«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҚ ГЕНДЕРЛІК САЯСАТ – ұдайы назарда

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елена СТЕПАНЕНКО,

Мемлекеттік қызмет істері

жөніндегі агенттіктің СҚО бойынша басқармасының

бөлім бастығы.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда гендерлік теңдікке қол жеткізу бойынша көп жұмыс атқарылды. Қазақстан Республикасының Конституциясы кепілдік беретін гендерлік саясаттың негізгі қағидалары ерлер мен әйелдер үшін тең құқық пен еркіндікті белгілейді.

Ұлттық гендерлік саясат – еліміздегі демократиялық үдерістің ең маңызды құрамдас бөлігі. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап гендерлік теңдік мәселесі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұстанған саясаттың бір басымдығы болып келеді.

1995 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Отбасы, әйелдер және демографиялық саясат істері жөніндегі кеңес жұмыс істеген болатын. Кейін ол Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия болып қайта құрылды.

 

Мемлекет басшысының 2005 жылғы 29 қарашадағы Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы гендерлік теңдіктің 2006-2016 жылдарға арналған стратегиясы бекітілді. Стратегия мемлекеттің гендерлік саясатын жүзеге асыруға бағытталған негізгі құжат, ол мемлекет пен азаматтық қоғам тарапынан мониторинг жүргізуді жүзеге асырудың құралы және демократия құрудың маңызды факторы болып табылады. Стратегия билік құрылымдарындағы әйелдер мен ерлерді теңдестіруді қарастырады. Оларға экономикалық тәуелсіздік үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, өз бизнесін дамыту және қызмет бойынша өсу, білім беру саласына гендерлік білімді енгізу, өмір сапасын арттыру және тұрғындардың ұдайы өсімін қамтамасыз ету үшін жасөспірімдер мен әйелдердің, ерлердің репродуктивтік денсаулығын нығайту мен сақтау, жынысына қарай зорлық-зомбылық көрсетпей, отбасындағы міндеттер мен құқықтарды тең дәрежеде жүзеге асыру үшін жағдай жасау жатады.

Стратегияны жүзеге асыру мақсатында 2009 жылы қазақстандық заңнаманың гендерлік бағытын күшейтетін 2 заң қабылданды. 2009 жылы 4 желтоқсанда “Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы” Заң қабылданды, ол адамдар мен азаматтардың отбасылық-тұрмыстық қатынастары саласындағы заңдық мүдделері мен бостандықтарын, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесуде конституциялық құқықтарын қорғауға бағытталған. Қабылданған Заң әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу жолында шынайы құқықтық жағдай жасады.

2009 жылы 8 желтоқсанда ел Президенті “Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы” Заңға қол қойды. Заң мемлекеттік органдар басшыларына ерлер мен әйелдердің тәжірибелеріне, қабілеттеріне және кәсіптік даярлықтарына сәйкес мемлекеттік қызметке тең қолжетімділігінің қамтамасыз етілуін, олардың жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, сондай-ақ мемлекеттік биліктің заңнамалық, атқарушылық және сот тармақтарында тең серіктестік қатынастарының сақталуын міндеттейді.

Бұл заңның жетістіктерінің бірі – ерлер мен әйелдерге жынысына қарамай өмірдің саяси, экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық және мәдени салаларына қатысуларына тең құқық пен тең мүмкіндік бере отырып, шынайы қолжетімділікті қамтамасыз ететін құқықтық мәртебе ретінде “гендерлік теңдік” ұғымын заңнамалық тұрғыда бекітуі.

Гендерлік тең құқықтық саласындағы мемлекеттік саясат, әйелдердің экономикалық және саяси өмірге қатысуларының кеңеюі, әлемдік қоғамдастықта жоғары бағаға ие болды. Қазір Қазақстан гендерлік тең құқықтық бойынша жаһандану рейтингінде 135 елдің арасында 31-ші орыннан көрініп отыр. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының өте маңызды нәтижесі.

Қазақстанның БҰҰ-ның әйелдер мүмкіндіктерін кеңейту және гендерлік теңдік жөніндегі атқарушы кеңесіне сайлануы қазақстандық гендерлік саясат табыстылығының халықаралық мойындалуы болды. 2011 жылдың 5 наурызында Қазақстан әйелдерінің съезінде берілген Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру жөніндегі шаралар жоспары аясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі мемлекет пен қоғамның қарекеттерінің түрлі салаларында еңбекпен қамтылған, барынша дайындалғандар арасынан шешім қабылдау деңгейіне әйелдерді жылжыту бойынша 2016 жылға дейінгі іс-қимыл жоспарын әзірледі.

Жоспар қоғамдық-саяси саладағы гендерлік теңдікке қол жеткізу жөніндегі мәселелерді шешуді, соның ішінде әйелдердің саяси, экономикалық және мемлекеттің қоғамдық жұмысқа белсенді араласуын БАҚ-тарда насихаттауды қарастырады. Жоспарға сәйкес шешім шығару деңгейіндегі саяси қызметтегілермен қатар, әкімшілік мемлекеттік лауазымдағы мемлекеттік қызметтегі әйелдерді жоғарыға жылжыту бойынша ақпараттық жұмыс жүргізіледі. Осыған орай Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің облыстық басқармасында мемлекеттік басқару саласында гендерлік теңдікті көрсету бойынша ақпараттық жұмыс жүргізіледі, мемлекеттік органдарда “дөңгелек үстелдер” өткізіледі, онда Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның жетістіктері, еліміздің дамуы мен қалыптасуындағы әйелдердің рөлі талқыланады.

2013 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіш бойынша республиканың билік органдарындағы әйелдер саны – 48378 адам, бұл мемлекеттік қызметшілердің нақты санының 55,7%-ын құрайды және 2012 жылдың 1 қазанындағы көрсеткішпен салыстырғанда 0,03%-ға, соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында 2964 (немесе 64%) артқан. Сондай-ақ саяси мемлекеттік қызметтегі әйелдер үлесі 17%-ды немесе 33 адамды құрап, шешім қабылдау деңгейінде жұмыс істейтіндер 28%-дан асқан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp