Өткен аптада 2 адамның өмірін жалмаған өрт оқиғалары орын алды.
Облыс орталығының Уәлиханов көшесінде орналасқан көппәтерлі тұрғын үйдің 4-қабатындағы бір бөлмелі пәтерде өрт шығып, оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндіру жасағы отты ауыздықтау барысында 62 жастағы пәтер иесінің мүрдесін тапты. Тергеушілердің айтуын-ша, өрт оқиғасы ер адамның мас күйде темекі тарту салдарынан орын алған.
Мереке күндері өрт оқиғалары көп тіркеледі. Халықаралық әйелдер күні облыста 7 өрт тіркелсе, оның бірінде бір адам көз жұмды.
Тайынша ауданының орталығындағы Астана көшесінде орналасқан тұрғын үй-ді өрт шалды. Өрт сөндіру кезінде 65 жас-тағы үй иесінің мәйіті табылды. Орын алған өрт үй жиһаздарымен қоса баспана төбесіне де зақым келтірді. Өрттің шығу себебі – жалғыз тұратын қарияның ауылдас келіншекпен мерекені тойлауы. Ішімдікке мас болған келіншекті оттан алып шыққан өртсөндірушілер оны жер-гілікті медициналық қосынға жеткізген. Алайда, зейнеткерді аман алып қалу мүмкін болмады.
Облыс орталығындағы сапаржайда “Петропавл-Қостанай” бағытында қатынайтын “Неоплан” мен Тобыл қаласына жүргелі тұрған “Хундай” автобустары толықтай жанып кетті. Бір-бірінен 60 см. қашықтықта тұрған автобустардың салонында жолаушылар болмаған. ТЖ мамандарының айтуына қарағанда, тілсіз жауға “Неоплан” автобусының двигателінің сымдарының қысқа тұйықталуы әсер еткен. Шыққан өрт көрші тұрған автобусқа ауысқан. Өртті ауыздықтау барысында сапаржайдың алаңынан 120 адам, оның ішінде 15-і – бала қауіпсіз жерге жеткізілді.
Карьер көшесіндегі қалалықтар өз кінәсінен оттан зардап шеккендер тізіміне ілікті. Пештен шығарылған күлді жазғы асхананың ағаш еденіне төге салған келіншектің бұл әрекеті өрт шығуына себепкер болды. Бақытына қарай үй иесі аман қалды. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер отты тез арада ауыздықтады.
Облыс бойынша пештің кінәсінен туындайтын өрт оқиғалары әлі де тіркелуде. Мысалы, пешті жағу барысында қауіпсіздік техникасы сақталмағандығынан Мамлютка қаласындағы, Петропавл қаласының Урожайный қысқа көшесінде және Копайдағы жеке тұрғын үйлерден өрт шықты.
Сондай-ақ Уәлиханов ауданының орталығында орналасқан екі қабатты тұрғын үйде өрт шығып, теледидар, тоңазытқыш және тағы басқа үй жиһаздары отқа оранды. Белгілі болғаны – үй иесі газ баллонын ауыстырғанда редуктордың айналасындағы резеңкесін салмаған. Үй ішіне көп мөлшерде таралған газ тұтанып, үй жиһаздарын өрттеген.
СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.
СУРЕТТЕ: Петропавл сапаржайында өртеніп кеткен автобустар.