«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НҰРОТАНДЫҚТАР ЕҢБЕККЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Елбасы, “Нұр Отан” ХДП-ның Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияластарына еліміздің 2050 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламасының басты мақсаттарын халыққа түсіндіру жұмысын күшейтуді тапсырған болатын. Осыған орай кеше еліміздің түкпір-түкпірінде партияның орталық аппараты қоғамдық қабылдау өткізді. Оның солтүстікқазақстандық филиалының белсенділері өңіріміздегі іргелі өндіріс орындарында болды.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов басқарып барған нұротандықтар алдымен “Мұнаймаш” АҚ-ға ат басын тіреп, ондағы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысып, өндірістегі еңбек адамдарының тыныс-тіршілігі назарға алынды.

 

Ұжымдағы ахуал және өндірістегі еңбек адамына қамқорлық туралы зауыттың кәсіподақ ұйымының төрайымы Нина Овсянкина сөз етті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда кәсіпорында 139 адам еңбек етсе, оның 136-сы – кәсіподақ ұйымына мүше. Мұнда ұжымдық шарт жасалып, әлеуметтік көмек көрсетіліп тұрады. Сондай-ақ зауыт әкімшілігі еңбекшілер мен қызметкерлердің игілігі үшін жаттығу залын, жуынатын орын, асхана ашқан. Енді биыл футбол алаңын жасамақ.

Былтыр акционерлік қоғамның кәсіподақ ұйымы жалпы ұжымдық іс-шараларға 11 миллион 172 мың теңге жұмсапты. Осылайша әкімшілік пен кәсіподақ ұйымы жұмысшылардың еңбек етуіне қолайлы жағдай жасап отыр. Бір сөзбен айтқанда, жұмысшылар мен қызметкерлердің шеше алмай жүрген мәселелері жоқтың қасы. Олар өздерін толғандырған бір ғана мәселе бойынша нұротандықтардың араласуын өтінді. Бұл – қала орталығынан өндіріс орнына қатынайтын жол мен көлік мәселесі. Олардың айтуынша, қаланың шетіндегі өндіріс аймағында орналасқан кәсіпорынға қатынайтын жолдардың сапасы нашар, ал жаяу жүргіншіге арналған жол мүлдем жоқ. Осы бағытта қатынайтын жалғыз №23 автокөліктің аялдамасы зауыт еңбеккерлері үшін өте қолайсыз. Қайрат Бекенов өз кезегінде бұл мәселенің шешімі табылатынына сендірді. Сондай-ақ ол кез келген азамат өзін толғандырған сауалдар бойынша “Нұр Отан” ХДП-ның СҚОФ-ның қабылдауына жазылып, өтініштерін айтса құба-құп, деді.

Жиын соңында сөз алған “Мұнаймаш” АҚ басқармасының төрағасы Сергей Григоренко зауыттың бүгінгі жағдайы жақсы екендігіне тоқталды.

– Биыл да тапсырыс мол. Бұл – жыл бойы өндіріс қарқынды жұмыс істейді деген сөз. Әрі еңбеккерлер үшін үзілмейтін табыс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендік саясатының арқасында өз жұмысын атқара білетін кәсіпорындар дұрыс бағыт таңдай білді, – деді Сергей Григоренко.

Аталмыш кәсіпорыннан кейін нұротандықтар “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ-ның тыныстір-шілігімен танысты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp