«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРДІҢ БҰРЫНҒЫ БАСШЫСЫ Сенат депутаты болып сайланды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚР Парламенті Сенатының шығып кеткен депутатының орнына сайлау өтті.

 

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттар ретінде М.Жұмабаев пен Тайынша аудандары мәслихаттарының атынан түскен уақытша жұмыссыз Серік Біләлов пен өзін-өзі ұсынған облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Қабиден Сәдуақасов тіркелген болатын. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өткен сайлауға өңіріміздегі барлық деңгейдегі мәслихаттардың 212 депутатының 207-сі қатысты. Бұл сайлауды өткізуге толық мүмкіндік береді. Осы орайда облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Сақыпкереев аталмыш саяси шараның өту ережесін түсіндіргеннен кейін, ел қалаулылары өз таңдауларын жасады.


207 депутат түгел дауыс бергеннен кейін, пайдаланылмаған 7 бюллетень сайлау комиссиясы арқылы жойылған соң, урналар ашылды. Дауыс берушілер мен қатысушылардың көз алдында сайлау бюллетеньдері саналды. Оның нәтижесі бойынша ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттар Серік Біләловке – 180, ал Қабиден Сәдуақасовқа 21 дауыс берілді. 6 бюллетень жарамсыз деп танылды. Белгіленген ережеге сай дауыс санағының нәтижесін комиссия қарап, хаттамаға енгізіп, оған төраға мен комиссия мүшелері қол қойғаннан кейін ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып сайланған Серік Біләлов пен депутаттыққа үміткер болған Қабиден Сәдуақасов дауыс берушілермен кездесті.

 

– Маған дауыс беріп, сенім білдіргендерге өзімнің және отбасымның атынан алғысымды білдіремін. Білімім мен осы күнге дейін жинаған тәжірибемді еліміздің өркендеуіне, өңіріміздің әлеуетінің өсуіне бағыттаймын. ҚР Парламенті Сенатының депутаты ретінде белсенді жұмыс істеп, Сіздерді толғандырған мәселелерді шешуге өз үлесімді қосамын, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып сайланған Серік Біләлов. Ал облыстық мәслихаттың хатшысы Қайырлы Едіресов оған жергілікті мәслихаттар депутаттарының атынан игі тілегін білдірді.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp