«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАНДАЙ ҚАЙСАР ЕДІҢ, АНА!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Түркі, оның ішінде қазақ даласында әлемді таңдандырған абзал аналар аз болған жоқ. Әйгілі Кирдің басын алып, патшалық құрған Тұмар ханым, шығыс әйелдерінің патшайымы Тұрхан ханым, Шыңғыс ханды бұлтартпаған қоңырат қызы Бөрте ханым, Низами ғашық болып жыр арнаған қыпшақ қызы Аппақ сұлу, Ұлы жүздің ұлы анасы Домалақ ананың, жерлесіміз Есенейдің жары Ұлпан ананың қасиетті есімдерін білмейтін қазақ жоқ. Осы аналардың жалғасын бүгінгі таңда да кездестіріп, мақтанышпен айтуға болады. Жастайынан басына түскен ауыр тағдырға мойымай, өмірдің ауыр жүгін көтере білген, өмірлік жолдасымның анасы, балаларымның асыл әжесі, менің енем Қайыржан Базарқызының өмірінен сыр шертпекпін.  

Мәрзия ТІЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Мен осы үйдің тұңғыш ұлына тұрмысқа шыққанда енемнің бетіндегі әжімдеріне қарап, елулердің бел ортасына келген деп ойлағанмын. Ол кезде небәрі қырық жеті жаста ғана екен. Бұл әжімдердің әрбірінің сыры бар екенін содан кейін барып қана ұғындым.

 

Өмірімізде алдағы уақытта не күтіп тұрғаны бір Аллаға ғана белгілі. Енем жастайынан сүйіп қосылған жарымен бірге алаңсыз өмір сүріп, тоғыз баланы өмірге әкеліп, оныншы сәбилерін күтіп жүргенде өмірдің қатал сынына тап болады.

1978 жылы шілде айының соңғы аптасында найзағай жарқылдап, күн қатты қаһарланып күркіреген екен. Табиғат та сол күні біреуден өш алардай түнеріп, бір жамандықты сездіргендей болыпты. Атам күндегі әдетімен жұмыстан келіп, “комбайнды бригадаға апарып келемін” деп кеткеннен оралмайды. Сол күні ауыл адамдары оны іздеп таба алмайды. Келесі күні найзағайдан күн түсіп, жұбайы отыз алты жасында мәңгілік сапарға атанғаны жайында суық хабарды естіген сәтте, енеме өмір сол мезеттен тоқтағандай болып көрініп, тіпті, құрсағындағы сәбиден де айрылғандай сезінеді. Тұңғышы ол кезде небәрі он алты жаста, іштегі бала үш айдан соң аман-есен өмір есігін ашып, енем он баламен 35 жасында жалғыз қалады. Туған-туысқандары “он баланы жалғыз асырау қиын болады, сен оларды балалар үйіне тапсыр” деп ақыл айтқан көрінеді. Бірақ енем басқа түскен Алланың сынағын не болса да балаларыммен бірге көтеремін деп шешкен. Сөйтіп, балалардың алды қолқанат бола бастағанда көрші ауылдың мектеп-интернатына оқуға беруге тура келеді. Ол кезде Айтуар ауылында тек үш сыныптық бастауыш мектеп болыпты. Мектеп жасына толмаған балаларды үйге тастап, өзі кеңшардың жұмысын атқарған. Балаларын тәрбиелей отырып, жұмыстан да қол үзбеген. Аптаның соңғы күнін асыға күтетін ана қазан толтыра тамақ пісіріп, балаларын тағатсыздана тосатын. Балалары анасының ыстық сезіміне бөленіп, аялы алақанының арқасында әкелерінің жоғын сезінбей өскен.

Анамыз – қиын тағдырға мойымай, балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай бәрін де ел қатарына қосып, қызын – қияға, ұлын ұяға орнықтырған, үш ұл, жеті қыз өсірген Ардақты ана.

1990 жылдары елімізде болған өзгерістерге байланысты өмір сүру тағы да қиындай түскен еді. Жұмысшылардың еңбекақылары айлап-жылдап берілмеген кезде балалары ержетіп, қыздары тұрмыс құрар шақ еді. Сол кезде де анамыз ұл-қыздарына арнап, өз қолымен кілем, алаша тоқып, құрақ көрпе тігіп, ел қатарлы отау тігіп, ешкімнен кем қылмады. Бүгінде екі ұлы жеке отау тігіп, бала тәрбиелеп, қызмет жасап отырса, кенжесі қара шаңыраққа ие болып отыр. Ал қыздары да тұрмыс құрып, ата-ене бағып, көпбалалы ана атанып отырған жайлары бар. Енемнің басына түскен тағдырына қарсы тұра білген қайсарлығына тамсанамын, бұл – кез келген әйелдің қолынан келе бермейтін ерлік. Осындай берекелі де тату отбасына келін болып түскеніме қуанамын.

Қара шаңырақ иесі, келін-балалары алақандарына салып әлпештеген аяулы анамыз Қайыржан Базарқызы наурыз айының 15-ші жұлдызында 70 жасқа толды. Осы күні барлық отбасы бір дастарқан басында бас қосып, аналарына деген ыстық ықылас, ақ тілектерін арнады. Ер мен әйелдің жұмысын тең атқарып, барлық жастық ғұмырын бала тәрбиелеуге арнаған анамыз – бүгінгі таңда отыз немере-жиен, төрт жиеншар қызығына бөленіп отырған қымбатты жан. Өмірдің бар ауыртпалығына төзе білген анамыздың алдында бас иіп, ендігі қалған өмірінде балаларының қызығына ортақтас болып, арамызда бәйтеректей панамыз, данышпан данамыз болып әлі де жасай берсе екен деп тілейміз.

Қызылжар ауданы,

Архангелка ауылы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp