«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАМ ТАҒДЫРЫН ТӘРБИЕ ШЕШЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың хас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі”.  

Әл-Фараби.

Баланы өмірге бейімдеуде мектеп, ата-ана, ұстаз, тәрбиешінің бірігіп атқарған жұмысы өз нәтижесін берері анық. Өзім тәрбиеші ретінде оқушылармен, ата-аналармен, сынып жетекшілерімен тығыз байланыста болып, оларды сыныптық және қоғамдық іс-шараларға тарту үшін жүйелі жұмыс жүргізуге тырысамын. Әр оқушының жеке басының қасиетін, психологиялық ерекшелігін, жан-жақты бақылап зерттеу, олардың өмірге деген көзқарасын қалыптастыру, қабілетін және танымдық қасиетін дамытуға көп көңіл бөлемін. Ата-аналармен жиналыс өткізу кезінде тақырыптық мәселелер қозғап, оқушылардың құқықтарын және әлеуметтік жағдайын қорғауға, тәрбиешілердің сабақтарына қатысып мұғалімдермен тығыз байланыста болуға тырысамын. Осы орайда мектебімізде “Ата-аналардың педагогикалық білім университеті” ашылып жаңа жобаларды іске асыра бастады. Ата-аналар жиналыстарында баланың білімі мен тәртібі ғана талқыланып қоймай, туғандарының өз баласына жаңаша көзқарасы қалыптастырылады. Мектеп-ата-ана-оқушы үштігінің тығыз байланыста жұмыс істеуіне мүмкіндіктер беріледі. Мысалы, отбасы тәрбиесіне қатысты “Мен қандай анамын?”, “Жақсы әке бола білемін бе?”, “Отбасындағы балаға деген ықыластың түрлері”, “Ата-ананың өз баласын қабылдау түрлері”, “Отбасындағы балаға деген қамқорлықтың түрлері” және т.б. қызықты тақырыптарда тренингтер, сауалнамалар, әңгімелер, таныстырылымдарды қорғаулар өткізіліп тұрады. Мектепішілік мерекелерге баланың отбасын қатыстыру арқылы өткізілген іс-шаралар да мазмұнды. Солардың ішінде “Біздің отбасыда қалыптасқан дәстүрлер”, “Отбасы және мен”, “Отбасыдағы мамандық түрлері”, “Әжемнің сандығы сыр шертеді” тақырыптарында кіші жоба қорғау, ата-анасымен бірлесіп жүргізген шағын ізденгіштік жұмыстардың да рөлі ерекше. Осындай кездесулер мектеп пен отбасы арасында тығыз байланыс орнатуға, оқушылардың оқуы мен тәртібінде кемшіліктерді болдырмауға мүмкіндік береді. Бала отбасыда жеке тұлға ретінде дұрыс тәрбиеленіп, ата-ананың аялы алақанын, шынайы қамқорлығын көріп өскенде ғана дұрыс тәрбие алады. Ата-ана таңертеңнен кешке дейін жұмыста болғандықтан, баласын қалай жақсы көретінін дұрыс білдіре де, көрсете де алмайды. Біреуі баласын жақсы киіндіріп қойғанына, екіншісі қарны ашпасын тоқ болсын деп, қалтасына ақша салып бергеніне мәз. Тағы бірі өте қатал, айтқанын орындатады, бала қорыққанынан тыңдап, кейін ата-ана уысынан шыққан соң өзін-өзі ұстай алмайды. Мұғалім мен тәрбиеші оқушыны оның өміріне азық болар ең қымбат асыл қасиет – адамзаттық құндылықтармен, біліммен қамтамасыз етеді. Ендеше, бала тәрбиесінде ата-анадан кейінгі адам – мұғалім мен тәрбиеші. Бала тәрбиесі – қашанда өзекті мәселе. Бала білуге жаны құмар, еліктегіш, түсінбесе сұрағыш, көкірегі таза, сыншыл да шыншыл, өте нәзік жан. Оның сол қасиетін сақтау үшін жан-жақты тәрбие берілуі керек.

Жаңыл СЫЗДЫҚОВА,

Әбу Досмұхамбетов атындағы

облыстық дарынды балаларға мамандандырылған

гимназия-интернаттың тәрбиешісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp