сауда нүктесі жұмыс істеп тұр. Өйткені, олардың иелері тиісті құжаттарды уақтылы рәсімдей алған. Енді тек заң аясында қызмет атқару міндеттілігін, оның талаптарын білмеу жауапкершіліктен босатпайтынын білетін болады. Басқалар да сабақ алады, – деді ол.
Виктор сау басына сақина тілеп алғанын мойындаса да, жазаның тым қатаңдығын айтып налиды. Ауыр айып арқалайтындай қандай қылмыс жасаппын? Экстремистік мақсаттағы әдебиеттер сатумен айналыссам, бірсәрі! Бар жазығым ислам мен православиелік христиандықты дәріптейтін кітаптар таратып, көпшіліктің бойына ізгілік қасиеттерін ұялатқаным ба? Бұған дейін бірде-бір рет тәртіп бұзбаппын. Әйеліме екі рет күрделі ота жасалған. Осы жайттар ескеріліп, жеңіл жазамен шектелсе де болар еді. Бәрінен де конституциялық еңбек ету құқымнан айрылып, отбасымның нәпақасыз қалып отырғаны жаныма қатты батады, – деген өкініші өзегін өртейді.
Мәселенің дәл осылай ушығып кетерін ешкім де күтпесе керек. Департамент бастығының міндетін атқарушы Әбу-Бәкір Кәрменов те отбасының жалғыз асыраушысына жаны ауырғанымен, қолдан келер қайран жоқтығын емеурінмен ұқтырды. “Мұндайға соқтырарын білгенде, бәлкім…”, – деп те қойды. Ішкі ойын ашып айтпады. Кәсіпкердің адвокаты Николай Федоров сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеп, Жоғарғы Сотқа жүгінуге бел байлап отыр. Оның айтуынша, В.Никоновтың иелігінде бір ғана сауда нүктесі бар. Жеке кәсіпкер деген аты ғана. Ұйымдық-бөлу, әкімшілік-шаруашылық функциялармен айналыспайтындықтан, басшылық лауазымға жатпайтыны ескерілмеген, сол себепті жеке тұлға ретінде жазаланып, 50 айлық есептік көрсеткіш айыппен ғана шектелуі тиіс еді деген пікірін білдірді ол. Мұндай мысалдар сот тәжірибесінде бар көрінеді.
Асырауында шиеттей баласы бар жалғызілікті ана А. Шилова да Никоновтың кебін киген. Олардың ендігі бар үміті – Жоғарғы Сот.