«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СПАРТАКИАДАДА СОЛТҮСТІКҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ЕРЛЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында Қазақстан Республикасы мектеп және колледж оқушыларының VI қысқы спартакиадасының салтанатты жабылу рәсімі өтті.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Жиында сөз алған облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Руслан Нұрмұхамедов спартакиадаға қатысушыларды аталмыш шараның аяқталуымен құттықтады.

– Өскелең ұрпақ арасында саламатты өмір салтын насихаттауды көздеген спартакиадада 500 мыңға тарта шәкірт мүмкіндігін сынады. Сүрінбегендері ақтық ойындарға жиналды. Жыл сайын ерекше көңіл бөлінетін аталмыш дода өскелең ұрпақ арасында спорттың дамуына түрткі болады. Бұл – үлкен спортты таңдаған жастарға тамаша дайындық. Бұл жолы да мектеп және колледж оқушылары белсене қатысты, – деген ол балғын спортшылардың бұл сапардағы жетістіктері мұнымен тоқтамайтындығына сенім білдірді.

 

Ал ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының атқарушы директорының орынбасары, спартакиаданың бас төрешісі Бауыржан Рамазанов: “Ұлт денсаулығы – мемлекеттік маңызы бар мәселе. Дені сау халық – елдің байлығы. Бұл орайда бұқаралық спортты дамытудың мәні зор. Спартакиада алдымен осы мақсатты көздеді. Оқушылардың сабақтан тыс уақытта спорттық сайысқа қатысуы жақсы үрдіс әрі жарыс кезіндегі емін-еркін қатынас адамдарды бір-біріне жақындастырады”, – дей келе спартакиадада жеңімпаз атанған командаларға дипломдар мен кубоктар тапсырды.

Сайыстың қорытындысы бойынша жалпы есепте Қарағанды өңірінің құрамасы үшінші орын алды. Жеңіс тұғырының екінші сатысына қостанайлықтар көтерілсе, бас жүлдені ШҚО мен СҚО майталмандары өзара бөлісті.

Салтанатты шара барысында ҚР Білім және ғылым министрлігі ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы спартакиаданы жоғары деңгейде өткізгені үшін облыстық білім және спорт басқармаларының басшылары мен қаладағы мектеп директорларын Құрмет грамоталарымен, дипломдармен, алтын белгімен марапаттады. Олардың қатарында спартакиаданың басы-қасында жүрген облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің фототілшісі Амангелді Бекмұратов та бар.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp