Облыстық әкімдік жанындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтіп, онда үш мәселе қаралды. Жиынға өңір басшысы Самат Ескендіров төрағалық етті.
Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Отырыс басында облыс әкімі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің СҚО бойынша департаментінің жаңа бастығын таныстырды. Бұл лауазымға Ерғали Нұрғожин тағайындалды. Ол орталық аппаратта департамент бастығы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің СҚО бойынша департаменті бастығының орынбасары болып қызмет еткен.
Пробация қызметінде есепте тұрған шартты түрде бас бостандығынан айрылғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету мәселесі жөнінде қылмыстық-атқару жүйесі департаметінің бастығы Мақсұт Жолмағамбетов есеп берді. Қазір аталмыш тізімге 90 сотталушы енгізілген. Олардың басым бөлігі – облыс орталығының тұрғындары. Бұл көмектен өз еркімен бас тартқан сотталушылар да бар екен. Олар пробация қызметі тарапынан әлеуметтік-құқықтық көмекті қажетсінбейді, өйткені өздігінен баспанамен, жұмыспен қамтамасыз етілген. Тәртіпті бұзғандардың жазасын қатаңдату жөнінен сотқа 12 материал жіберілген. Комиссия мүшелері пробация қызметі арқылы әлеуметтік-құқықтық көмек алатындардың санының аздығын алға тартты. Облыс прокуроры Степан Зайтлердің пікірінше, бұл көмекті өзге шартты түрде сотталғандарға да барынша тиімді қолдану керек. Қазір өңірде осындай тәртіппен жазасын өтеп жатқан 691 азамат тіркелген.
Сондай-ақ 2011 жылы тамызда бастау алған полицейлердің “Көршілер бақылауы” алдын алу бағдарламасының жүргізілу барысы талқыланды. СҚО ІІД-нің бастығы Мұрат Ұрұмханов атап өткендей, бағдарлама енгізілген жылы бұл мақсатқа 15 млн. теңге қаржы бөлінген. Тұрғындардың белсенділігі арқасында көптеген отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мүмкін болып отыр. 734 адам есепке алынған. 615 адамның тәртібі бойынша әкімшілік іс қозғалып, олар айыппұл төлеуге тартылған. Тіпті, бағдарлама аясында 2876 қоңырау қабылданып, 16 қылмыстың беті ашылған. “Бірақ бұл айтарлықтай көрсеткіш емес. Тұрғындардың белсенділігін арттыра түсу керек”, – деді өңір басшысы.
Комиссия отырысы соңында Тайынша және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың жергілікті атқарушы органдарының құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша атқарып жатқан жұмысы талқыланды. Бұл жөнінде екі ауданның әкімдері есеп берді. Өңір басшысы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі аудандық комиссиялар өз міндеттерін тек қағаз жүзінде емес, нақты іс-шаралар жүргізу арқылы орындаулары керек деп ескертті. Сондай-ақ әр салада құқық бұзушылықтың алдын алу қажеттігіне тоқталды. Бұл істе спорт, мәдениет бөлімдері де тыс қалмауы керектігі атап айтылды.